Жұмысын беріле атқарған ұстаз ғана шәкірт бағын ашады

Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық,
өйткені мұғалім-мектептің жүрегі.

                                                         Ыбырай Алтынсарин.

Өз жұмысымызға жаңартылған білім заманы – ғылым ғасыры деп аталатын ұғымды ерекше негізге алғанымыз дұрыс. Жас буынға білім беру жолында түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Ол үшін бала бойында өзіндік көзқарас, дүниетаным, сенім қалыптастыратын, өзгелермен қарым-қатынас жасай білетін қабілеттерді дамытуға назар аудару керек. Біз, ұстаздар қауымы, педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен қабылдауымыз керек. Бүгінде мұғалімдердің басты міндеттерінің бірі – білімнің сабақтасқан басты критериалды жүйеге айналғанын біліп отырмыз. Жеке тұлға ретінде өмірде кәсіби, шығармашыл және барлық бағытта табысты болу үшін үнемі дамып, жетілуіміз керек.

Сыни ойлау дағдыларымен ұштасқан білім болмаса, сабақта оқушылардың қызығушылығын арттыра отырып, өз ойыңмен еркін тұжырым жасау, бірлесіп шығармашылық жұмыс істеу мүмкін емес.  Сыни ойлау теориясының бет алып, дамуына елеулі үлес қосқан, танымал американдық психолог Д.Халперн өзінің «Сыни көзқарас психологиясы» атты жұмысын жариялады. Онда ол критикалық ойлауға мынадай түсіндірме береді. «Бұл қажетті нәтиже алу ықтималдығын арттыратын танымдық техниканы немесе стратегияларды қолдану». Аталған анықтамада ойлауды басқару қабілетіне, негізділігіне және мақсаттылығына қарай ерекшеленетін нәрсе ретінде сипаттайды. Психологтың пікірінше, «бұл мәселені шешуде, тұжырымдарды қалыптастыруда, ықтималдық бағалауда және шешім қабылдауда қолданылатын ойдың түрі». Бұл жағдайда ойшыл нақты жағдай мен шешілетін мәселенің түрі үшін негізделген және тиімді болатын дағдыларды пайдаланады.

Білім беру саласында бастауыш сынып оқушылары үшін ең беделді адам, ол ұстазы. Балалар өмірді ұстазы берген білімдерден қабылдайтыны баршамызға аян. Бастауыш сынып оқушылары үшін озық технологияларды алдымен, ұстаздан бастаған жөн. Мықты ұстаздың оқушыға берері мол. Әрине, білім барысында бастауыш сыныптың өзіндік деңгейіне ыңғайлай отырып, сыни ойлауды жүйеге енгіземіз. Қазақ тілі сабағындағы мәтінмен жұмыс барысында кейіпкер не айтқысы келеді? Ол кейіпкердің жағымды-жағымсыз әсерін қалай түсінесіз? Ол кейіпкердің орнында өзіңіз болсаңыз қалай жасар едіңіз? Сыни ойлау сұрақтары арқылы оқушыларды жетелей отырып, негізгі сабақтың идеясын жете түсіндіреміз. Талдау барысында себеп-салдарын байланыстырамыз, айырмашылығын анықтатамыз. Осы уақытта оқушылардың назарын өзіңе аударып, белгілі тақырыпты қабылдауы мен бағалауын негізге аламыз. Сын тұрғысынан ойлау стратегиясының артықшылықтары, ол оқушылардың сабаққа белсенді қатысуы. Тыңдаушы ғана емес, ойлаушы, зерттеуші болғаны керек. Сын тұрғысынан ойлау стратегиясы оқушылардың аналитикалық және шығармашылық ойлау қабілетін дамытады. Олар алған ақпаратты өз көзқарасымен бағалап, дұрыс шешім қабылдай алады. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық ол – мұғалім мамандығы.  Қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек.

Бастауыш сынып пәндерін табысты оқыту, ұстаздың кәсіби тәжірибесі мен құзыретіне байланысты. Мұғалімдер пайдаланатын əдіс оқудың тиімділігіне елеулі əсерін тигізеді. Адамның бойында мұғалім мамандығына деген бейімділіктің болуы, педагогикалық шеберліктен. Сондықтан, үнемі ізденісте жүрген, шеберлігін дәйім шыңдайтын, мәдениеті, адамгершілігі бар, бітім-болмысы жоғары жан шәкірттің ғана емес, қоғамның да  ұстазы болары анық.

Қазіргі өркениетке ұмтылған қоғам талабына сәйкес, Қазақстан Республикасының дамыған елдермен иық тіресіп тұруы, еліміздің болашағы үшін білімді, зерделі, өз бетімен іс-әрекет ете алатын, қоғамнан өз орнын таба алатын шәкірттерді даярлау – ұстаздың міндеті. Олай дейтінім, мұғалім біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.

Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелейтін маман. Мектептегі оқушы өмірінің көп бөлігі сабақ кезінде өтеді. Міне, осы кезде оқушы тек білім алып қана қоймай, шығармашылықпен зерттей білуге үйренуі керек. Білімді алуда іс-әрекетке үйренген баланың бойында алған білімі ұзақ уақыт сақталады және ол жұмыс істеуге, ізденуге, таңдауға үйренеді.

