Тасқынға – тосқауыл
8 сәуірде еріген қар суының республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды кесіп өтуінен облыстың 24 елді мекені көлік байланысынсыз қалды. Су тасқынының салдарынан қатынастан айырылған ауылдардың тіршілігін қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмек, азық-түлік және басқа да қажетті тауарлар жеткізілді. Уақытша жол белгілері мен бақылау бекеттері орнатылды.
Апаттық-құтқару жұмыстарына 500-ден астам адам, 300-ден астам техника, 50 мотопомпа және 16 моторлы қайық жұмылдырылды. Сонымен қатар, Астана қаласы, Қарағанды облысы Қорғаныс министрлігі гарнизондарының, сондай-ақ, облысымыздың аумақтық қорғаныс бригадасының күштері мен құралдары тартылды.
Астрахан ауданындағы тоғыз ауылмен байланыс болмай қалды. Олар Старый Колутон, Акимовка, Жаңатұрмыс, Ягодное, Новый Колутон, Қаракөл, Еңбек және Оксановка ауылдары.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Колутон өзені тасымас бұрын Старый Колутон ауылынан 20-дан астам адам, оның ішінде қарттар мен жүкті әйелдер қауіпсіз жерге көшірілді. Кіре берісте тәулік бойы жұмыс істейтін пост қойылып, құтқарушылар қайықтарда кезекшілік етіп, не қажеттің барлығын су арқылы жеткізуде. Төтенше жағдайды болдырмау үшін Старый Колутон елді мекеніне электр қуатын беру уақытша тоқтатылды.
Құтқарушылар мен Төтенше жағдайлар министрлігі еріген қар суын ауыздықтау үшін барын салуда. Жағалау сызығын нығайту және одан әрі су басудың алдын алу үшін мыңнан астам инертті материалдар төселіп, бірнеше жүз текше метр еріген су сорылды. Авариялық-құтқару жұмыстарына 70-ке жуық төтенше жағдай қызметкерлері мен жиырмаға жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Ескі Колутоннан 4 сәуір күні кешке кіреберіс жолдың арғы бетінен асып кеткенге дейін бірінші болып 81 жастағы Нина Семибратова шықты. Су тасқыны кезінде егде әйел Астрахандағы агробизнес және қызмет көрсету колледжінің жатақханасына орналастырылды. Оның үйі төменгі көшеде орналасқан, өткен жылы да су басқан болатын.
– Мен өз үйімде қалып, су басқанын күтпеймін деп шештім. Сол күні түнде су жолға шығып кеткен. Өткен жылы мемлекеттен ақша алдым, күйеу балам мен қызым жөндеуге көмектесті. Олар сонда тұрады, бірақ, жоғарғы көшеде. Олар маған фотосуреттерді жіберді, ас үйде және қоймада еденнің астына су келген. Енді не болатынын білмеймін. Әкімдік бізді көмексіз қалдырмайды деп сенемін. Шынымды айтсам, мен Старый Колутонға қайтып бармас едім, Астраханкадағы кез-келген баспанаға келісер едім. Аудан әкімінің орынбасары осында келіп, менімен сөйлескеннен кейін, біраз тынышталдым. Енді судың басылуын күту керек, содан кейін шешім қабылданатын шығар, – дейді үйін су басқан Нина Павловна.
Тұрғындардың басым көпшілігі қараңғылықтың ұзаққа созылмайтынын біліп, ауылда қалып отыр. Барлық жануарлар қауіпсіз жерге көшіріліп, ал, тұрғындар туыстары мен тамыр-таныстарының үйлеріне қоныстанды. Өйткені, бұл, өкінішке орай, бұл елді мекенде жиі қайталанатын әдеттегі жағдай. Ауылдан тыс жерде жұмыс істейтіндерді құтқарушылар қайықтармен тасымалдайды. Кешке қарай, қараңғы түспей, үлкен мұздардың қаупіне кездеспеу үшін, сақтықпен кері жеткізіледі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бақытжан Алашовтың айтуынша, Старый Колутон тұрғындарымен әңгімелесу барысында талаптар мен шағымдар болмаған. Одан бөлек, мұнда Төтенше жағдайлар министрлігі әскери бөлімдерінің бірінен күштер мен құралдар жіберілді. Апат салдарын барынша азайту үшін барлық тиісті шаралар қабылдануда. Алдағы бір-екі күнде су деңгейінің біртіндеп төмендеуі күтілуде.
– Бізге су бес ауданнан, Шортанды, Ақкөл, Бұланды, Бурабайдың бір бөлігі және Сандықтау аудандарынан келеді, – дейді Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсейітов. – Ескі Колутонға қатысты мұндай жағдай алғашқы рет емес. 2014 және 2017 жылдары да осындай жағдайға тап болдық. Алайда, былтырғымен салыстырғанда су әжептәуір аз. Тұрғындар арасында дүрбелең жоқ, барлығы судың келуіне дайын болды. Тұрмыстық техника мен жиһаздар биіктетілді. Су тартылған соң комиссия құрылып, барлығы жазылып, шығын есептелетін болады, – дейді аудан басшысы.
Жергілікті билік Ескі Колутонда қанша үйді су басқанын нақты көрсетпейді, өйткені, қазір ең бастысы – шығынды есептеу емес, оны барынша азайту үшін барлық шараларды қолдану. Мәселен, өткен жылғы көктемде ауданның он бір ауылында 190 тұрғын үйді су басқан болатын. Биылғы су тасқынына дайындық қарсаңында елді мекендер мен автомобиль жолдарында өткен жылғы жағдайды ескере отырып, 18 іс-шара атқарылды. Оның ішінде, атап айтқанда, Старый Колутон және Ягодное ауылдарына кіре берістердегі сайларда жол жиектерін нығайту және жол төсемін салу көзделген. Сондай-ақ, еріген сулар өтетін Жалтыр, Колутон, Степное, Жаңатұрмыс, Еңбек, Оксановка және Первомайка ауылдарындағы қорғаныс жағалауларын салу және нығайту жұмыстары жасалды. Зеленое ауылындағы табиғи сайды тазарту, оның өткізу қабілетін арттыру, ауыл ішіне диаметрі 1,5 метр қосымша су өткізгіш құрылысты орнату қолға алынуда.
Ауданда 8 сәуірде қардың қарқынды еруіне және егіс алқаптары мен орман алқаптарынан ағып жатқан суға байланысты «Новый Колутон-Журавлевка» облыстық маңызы бар автомобиль жолында ұзындығы 50 метр, тереңдігі 15 сантиметр болатын су тасқыны тіркелді. Ал, аудандық маңызы бар жол Колутон өзенінің арнасынан өтеді. Ол Ягодное ауылына жақындағанда шамамен бір шақырым, тереңдігі 60 сантиметр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы кезекшілікте тұр. Қажет болған жағдайда адамдар қайықпен тасымалданатын болады. Первомайка ауылына кірер жолда да көлік қозғалысы жабық, оның су толу ені 300 метр, тереңдігі 30 сантиметр. Сондықтан, «Каменка-Новочеркасское» баламалы облыстық автожолын пайдалануға болады. «Старый Колутон-Колутон», «Новочеркаское-Қайнар», «Қаракөл-Новый Колутон», «Жалтыр-Макинск» және «Новый Колутон-Ақкөл-Азат-Минский» автожолдарының учаскелерінде көлік қозғалысы тоқтағаны хабарланды.
Алексей ЧАЙКА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Астрахан ауданы.
Суреттерді түсірген Алексей ЧАЙКА.