Көңілден шығып та, шықпай жатқан да тұстары бар

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантпен оқытылып жатқан биыл оқу бітіруші түлектердің жұмыс беруші ұйымдарымен кездесуі өткізілді. Шараға сонымен қатар, облыстық білім басқармасы мен оның бөлімдерінің өкілдері, мансап және жұмысқа орналастыру орталығының қызметкерлері мен колледждердің және мектептердің директорлары қатысты.

Аталмыш университет 2014 жылдан бастап «Серпін» бағдарламасы аясында кадрлар даярлауға қатысып келеді. Қазіргі кезде жоғары оқу орны қабырғасында осы бағдарлама арқылы оңтүстік облыстардан 1600-ден астам студент білім алып жатыр. Ал, оның 377-сі биыл оқуын тәмамдайды. Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы мақсат оқу бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал етіп, оларға бос жұмыс орындарын көрсету және жұмыс беруші тараппен ынтымақтастық келісім жасау болып отыр.

«Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аталған оқу орны 14 педагогикалық мамандық бойынша білім береді. Шараға қатысып, оқу бітіруші түлектерге сәт сапар тілеген Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың сөзінше, бүгінде облыста дәл осы педагогикалық мамандықтары бойынша 163-ке жуық кадр тапшылығы бар.

– Ақмола өңірінде жыл сайын педагогикалық мамандық иелеріне сұраныс артып келеді. Биылғы жылы атап айтатын болсам, орта мектептер мен колледждерге 31 орыс тілі мен әдебиеті, 23 ағылшын тілі, 21 химия, 14 физика, 12 тарих, 6 георафия пәні және 5 бастауыш мектеп мұғалімдері қажет болып отыр. Облыстағы, әсіресе, шалғай елді мекендердегі сұранысты жабуға, сөйтіп, кадр мәселесін шешуге бұл «Серпін» бағдарламасының ықпалы зор, – дейді Ботагөз Балапайқызы шара барысында газетімізге берген сұхбатында.

Расында, басқарма басшысының орынбасары айтса айтқандай-ақ, елімізде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!», «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, іске асырыла бастаған жылдардан-ақ, өзінің жемісті нәтижесін бере бастады. Бағдарлама шеңберінде еңбек күшін артығымен жетіп отырған Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарының ауыл мектептерінің түлектерін оқытып, олардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселелері басым бағытқа негізделген. Алғашқы жылдары тек педагогикалық мамандықтар бойынша ғана іске асырылған бағдарламаның кейінгі жылдары ауқымы кеңейіп,  техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша да мамандарды даярлау қамтыла бастады. Бүгінде осы жылдар аралығында оқу орнына төрт мыңнан астам студент қабылданып, оның екі мыңға жуығы оқуын сәтті аяқтап, 1654 студент жұмысқа орналасты. Бүгінде осы бағдарламамен оқытылған 260 түлек өңіріміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жатыр.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы мансап және жұмыспен қамту орталығының әдіскері Бағлан Алмағанбетованың айтуынша, бүгінде оқу ордасында 23 білім беру бағдарламасы бойынша барлығы 1635 студент білім алып жатыр. Өткен оқу жылында университет қабырғасына  617 студент қабылданыпты.

– Ақмола облысындағы «Серпін» әлеуметтік жобасын сапалы әрі тиімді жүзеге асыру барлығымыз үшін де аса жауапты іс. Түлектерді тиімді жұмыспен қамту үшін университет негізінде «Мансап және жұмыспен қамту» орталығы жұмыс істейді. Біз сонымен қатар, 2024 жылдан бастап, университет аясында аймақтық жобалық кеңсесін аштық. Бұл кеңсені Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың өзі басқарады. Биылғы жылы жоғарыда айтылған 377 студенттің 319-ы педагогикалық, ал, 58-і техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуын аяқтайды, – дейді Бағлан Қайырханқызы.

Осы бағдарламамен оқытылған түлектер шарт бойынша екі жыл көлемінде Ақмола, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында жұмысқа тұрып, грантты өтеуге міндетті. Жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз етіледі. Бір сөзбен айтқанда, оларға барлық жағдай жасалған. Тек алдарына тиянақты білім алуды мақсат етіп қойса және бағдарлама шартына сәйкес аталған аймақтарда еңбек жолын бастауға ниеттері болса болды.

Әзір бұл мәселенің көңілден шығып та, шықпай жатқан да тұстары бар. Олай дейтініміз, оқу бітіргеннен кейін «Серпін» бағдарламасымен білім алғандардың біразы әртүрлі себеп-сылтаулармен келген жақтарына кетіп қалады.

Шара қорытындысында түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша университет пен мектеп директорлары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

сурет: baq.kz
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар