Сәбит Мұқанов – 125
Классик жазушымыз, ақын, қоғам қайраткері, академик Сәбит Мұқановтың туғанына биыл 125 жыл толады. Ол көзінің тірісінде халықтың сүйіктісіне айналып, терең құрмет пен жете танымалдылыққа ие болды.
Оның қазақтан шыққан қайраткерлерден өзіндік ерекшелігі бар еді. Әдетте, жазушылар тек бір ғана жанрда қаламдарын ұштаса, Сәбит Мұқановтың шығармашылығы поэзия, көркем шығарма, тарихи роман, публицистика сияқты жанрлардың бәрін қамтыды.
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Қазақ әдебиетінің аға жазушысы Сәбиттің аты – қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі. Сәбиттің «Теміртас», «Жұмбақ жалау» сияқты романдары сапа мен көркемдік жағынан қазақ көркем қара сөзінің елеулі үлкен дәуірін танытады. Қазақ романының тарихында талантты, өнімді жазушы Сәбиттің орны – бірінші орын. Оның аты бүкіл Одақ елінің оқушысына да мәлім және кеңес әдебиетінің ұйымдастырушысы есебінде де зор еңбегі бар адам» деген еді.
Сәбит Мұқанов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар, бұрынғы Ақмола губерниясы, Қызылжар уезі, Таузар болысына қарасты екінші ауыл деген жерде кедей отбасында 1900 жылы 13 сәуірде (26 сәуір) туған. Сәбит Мұқановтың өзі жазғанындай, «Қалың шөп пен қызғалдақ басқан жазық дала, әр жерде шоқ-шоқ болып өскен қайың мен терек аралас жасыл мекендер, өзен бойында жайқалған қамысты аралдар – бәрі де туған жердің ерекше көрінісі». Кейінірек «Өмір мектебі» трилогиясында ол сол аймақтың табиғаты мен адамдары туралы егжей-тегжейлі айтып, Отанға, қоршаған әлемге және халыққа деген сүйіспеншілігін жеткізеді.
Сәбит Мұқанов жастайынан жетім қалып, соның ауыр зардабын тартады. Оны туысқандары асырап алғанына қарамастан, байлардың үйінде отыншы, сушы, қойшы, жылқышы болып, күнін көреді. Ауыл молдасынан сауатын ашып, кейін 15 жасынан халық ақындарының шығармаларынан және өзі кездейсоқ тауып алған ұлы Абайдың өлеңдер жинағынан алған әсермен өзінің алғашқы өлеңдерін жаза бастайды.
Жасөспірім кезі Қазан революциясымен тұспа-тұс келіп, болып жатқан оқиғалардың бел ортасынан көріне жүріп, мұғалімдік курсты да оқып алады. Мұның бәрі жазушының «Өмір мектебі» романында кеңінен қамтылған.
1920-шы жылдары Сәбит Мұқанов алғашқы прозалық шығармаларын жаза бастайды. 40 жыл шығармашылық жолында ол көптеген әңгімелер, очерктер, повесть, романдар жазып қалдырған. Соның ішіндегі ең танымал шығармасы «Ботагөз» романы деп есептеуге болады. Романның басты кейіпкері – Ботагөз қазақ әйелінің нәзіктігі мен қайсарлығының үйлесімі. Оның тағдыры ұлттық сананың қалыптасуындағы әйел рөлін айқын көрсететін таңғажайып үлгі. Ол тек махаббат пен отбасының ұйытқысы ғана емес, өз елінің намысы үшін күрескен қайраткер. Ботагөздің өмір жолы жетімдіктен басталып, әділетсіздікке қарсы күреске ұласқан ауыр жол. Бірақ, ол ешқашан мойымайды. Оның бейнесі арқылы Сәбит Мұқанов әйел адамның рухани күшінің, әділет пен еркіндікке деген құштарлығының биіктігін көрсетеді. Бұл бейне қазақ әйелінің тарихи жүгін, сол дәуірдегі қоғамдағы орнын қайта қарауға шақырған өз заманының елеулі жаңалығы еді.
Сәбит Мұқанов драматург ретінде де танымал. Оның пьесалары мен «Жеңіс күндері», «Ариаднаның жібі», «Сәкен Сейфуллин», «Шоқан Уәлиханов» операларының либреттосы бүгінгі күнге дейін қойылып келеді.
Өмірінің соңғы жылдары Сәбит Мұқанов қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың саяхатшы, ғалым және ағартушы ретіндегі ғылыми және әдеби мұрасын зерттеумен айналысты. Ұзақ жұмыстың нәтижесінде өмірге «Шоқан Уәлиханов», «Қашқария қызы» және аяқталмай қалған «Жарқыраған метеор» дилогиясы келді.
Тың игеру жылдарында ол өзін керемет публицист ретінде көрсетті. Оның очерктері қатардағы тың игерушілерге, кеншілерге, мал өсірушілерге, ғылым мен мәдениет қызметкерлеріне арналып, оқырман ілтипатына бөленді. Сәбит Мұқановтың өзін ғылым мен мәдениеттің қызметшісі деп те атауға болады, өйткені, ол ғалым, әдебиет тарихы мен теориясын зерттеуші, қазақ әдебиеті, эстетика, театр мен музыканың, мәдени мұра жанрларының қалыптасуы мен дамуы мәселелерімен айналысқан. Ежелгі халық дәстүрлерін, революцияға дейінгі қазақтардың шаруашылығы мен тұрмысын, олардың материалдық және рухани мәдениетін зерттейтін «Халық мұрасы» этнографиялық еңбегін жазған.
Бір сөзбен айтқанда, ол ең кең шығармашылық диапазоны бар адам еді. Сонымен қатар, Сәбит Мұқанов адал жар, асқар тау әке болды. Зайыбы Марияммен 47 жыл отасып, алты бала тәрбиелеп өсірді. Сөз бен қаламның шебері Сәбит Мұқанов рас, коммунистік идеологияны насихаттады, бірақ, сонымен бірге, ол әрқашан қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін, патриотизмді, гуманизмді, бостандықты сүюді, барлық халықтармен достықты және жарқын болашаққа деген сенімді биік қойып, соның жыршысы атанды. Оның шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған. Сәбит Мұқановтан қалған осынау мол мұраны жаңғыртып, дәріптеу қазіргі ұрпақ, біздің еншімізде.
Маржан ТӨЛЕУБАЕВА,
Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы
Ақмола облысының мемлекеттік архивінің ведомстволық
архивтерге бақылау жасау бөлімінің архивисі.
4 Total Views , 1 Views Today