«Қоғамдық келісім» алаңында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Respublica партиясы ұйымдастырған «Заң және тәртіп» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Кездесудің күн тәртібінде абстрактілі құқықтық тұжырымдар емес, кәсіпкерлер күнделікті бетпе-бет келіп жүрген нақты мәселелер қозғалды. Шараның басты мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтық қорғалуы, заңнамадағы өзекті өзгерістер мен шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды талқылау болды.
Талқылауға мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер, салық саласының мамандары, кәсіпкерлер және «Атамекен» ҰКП сарапшылары қатысты. Бірнеше баяндамадан кейін ашық диалогқа кезек беріліп, бейресми болса да мазмұнды әрі нақты пікір алмасу болды.
«Бүгін бұл жерде мемлекеттік құрылымдардың, кәсіпкерлердің, заңгерлердің, сарапшылар мен БАҚ өкілдері бас қосып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Заң мен құқықтық тәртіп – қоғам мен бизнестің тұрақты дамуының негізі». Бүгін біз осы негіздер жайында сөз қозғаудамыз. Баршаға түсінікті әрі ашық болуы тиіс ережелер туралы айтып отырмыз», – деді Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Даниярбек Нұрсейітов.
Кейін кездесуге қатысушылар өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына не кедергі келтіріп тұрғанын, бақылаушы органдардың әрекет етуі қандай деңгейде екенін, заңға енгізілген өзгерістерден кейін іскерлік ахуал қаншалықты өзгеріп жатқанын талқылады.
Сөз алғандардың қатарында Respublica партиясының облыстық филиалының төрағасы Алмат Тоқмағамбетов, Кәсіпкерлік басқармасының өкілі Индира Айсина, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастырушылық-құқықтық бөлімінің басшысы Дидар Ергебеков болды. Сонымен қатар, Салық кеңесшілері палатасының төрағасы Бахыт Сұлтанов пен директорлар кеңесінің мүшесі Марат Сауырбаев өз пікірлерін білдірді.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрайымы Валентина Геращенконың сөзін қатысушылар ерекше ықыласпен тыңдады. Оның баяндамасында сын ғана емес, нақты ұсыныстар да болды.
«Заң үстемдік құрған жерде инвестиция келеді. Сол жерде бизнес дамиды. Адамдар қорықпай, өз ісін ашып, жаңа жұмыс орындарын құрады», – деп түйіндеді модератор.
Кездесудің жалпы атмосферасы – ұстамды оптимизм. Мәселелер бар, бірақ оларды шешуге болатынына сенім де жоқ емес.
Іс-шара барлық қатысушыларға алғыс айтумен аяқталды. Басты қорытынды: құқықтық мемлекет – жай ғана ұран емес, бұл күнделікті бірлескен жұмыс. Ал мұндай ашық диалог алаңдары – нақты өзгерістерге апарар алғашқы қадам.