Өзім дәстүрлі сабақтар мен қазіргі жаңа тәсілдерді пайдаланып өткізген сабақтарымнан көптеген айырмашылықтарды байқадым. Ең озық, тәжірибеден өткен технологиялардың бірінің тиімділігін ескердім. Біркелкі сабақ оқушыны зерігу мен жайбарақаттылыққа алып келеді. Ал,  зерігу болған жерде шығармашылыққа жол жоқ. Жанды сабақты қалыптастыру үшін біріншіден, жүйелі сабақ болу керек. Барлық оқушылар сабаққа өте белсенді қатысуы, өздерін еркін сезінуі, жауапты бірлесіп іздеуі, жолдастық көмекті, бір-біріне деген жауапкершілікті  сезінуі қажет. Сонда бір-бірінен үйренеді, ынтымақтастық атмосфера қалыптасады. Оқушылар бір-бірімен араласа отырып, бір-біріне игі ықпал етеді. Жаңа оқыту бағдарламасы оқушының еркін сөйлеуіне, пікір таластыруына, достарының ойын тыңдауға, проблеманы шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты еңсеруге икемдейді.

Арнайы курстар мені жаңашыл мұғалім болуға, өз тәжірибеме үнемі сараптама жасап, өзгерістер енгізуге ынталандырды. Сол арқылы оқушыларды белсенді әңгімеге тартып, сыни ойлауын дамытуым сабақты табысты өткізуіме ықпал етуде. Сондықтан, мен сабақ барысында ашық сұрақтарды көбірек қолдануды жөн  көремін. Бастауыш сынып оқушылары өздерінің жаңа білімдері мен дағдыларын іс жүзінде сабақта қолдануға болатынын көргенде оқуға деген ынтасы артады.  Әр сабақ сайын ой жаңарады, жаңа идеялар пайда болады, жаңа жобаларға ұмтыласың. Егер ойың жүзеге асса, өзіңе сенімің молаяды. Бала жаны жаңалыққа құмар. Белгісіз нәрселерді ашуға тырысатындықтан, олардың талпынысын дамытуға көп көңіл бөлінуі тиіс.

Баланың оқуға ынтасын, қызығушылығын қалыптастырудың бір жолы – пәнді оқытуда тиімді тәсілдер арқылы оқу материалын оқушының өздігінен түсінуі мен шешуі болып табылады. Қазіргі әдісім сабақты меңгерту жолдарына бағыт беріп отыру. Сабақ барысында мұғалім аз сөйлеп, ал, оқушылар көп сөйлеуге, яғни, сұрақ қою, мысал келтіру, ой бөлісу, достарының жауабының дұрыс-қатесін дәлелдеуге дағдылануы тиіс.

Мұғалім өз заманының білімді, мәдениетті адамы болуы керек.  Ол оқушыны оқыта білуге, білім ала білуге үйретеді.  Бұл дағдылар пән бойынша білім, сауаттылық пен тәжірибені қамтиды. Сабақ барысында бірсарынды қолданылатын сұрақтарды емес, Блум таксономиясы бойынша оқушылардың ақыл-ой қабілеттерінің құрылымдық, танымдық үдерісінің ең қарапайымынан бастап, күрделісіне біртіндеп өтуге жетелейтін тапсырмаларды құруды қажет етемін. Тапсырмалар құруда оқытудың белсенді әдістерінің мәні оқушылардың кәсіби іс-әрекетті меңгеруіне бағытталады. Сабақ жоспарын Блум таксономиясы негізінде бағдарламада белгіленген жеті модульмен ықпалдастырудың арқасында оқушылардың нені білетінін, нені жасайтынын бағамдауға болады. Оқушы бойындағы ішкі уәжді туындатқызып, өз қабілеттеріне сенім арттырып, жаңа сабақты меңгеруіне ықпал етемін. Мұғалімнің берген тапсырмансын орындауға, сұраққа жауап беруге байланысты топпен ақылдасуы арқылы оқушылардың барлығының белсенділігі мен жауапкершілігі артады.

Білім берудің сапасын жақсарту мақсатында өз сабақтарымда модульді қолданып жүрмін. Бұл технология мені қызықтырғаны, баланың өзі ізденіп дәлелдеуі. Ол бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал, мұғалім осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы.  Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің үміті болған сәтінен таниды. Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесі деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогты айтамыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін  қорыта келе айтқым келгені, ұстаз берген тәрбие мен білім – жан азығы. Өміріне  жол  сілтер  шамшырақ  секілді.  Ғылымның иесі ғалым да, ел қорғаны батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып, терін төккен шопан да, көк күнбезінен әрі өткен ғарышкер де, бәрі ұлы тұлға – ұстаздан білім алған.

Сондықтан да, ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас июі тиіс деп санаймын.

Алмагүл ЕРДІМҰРАТ,
Қоянды ауылының №2 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесінің маманы.  

 Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар