Туризм тиімді салаға айналуы қажет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов саладағы көрсеткіштер мен нәтижелер туралы баяндады. Өз кезегінде бірқатар өңір әкімдері, Рioneer отбасылық курортының басшысы Мұрат Қаратай, «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов баяндама жасады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ішкі туристер саны 10,5 миллион адамды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 900 мың адамға артық. Жалпы, Туризм және спорт министрлігінің деректері бойынша елімізге 15 миллионнан астам шетелдік қонақ келген.

Үкімет отырысында туристік саланың айтарлықтай әлеуеті бары және туризм ел экономикасының өсуіне жаңаша серпін беретін салаға айналуы қажет екені атап өтілді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аталған салада ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Алматы қаласы мен Алматы облысында тау кластерін дамыту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан тау шаңғысы мен табиғи туризмді дамытуға қолайлы өңір. Щучинск-Бурабай курорттық аймағында жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысандар құруға, экологиялық және спорттық туризмді дамытуға мүмкіндік беретін ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Ақтау маңындағы “Жылы жағажай” аумағында бес жұлдызды қонақ үй мен тақырыптық ойын-сауық паркін салу жобалары іске асырылды. Аталған өңірдегі Кендірлі курорттық аймағында әуежай салынып, туризмді дамытуға тың серпін беріледі. Сонымен қатар, фермерлерге агротуризммен айналысуға құқық беру үшін тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Үкімет инвесторларға барынша қолдау көрсетіп, туындайтын мәселелерді шешуге қашанда әзір, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінде Үкімет туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдауда.

Өткен жылы Ұлы Жібек жолының бойымен өтетін «Жібек жолы» туристік пойызы іске қосылды. 125 теміржол вокзалын ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында әуежайлардың жаңа терминалдары салынды. Көші-қон рәсімдерін оңайлату шаралары қолға алынды. Мәселен шекара бекеттерінде ұйымдасқан туристік топтарды кезексіз өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл шара паспорттық бақылаудан өту уақытын 5 есеге қысқартуға мүмкіндік берді.

Туристік саланы одан әрі дамыту мақсатында Премьер-министр бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде Туризм және спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, екі ай мерзімде барлық мәдени, оқиғалық, спорттық және басқа да іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін бекіту, экологиялық талаптардың бұзылмауын, табиғи және мәдени ескерткіштердің сақталуын нақты қадағалап отыру, туристік гидтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру, әр өңірде туристік қызметтер сервисінің сапасын жоғарылату, туристік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және тағы басқа да шаралар бар.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

4 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар