Тасқынға — тосқауыл
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды аралау барысында Астрахан ауданындағы Ескі Қалқұтан ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, азық-түлік дүкендерін тексерді.
Ескі Қалқұтан ауылы бірнеше өзен ағысы қосылатын жерде орналасқан, ол ағыстар Бурабай, Сандықтау, Аршалы, Шортанды және Бұланды аудандарынан келеді. Биылғы жылы су тасқынының көлемі өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 есеге артты. Соның салдарынан ауылдың төменгі бөлігінде орналасқан жеке меншік үйлердің ауласы су астында қалды. Жолдардың шайылуына байланысты ауылмен қатынас уақытша шектелді. Дегенмен, аймақ басшысының айтуынша, тұрғындарға қажетті барлық шаралар қабылданған.
– Ауылда бекеттер орнатылып, қайықпен қатынас ұйымдастырылды. Елді мекенде азық-түлік, дәрі-дәрмек және ең қажетті заттардың жеткілікті қоры бар. Медициналық көмекке мұқтаж тұрғындар, оның ішінде жүкті әйелдер, қауіпсіз аймақтарға уақытылы эвакуацияланды. Бүгінгі таңда су деңгейі төмендеп, 20 сантиметрге азайды. Біз жағдайдың апта соңына дейін тұрақталуын күтеміз, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Өңір басшысының айтуынша, барлық күш-жігер халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және болашақта туындауы мүмкін қауіптердің алдын алуға бағытталған. Су басқан үйлердің тұрғындарына көмек көрсетілетін болады.
Өткен жылы ауылда Колутон өзенінің арнасын кеңейту және тереңдету жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда 3,5 шақырым қашықтықта осындай жұмыстар жүргізілді. Өзеннің тереңдігі 4 метрге дейін, ал, ені 18-ден 36 метрге дейін кеңейтілді.
Ауылда облыс әкімі ғалым гидрологтармен кездесті. Олардың айтуынша, салынған айналма арна Ескі Қалқұтан ауылына келетін су көлемін айтарлықтай азайтуға септігін тигізген. Бұл ауылдың тұрғын үйлерінің үлкен су басудан аман қалуына септігін тигізді. Сонымен қатар, гидрология және гидротехникалық құрылымдар саласының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Шерім Түлегенов өңірдегі өзендердің қозғалысын кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
– Жағдай қиын болды, су биыл өткен жылға қарағанда әлдеқайда көп келді, бірақ, алғашқы күндерден бастап біз қолдауды сезіндік. Бізге азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізіп, барлық ақпаратты уақытында берді. Егер айналма арна болмаса, барлық ауыл су астында қалар еді, – дейді ауыл тұрғыны Сайран Есеева.
– Әкімдік уақытында ескерту жасады, оны барлығымызға таратып, жиһазымызды көтеріп, малымызды көшіруге көмектесті, – деп Сергей Селивано да ризашылығын білдірді.
Су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары жалғасуда. Құтқару қызметтері, коммуналдық кәсіпорындар мен жергілікті атқарушы органдар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.