Кітап апталығы
Мектеп оқушыларының көктемгі каникулының соңғы күндері қалалық орталық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасында «1 сәуір – Балалар кітабы» апталығының ашылуына орай, «Кітап апталығы – қуаныш пен шаттық» атты салтанатты іс-шара өткізілді.
Шараның мақсаты, ақын-жазушылардың шығармашылықтарын насихаттау, олардың қаламгерлік қызметіне құрмет көрсету, адам өміріндегі кітап пен кітап оқудың маңызы жайында ақпарат беру, сонымен бірге, балалардың ой-өрістерін кеңейту және танымдық, белсенділік қабілеттерін арттыруға ықпал ету екендігі оқырман қауымға түсінікті болар.
Апталықтың ашылу салтанатына №6 мектептің оқушылары мен ұстаздары қатысты. Кітап апталығының негізгі кейіпкері, кітап рөлін сомдаған №13 мектептің 6 сынып оқушысы Саят Жаңабай мерекенің шығу тарихы мен мәні туралы әңгімелеп берді. Оқырмандар апта бойы жүргізілетін іс-шаралар жоспарымен таныстырылды. Ертегі кейіпкерлері өздерінің дайындаған викториналық сұрақтарын, ойындарын өткізді.
Мерекелік іс-шара соңында кітапқа оқырмандарға кітапхана қорындағы әр түрлі жанрдағы кітаптар ұсынылды. Қатысушылар кітап оқудың пайдалы, қызықты екендігіне көз жеткізді. Кітап апталығы оқырмандарға жаңа білім, сонымен қатар, жақсы көңіл-күй сыйлады.
Апталықтың екінші күні «Мәдина» балабақшасының бүлдіршіндеріне арналды. Кішкентай оқырмандарды рухани қазына орталығындағы кітап мерекесімен таныстыру арқылы балаларды кітапқа деген сүйіспеншілікке және ұқыпты қарым-қатынасқа баулыдық. Өздерінің бастапқы білімдерін олар «Сөзжұмбақтар» және «Ертегідегі иллюстрация» байқауларында, «Кітап нені ұнатады және нені ұнатпайды?» атты тапқырлық ойынында жақсы көрсете алды. Шара соңында жаңа кітаптардың құпиясымен танысты.
Тағылымы мол, әсерлі апталықты қорытындылай келе, ұйымдастырушылар белгілі бір дәрежеде кітап оқуды танымал ету, барлық қатысушыларды түрлі бағыттардағы әдебиеттерді оқуға тарту міндеттерін шеше білді. Іс-шараға белсене қатысып, өздерінің алғырлықтарымен, тапқырлық өнерлерімен танылған оқырмандарымыз Саят Жаңабай, Бастами Арлан, Айғожа Малика, Самиғолла Малика,Тұрсын Айлин, Таймыс Әлинұр, Қабдолла Мәди алғыс хаттармен және шағын сыйлықтармен марапатталды. Ата-аналар тарапынан жылы лебіздер, жақсы тілектер айтылды.
Кітапхана жұмысына қолдау танытып, серіктестік қызмет жасап келе жатқан мектеп ұжымдарына да алғысымыз шексіз. Мектеп ұстаздары Алтынай Нығметжанқызына, Зада Бапалқызына, балабақша әдіскері Ләззат Қабышеваға оқырман мен кітапхана арасында алтын көпір болып, жол сілтеп жүргендері үшін алғыс білдіреміз. Кез-келген іс-шара тек оқырмандармен ғана танымды, сапалы және әсерлі өтері сөзсіз. Кітапханамыздың осынау үлкен іс-шарасы «Көкше» телеарнасынан көрсетіліп, оқырмандарымыздың жетістіктері мен қуаныштарын ата-аналары, ұстаздары тамашалап, көзайым болды. Бұл оқырмандардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын одан сайын арттырып, кітап оқуға сүйіспеншілігін оятты. Әрбір іс-шараға оқырмандарды осылай тарта отырып, біз олардың санын арттырып, кітапхана тынысын жандандырып, білім көкжиегін кеңейтуге ықпал етеміз. Кітапханамызда рухани құндылықтарымызды насихаттайтын, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын оятатын осындай көпшілік іс-шаралар мен кітап оқитын оқырмандарымыздың қатары көп болғай.
Бақытгүл ҒАЛИЕВА,
Көкшетау қалалық орталық балалар және жасөспірімдер
үлгілі кітапханасының меңгерушісі.