Көкшетаудағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған қалалық кітапханада Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Орал Рахымовпен «Ұстаз – ұлағатты есім» атты тақырыпта оқырмандар жүздесуі болып өтті.
Шараға қазақ зағиптар қоғамының Ақмола облыстық филиалының мүшелері, сондай-ақ, қаламгер ұстаздың әріптестері мен жолдастары, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері қатысты. Кітапхана меңгерушісі Жадыра Нәбиқызының айтуынша, «Жанға шипа, көңілге медет кітаптар» атты кітапхана жобасы аясында белігілі тұлғалармен осындай кездесу шаралары өткізіліп тұрады. Бұл жолғы шара кітапхана оқырманы, екінші топтағы зағип жан, ұстаз әрі журналист Орал Қабыкенұлының шығармашылығы мен өмір жолына арналып отыр.
Саналы ғұмырын ұстаздық етуге арнаған Орал ағамыздың еңбек жолына қарап отырсақ, қызметін қарапайым мұғалім болудан бастап, мектеп директорының орынбасары, содан соң, директоры қызметіне дейінгі жолдармен жүріп өтіп, бар қажыр-қайратын жас ұрпақ тәрбиесіне арнапты. Бұрынғы Көкшетау облысының Көкшетау ауданына қарайтын Дөңгілағаш ауылында туып-өсіп, Шоқан Уәлиханов атындағы пединституттың физика-математика факультетін тәмамдап, Алқатерек ауылындағы орта мектептің мұғалімі болып, алғашқы еңбек жолын бастаған екен. Кейін Айсары орта мектебі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметінде болып, араға бір жылдай уақыт салып, осы мектептің директоры қызметіне кіріседі. Жан жары әрі өмірлік серігі Мәйкен Жуасова да ұстаздық жолды таңдаған жан. Бүгінде ауылдық, аудандық мәслихатқа депутат болып сайлана жүріп, ғұмыр бойы өз қызметтерін адал атқарған аяулы жандарды бүкіл Айсары жұртшылығы құрметтеп, «Білім беру ісінің озаты» атанған ұстаздарын шәкірттері де ұмытпай, сағынышпен еске алады.
Шараға қатысып, сөз сөйлеген зағиптар қоғамы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Батырхан Ахметов замандасы әрі досына өзінің жүрек жарды ақ тілегін жеткізді. Оның айтуынша, қаламгердің қаламынан туған «Дөңгілағаш – менің ауылым» атты кітабы туған жеріне адал перзент бола білген азаматтың сүйіспеншілігі мен махаббатын айқындайтын шығарма. Расында да, айтса айтқандай, бұл кітап талай адамның жанына шипа, көңіліне медет болуға тұрарлық дүние. Бізді қуантатыны осындай жандардың өмірге ұмтылысы. Қоғам дамуына үлес қосып, осындай тағылымды еңбек атқарып, өзгеге үлгі болып, белсенді өмір сүруді құптайтындығы. Байқасақ, қоғамда он екі мүшесі сау кейбір азаматтардан да артық еңбектеніп, айналасына пайдасын тигізіп жүрген мұндай жандардың саны жетерлік. Сол сүйсінтеді бізді.
Жылы жүздесуде сондай-ақ, «Альфа-2030» корпоративтік қорының директоры Владимир Селиванов, Бектұрған Рахымов, Болат Темірханов, Сайлау Ыбыраев сынды еңбек ардагерлері құттықтау сөз сөйлеп, Орал Қабыкенұлымен бірге өткерген есте қаларлық естеліктерімен бөлісті. Шара соңында студенттер қаламгер ұстазға сұрақтарын қойып, кешке қатысушылар шараны ән-жырмен өрнектеп әкетті.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.