Төтенше жағдайлар департаменті Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Қазіргі таңда өңірдегі су айдындарында мұз қабаты жұқа, күн сайын ол мұз еріп жатыр.
Осыған байланысты мұз үстіне шықпау, балалардың қауіпсіздігін қадағалау және мұз үстіндегі қауіп-қатер жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы брифингте Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмаз Бекбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап аңшылық және балық аулау маусымының ашылған сәтінен бастап департамент қызметкерлері күн сайын халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар полиция департаментінің жергілікті бөлімшелерімен, көлік инспекциясымен бірлесе ұйымдастырылуда.
– Су айдындарындағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында 350 радио хабар, 8 брифинг өткізілді, 20 мыңнан астам жадынама мен кітапша таратылып, 6 мыңға жуық QR-кодтар жапсырылып, әлеуметтік желілерде 304 материал жарияланды. Бұған қоса, баспасөз беттерінде 150 мақала жарық көрген, — деді ол.
Төтенше жағдайлар департаменті WhatsApp мессенджерін де тиімді пайдаланып келеді. Балықшылар мен аңшылардың өңірлік топтарына судағы қауіпсіздік туралы ақпарат тұрақты түрде жіберіліп тұрады. Арнайы құрылған топта 244 балықшы тіркелген, олар күнделікті ауа райы болжамы мен қауіпсіздік ережелері туралы СМС хабарламалар алып отырады. Бұл әдіс судағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға септігін тигізуде.
– Дегенмен, аңшылық және балық аулау маусымы кезінде 4 автокөліктің мұз астына түсіп кеткен жағдайы тіркелді. Абырой болғанда, адам өлімі мен жарақаттану жағдайлары болған жоқ. Осы орайда, төтенше жағдайлар департаменті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығына сәйкес, арнайы бекітілген өткелдерден тыс жерлерде мұз үстіне көлікпен шығуға тыйым салынатынын ескертеміз, – деді спикер.
Төтенша жағдай департаменті жазғы маусымға дайындық жұмыстарын да алдын ала бастады. Биыл облыс аумағында 82 ресми шомылу орны ашылатыны жоспарланған.
Көпшілік жиналатын Қопа, Зеренді, Шортан және Бурабай көлдерінің жағасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқару бекеттері қойылады. Бұдан бөлек, өткен жылғы тәжірибе негізінде аталған төрт ірі су айдынында балаларға арналған жағажайлар ұйымдастырылатын болады, – деп толықтырды төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.
Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен меморандумдарға қол қойылып, су айдындарын жалға алушыларға құтқару бекеттерін жабдықтау қажеттілігі туралы ұсыныс хаттар жолданды.
1 мамырдан бастап, су айдындарының түбін тексеру жұмыстары, қоғамдық құтқарушыларды оқыту мен жазғы демалыс лагерьлерінде түсіндіру сабақтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мектептерде интерактивті сабақтар мен бейнероликтер арқылы оқушыларға судағы қауіпсіздік ережелері үйретілуде. Ата-аналар чатына да тиісті ұсыныстар жолданып отыр.
Жазғы демалыс қарсаңында лагерьлердің тәлімгерлері үшін арнайы слёт өткізіліп, құтқарушылар судағы алғашқы көмек көрсету және адамды құтқару бойынша практикалық сабақтар өткізетін болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.