Министр сапары
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында өнеркәсіп орындарының және құрылыс саласындағы жобалардың жай-жапсарына көңіл бөліп, алдағы міндеттерді пысықтады.
Кездесу барысында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов өңірдегі өнеркәсіп пен құрылыс саласының жай-жапсарына тоқталып, қос салаға да баса көңіл бөлініп отырғанын айтып өтті.
Министр 1700-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған жылына 12 тоннаға жуық алтын өндіретін «Altyntau Kokshetau» акционерлік қоғамында болып, өндіріс орнындағы асыл металл кендерін өндіру және өңдеу жұмыстарымен танысты.
Кәсіпорынның даму перспективаларына, оның ішінде кен орнын пайдалану мерзімін 2039 жылға дейін ұзартатын жерасты өндіру әдісіне көшу жобасына шамамен 700 миллион доллар инвестиция салу жоспарлануда. Сондықтан, жобаны жер телімдерімен қамтамасыз ету мәселелерін әзірлеуді жеделдету қарастырылды.
Ерсайын Нағаспаев сондай-ақ, машина жасау саласындағы ірі кәсіпорындар – «КамАЗ Инжиниринг» және «КАИК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды.
«КамАЗ Инжиниринг» ЖШС – жүк көліктерін, самосвалдарды және арнайы техникаларды құрастыратын кәсіпорын. Онда өткен жылы 83,5 миллиард теңгенің 1500-ден астам жүк және арнайы техникасы шығарылған. Министр кәсіпорынды локализациялауды кезең-кезеңімен арттыру және ынтымақтастық байланыстарды тереңдету міндеттеріне тоқталды.
Ауыл шаруашылығы техникасы және коммуналдық арнаулы техника шығаратын «КАИК» ЖШС қызметімен танысқан министр өндіріс көлемін ұлғайту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, өзінің жұмыс сапары барысында кірпіш шығаратын «ENKI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болып, облыс орталығы Көкшетау қаласында тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялау аясында жүзеге асырылып жатқан екі тұрғын үй кешенін салу жобаларына назар аударды. Сөйтіп, құрылысты аяқтау мерзімін сақтаудың және құрылыс кезінде жоғары сапалы жобаларды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Бұған қоса, кәсіпкерлермен кездесу барысында өндірісті кеңейту, импортты алмастыру, өнімді өткізу нарықтарын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.