Сот билігі
Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау, яғни Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық құрамының барлық белгiлерi бар іс-әрекеттер қылмыстық жауаптылықтың бiрден-бiр негiзi болып табылады.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта он алты жасқа толған есi дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауаптылыққа жатады, кейбір санаттағы қылмыстық істер бойынша қылмыс жасаған уақытта он төрт жасқа толған адамдардың қылмыстық жауаптылығы қарастырылған.
Мысалы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 15-бабын екінші бөлігіне сәйкес егер адам өлтiргенi, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiргенi, зорлағаны, адам ұрлағаны, халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасағаны және тағы басқа қылмыстар бойынша қылмыс жасаған уақытта қылмыскер он төрт жасқа толған болса, онда ол қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жағдайларда қоғамға қауiптi іс-әрекеттi жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған, яғни, созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған адам қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
Егер сот-психиатрия сараптамасы жүргізілуге тиіс адамның психикасының уақытша бұзылғаны, яғни, ауруының қозуы анықталса және мұның өзі сараптама жүргізуге кедергі келтірсе әрі осыған байланысты оны емдеу қажет болса, онда мұндай адамды психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу қажеттілігі туындайды, мұндай жағдайда іс бойынша іс жүргізу тоқтатылып, сот қаулысы негізінде емдеу жүргізіледі.
Заңсыз іс-әрекет жасауға кінәлі деп танылған және өзіне қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуі мүмкін адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін және тиісінше жазалануы тиіс.
Тағайындалатын жаза мөлшері әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiріп, сотталған адамды түзетіп және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.
Қылмыстық теріс қылық жасаған не алғаш рет қылмыс жасаған адам, кінәлі адамның жеке басы, айыбын мойындап келуі, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеп-тексеруге ықпал еткені, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрген зиянды қалпына келтіруі ескеріле отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн, сыбайлас жемқорлық қылмысты алғаш рет жасаған адамды тек қана сот шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.
Аталған ережелер, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің тиісті баптарында арнайы көзделген жағдайларды қоспағанда, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс, азаптаулар, жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 111-бабына сәйкес, заңды түрде алынған, олардың негізінде анықтау органы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, сот аталған Кодексте айқындалған тәртiппен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген іс-әрекеттiң бар екенін немесе жоқ екенін, күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының бұл әрекеттi жасағанын немесе жасамағанын, оның кiнәлiлiгiн не кiнәсіздігін, сондай-ақ, iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтайтын нақты деректер қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
Осы мақалада сарапшының қорытындысы мен айғақтарына назар аудару ұсынылады. Iс үшiн маңызы бар мән-жайлар сарапшының материалдарды арнайы ғылыми бiлiмдер негiзiнде жүргiзетiн зерттеуінің нәтижесiнде алынуы мүмкiн жағдайларда сараптама тағайындалады.
Егер iс бойынша өлiмнiң себептерiн, денсаулыққа келтiрiлген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесiн, iс үшiн маңызды болып, бірақ, жасы туралы құжаттар болмаған немесе күмән туғызған жағдайларда, күдіктiнiң, қорғалуға құқығы бар куәнің, айыпталушының, жәбiрленушiнiң жасын, күдіктiнiң, қорғалуға құқығы бар куәнің, айыпталушының есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық процесте өзінің құқықтары мен заңды мүдделерiн өзі қорғау қабiлетi күмән туғызғанда, олардың психикалық немесе физикалық жай-күйiн, жәбiрленушiнiң, куәнiң iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдау және олар туралы айғақтар беру қабiлетi күмән туғызған жағдайларда, олардың психикалық немесе физикалық жай-күйiн немесе iстiң басқа дәлелдемелерімен анық белгіленбейтін өзге мән-жайларын анықтау қажет болғанда, сараптаманы тағайындау және жүргiзу мiндеттi.
Сараптама процеске қатысушылардың бастамасы бойынша тағайындалуы мүмкін. Өздерінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар қылмыстық процесті жүргізетін органға өздерінің пікірі бойынша сарапшының қорытындысы берілуге тиіс мәселелерді жазбаша түрде ұсынады, зерттеу объектілерін көрсетеді, сондай-ақ, сарапшы ретінде шақырылуы мүмкін адамды атайды.
Сараптаманы сарапшы жекедара не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады, ал, комиссиялық сараптама күрделi сараптамалық зерттеулер жүргiзу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бiр мамандықтағы кемінде екі сарапшы жүргiзедi.
Мән-жайларды анықтау үшін, iс үшiн маңызы бар әртүрлi білім салалары негізінде зерттеу қажет болғанда кешендi сараптама тағайындалады және оны түрлі мамандықтағы сарапшылар өз құзыреті шегінде жүргізеді. Қажеттi зерттеулер жүргiзiлгеннен кейiн оның нәтижелерiн ескере отырып, сарапшы өз атынан қорытынды жасап, оны өзінің қойған қолымен және жеке мөрiмен растайды. Тек заңнамада көрсетілген талаптарға сәйкес ресімделген, сот-сараптамалық зерттеудің барысы мен нәтижелері көрсетілетін құжат сарапшының қорытындысы болып табылады, яғни, сарапшының қорытындысы зерттелуге әрі бағалануға тиіс.
Сарапшы қорытындысын зерттеу кезінде оның басқа дәлелдемелерден қандай да болмасын артықшылығының, алдын ала белгіленген күшінің жоқ екенін және ол іс бойынша басқа дәлелдемелермен қоса талданып, салыстырылып бағалануға жатады. Ал, егер, сот сарапшының қорытындысымен келіспеген жағдайда өз пікірін үкімінде немесе қаулысында тұжырымдап көрсетеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сарапшының немесе маманның қорытындысына байланысты іс үшін елеулі мәні бар, қосымша зерттеуді қажет етпейтін мәселелерді анықтау, сарапшы маман қолданған әдістерді және пайдаланылған терминдерді нақтылау, қорытындының құрамдас бөлігі болып табылмайтын, бірақ, сарапшының немесе маманның сотқа дейінгі процеске қатысуына байланысты басқа да фактілер мен мән-жайлар туралы ақпарат алу немесе сарапшының біліктілігін анықтау мақсатында сарапшыдан немесе маманнан жауап алудың жүргізілу мүмкіндігі қарастырылған.
Бірақ, сарапшыдан немесе маманнан олар қорытынды бергенге дейін жауап алуға тыйым салынады. Сарапшыдан тірі адамдарға қатысты сот-психиатриялық, сондай-ақ, сот-медициналық сараптама жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған, өзінің қорытындысына қатысы жоқ мән-жайлардың себептері бойынша жауап алынбайды.
Осылайша, соттың іс жүргізуінде қылмыстық істердің барлық санаттарын тергеуде сарапшылар мен мамандардың берген қорытындылары қылмыстық істер бойынша қабылданатын сот актілерінің заңдылығына өз үлесін қосып, кінәлі адамдардың қылмыстық жауаптылығының заңдылығына бiрден-бiр негiзi болып табылатындығына көз жеткізуге болады.
Д.БЕЙІСОВ,
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.