Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында түрлі ведомстволардың өкілдері қазіргі су тасқыны жағдайына қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, облыстың негізгі өзендеріндегі жағдай бақылауда.
–Қылшақты, Шағалалы, Мойылды және Сілеті өзендерінде тасқын шегі өтіп кетті. Алайда, су деңгейінің аздаған ауытқуы байқалуда. Бұл өзендердің жоғары сағаларынан, орман алқаптары мен сай-салалардан келген еріген судың жетуіне байланысты. Қазіргі уақытта Есіл, Жабай, Қалқұтан, Нұра өзендері мен олардың салаларында тасқынның белсенді фазасы жүріп жатыр, – деді мекеме басшысы Бақыт Мақажанова.
Атқарылып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, Қалқұтан және Жабай өзендеріндегі судың күрт көтерілуі әлі де алаңдаушылық тудырып отыр.
–Новокубанка ауылындағы Қалқұтан гидробекетінде тәулік ішінде су деңгейі 53 сантиметрге көтерілді. Гидробекеттің жоғары және төмен жағында мұз кептелістері байқалады. Ал, Жабай өзенінде, Балкашино ауылы маңында алты сағатта су 64 сантиметрге, ал, бір тәулікте 100 сантиметрге дейін көтерілді, – деп толықтырды өз сөзін Бақыт Мақажанова.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Рүстем Әбілов жол қызметтері де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.
–Облыс аумағында 78 көпір, 72 жол өтпесі және 1119 су өткізу құбыры бар. Су тасу қаупі бар 48 орын анықталған, оның 12-сі көпір мен 32-сі құбыр. Өткен жылы бұл нысандарға 30,5 миллиард теңге бөлінді, оның 20 миллиард теңгесі орташа жөндеу жобаларына бағытталды, – деді Рүстем Әбілов.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков автожолдардағы жағдайға түсініктеме беріп, су тасқыны кезеңіне сала мамандары қалай дайындалғанын баяндады.
–Қазіргі таңда облыс бойынша 181 көпір мен 3233 су өткізу нысаны бар. Арнайы техникамен және құралдармен жабдықталған бригадалар құрылды. Қолда 86 техника бар, сонымен бірге, 40 тонна жанар-жағармай және 5500 текше метр инертті материалдар қоры жасалып отыр. Тәулік бойы патруль ұйымдастырылған, ауылдық округ әкімдерінен тұрақты түрде ақпарат түсіп отырады, – деді Владимир Кулаков.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы су тасқыны кезеңінде автожолдарда 35 су тасу жағдайы тіркелген, оның 17-сі әлі де белсенді күйде.
–Олардың барлығы ерекше бақылауда. Су деңгейі түскеннен кейін бірденжолдарды қалпына келтіру жұмыстары басталады. Жалпы, 20 шақырым жолда 40-қа жуық учаске су тасқынынан зардап шекті. Үш көпір бүлінді. Қазіргі таңда олардың қайта қалпына келтірудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, – деп мәлімдеді.
Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасованың айтуынша, жыл басынан бері орталықтандырылған су көздерінен 1356 су сынамасы алынған. Оның 74-і микробиологиялық, ал, 178-і санитарлық-химиялық талаптарға сай келмеген.
–Ең жоғары сәйкессіздік көрсеткіштері Астрахан, Аршалы, Жарқайың аудандарында және Көкшетау қаласында тіркелді. Бұл жерлерде санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктердің үлес салмағы 85,4 пайызды құрап отыр, – деді ол.
Көкшетау қаласы мен оның маңындағы елді мекендерде су сапасына ерекше көңіл бөлінуде. 20 наурыздан бастап қала бойынша 27 су сынамасы зерттеліп, оның 15-і санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша талапқа сай болмаған. Краснояр кентінде судың иіс, дәм, түс және лайлылық көрсеткіштері бойынша нормадан асқан жағдайлары анықталған. Осыған байланысты Көкшетау қаласы мен аталған кентте таза су қоймаларына гиперхлорлау жүргізілді.
Барлық тиісті ведомстволар су тасқыны кезеңіндегі қауіп-қатерді азайтып, халық пен инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
4 Total Views , 1 Views Today