Жабай өзені биыл жылдағыдан тыныш…

Баспасөз туры

Өткен демалыс күндері Атбасар қаласының көктемгі су тасқыны кезеңіндегі жағдайын бақылау үшін өңірлік коммуникациялар қызметі жанынан БАҚ өкілдері үшін баспасөз туры ұйымдастырылды.

Аймақтағы Жабай өзенінің бүгінгі жай-күйімен және су тасқыны кезеңіндегі ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен газет тілшісі арнайы танысып келдік.

Бұған дейін ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты еріген қар суының күшейгені себепті Атбасардағы Жабай өзеніндегі су деңгейінің жоғарылағаны хабарланған еді. Осыған орай бір топ БАҚ өкілдері өзен жағалауына барып, су деңгейін бақылап қайттық. Қала маңынан орын тепкен көпір аумағына барғанымызда ол жерден аудан әкімі Кенеш Әлімжановтың өзін кездестірдік. Аудан әкімі бүгінде өңірде жалпы жағдайдың тұрақты екенін айтып, қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

– Бұған дейін барлық талаптарға сай ауданда су тасқыны шараларының алдын алу және болдырмауға байланысты ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жабай өзенінің алты шақырымға жуық арнасы мен түбі тереңдетіліп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің өз басшылығымен және қолдауымен атқарылған бұл жұмыстың нәтижесі өте зор болды. Қазір өзенге қосылып жатқан және оған ағызылатын судың көлемі ұлғайғанмен, өзен арнасынан асып, тасқын қаупі туындап жатқан жоқ. Бүгінде Жабай өзеніндегі су деңгейі өздеріңіз куә болғандай 5 метрді көрсетіп тұр. Бұл соңғы бір-екі тәуліктегі көрсеткіш. Сондықтан, әзірге өзен суын қауіпті деңгейге жетті деп айта алмаймыз. Біз қазіргі уақыттағы су тасқыны кезеңіндегі аудандағы дәл осы қалыпты жағдайды барынша сақтап тұруға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз, – деді аудан басшысы журналистерге берген сұхбатында.

Жалпы алғанда, ағымдағы жылдың 20 наурызынан бастап Атбасар ауданының аумағында облыстық және аудандық маңызы бар 8 автомобиль жолдарын су шайып, қажетті шаралар қабылданып, жолдар қайта ашылыпты. Қазіргі уақытта аймаққа қатынайтын барлық бағыттағы жолдар ашық тұр.

Біз сапар барысында Лондон кентінің аумағындағы айналма каналдың да қазіргі жағдайын көзбен көріп қайттық. Бесінші сәуірдегі жағдайға сәйкес, ондағы су деңгейі бұрынғысынан 1 метрге төмендеген. Қазіргі уақытта жергілікті жерлерде ұйымдар мен кәсіпорындар және азаматтық қорғау күштері қатарынан барлығы 142 адам және 76 техника құралы тәулік бойы кезекшілік етіп, олар әлеуметтік нысандарды судан қорғау жұмыстарымен айналысып жатыр.

Бұған дейін аудандағы су тасқынын болдырмау және тасқын суларды апатсыз өткізуге дайындық аясында 240 мың текше метрден астам қар шығарылып, 9370  метрге жуық арықтар мен каналдар тазартылды. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 15-17 наурыз аралығында Жыланды, Жабай, Есіл өзендерінде мұзды қопсыту және ұсақтау бойынша жарылыс жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, жалпы аудан бойынша 282 су өткізу құрылыстары да тазартылған. Осы сапар барысында біздер Атбасар ауданында көктемгі су тасқыны кезеңінде тұрғын үйлерді су басу фактісі тіркелмегеніне көз жеткіздік. Көктем сайын Атбасар ауданының 16 елді мекеніне су басу қаупі төніп, бұл аймақтарда қажетті шаралар қолға алынады.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі

Атбасар ауданы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар