Заң мен тәртіп – қоғам мен бизнестің тұрақты даму негізі

Дөңгелек үстел

Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы мен «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстел «Заң мен тәртіп» тақырыбына арналып, онда кәсіпкерлік қызметке әсер ететін өзекті құқықтық мәселелер талқыланды.

Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер, заңгерлер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары және салық комитетінің мамандары қатысты. Іс-шара бағдарламасына сәйкес жиналғандар заңнамалық өзгерістерді талдау, бизнестегі негізгі мәселелерді анықтау және оларды шешу жолдарын қарастырды. Дөңгелек үстелді жүргізген облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Даниярбек Нұрсейітов шараның маңыздылығына тоқтала келе:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, заң мен тәртіп – қоғам мен бизнестің тұрақты дамуының негізі. Шын мәнінде, тұрақты құқықтық орта – табысты кәсіпкерліктің, инвестициялардың және экономикалық өсудің кепілі болмақшы. Сондықтан, біз бүгін заңнамалық өзгерістер, әкімшілік кедергілер және бизнесті құқықтық қорғауды жақсарту мүмкіндіктері туралы айтып, талқылайтын боламыз, – деп барлық қатысушыларға жемісті пікірталас, ашық диалог және тиімді ой алмасуды тіледі. Бір атап өтерлігі, модератор жиында мемлекеттік тілге басымдық беріп,  баяндамашыларға келесі жолы ақпараттарын қазақ тілінде дайындап әкелулеріне талап қойды.

Алғашқы сөз кезегін алған «Respublica» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Алмат Тоқмағамбетов Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Заң мен тәртіп» мәселесі бойынша өз ой-пікірін жеткізе келе, өзінің партияластары тоқсан сайын шалғай ауылдарға барып, осы тақырып аясында ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысып, ісін дөңгелетіп жүрген азаматтармен кездесулер өткізіп, оларға заңдарды түсіндіру, құқықтық қолдау көрсету, сот процестері бойынша тегін кеңестер беруге жәрдемдесетіндерін алға тартты.

Бұдан әрі Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Индира Айсина, Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ұйымдастыру-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Дидар Ергебеков өз салаларына қатысты кәсіпкерлердің түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несие мен грант алу  мәселелерінде орын алатын кейбір жағдайлар төңірегінде көрсетіліп жатқан заңды және құқықтық кеңестер мен көмектер туралы айтып берді.

Ал, Ақмола облысы заң консультанттары палатасының төрағасы Бақыт Сұлтанов, Ақмола облысы заң консультанттары палатасының басқарма мүшесі Марат Сәуірбаев, Ақмола облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрайымы Валентина Геращенко тәжірибе тұрғысында кәсіпкерлерге көрсетілген заңгерлік көмектері туралы айта отырып, қазіргі уақыттағы жаңа заң нормаларының өзгеруіне қатысты ой-пікірлерін жеткізді. Соның ішінде кейбір заң нормалары «кәсіпкерлерге әдейі мүмкіндік бермеу үшін жасалғандай» дегендей ашық пікірлерін де айтып салды.

Дөңгелек үстелге жиналғандардың бірі саяжайлардағы иесіз, бос жатқан  жерлерді бау-бақша өсіру мақсатында жекешелендіру үшін кедергілерге тап болғанын, тапқан жерді өз атына ресімдеу барысында, әсіресе, Көкшетау қалалық әкімдігіне қарасты мамандардың бос жатқан иесіз жерді тауып әкелген адамдардан сол жердің фотосуретін сұратып алған соң, бірер күнде ол жердің иесі табылып шыға келетін күдікті жайларды жайып салды. Сол сияқты, салық төлеу бойынша жауапкершілігі төмен кәсіпкерлерге салынатын айыппұл, қосымша құн салығының өсуі, көпбалалы кәсіпкер аналардың бизнесін заңға сай жүргізуі, жаңа бизнес бастамаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тәрізді мәселелер де жан-жақты талқыланып, барлық сұрақтарға жауаптар берілді.

– Бүгінде біз Көкшетау қаласында Президенттің бастамасы – «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында партиялар мен бизнес өкілдерімен кездесіп, талқылаулар жүргізудеміз. Қазіргі таңда бизнес өкілдері заң бойынша қоғамда көптеген коллизиялармен, кедергілермен кездесіп жатады. Облыстық ішкі саясат басқармасы алдағы уақытта осы мәселелерді тиісті сала мамандарына жолдап, жауаптарын алатын болады. Осындай дөңгелек үстелдерді ашық форматта өткізу әлі де жалғасын табады. Біз алда партиялық ұйымдармен, қоғамдық кеңестермен бірлесіп, тағы да аудандар мен елді мекендерде де кездесулер өткіземіз, – деді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне басқарма басшысының орынбасары Даниярбек Нұрсейітов.

Жалпы, заң үстемдігі сақталған жерде билікке сенім де артады. Ал, сенім – кез-келген өркендеген мемлекеттің іргетасы. Осындай талқылаулар, ұсыныстар мен ортақ шешімдерге келудің пайдасы мен маңызы мол.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

6 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар