Әріптес тілегі
Кейде маған жұмыста отырғанымда ойда жоқта Қалымбек келіп кетеді. Үстінде қызмет киімі не спорт костюмі. Сол баяғы сері қалпы. Талғаммен киінген үсті-басы мұнтаздай, бір қылау жоқ. Әлі келбетті өңін бере қоймаған. Бұл оның қазіргі жетпістегі кескіні. Ал, жас кезінде сері де, «пері де», жігіттің ері де бола білгені сөзсіз. Сол серілікті оған Тәңірім, Көкшенің топырағы, әу бастағы жаратылысы берген.
Таңертең көзін ашса болды, тыным жоқ. Жаттығуын жасайды, жүгіреді. Мен көрген, мен білетін Қалымбек әлі де солай деп ойлаймын. Оған бір жағынан осы спорт деген құдіреттің еркіне бағынған шымыр да шарболаттай денесі, қимыл-қозғалыссыз отыруды білмейтін шапшаң қол-аяғының ыңғайы дәлел.
Қалымбек сенің жұмыс істеп отырғаныңды көріп, көп уақытыңды алмайтындардың қатарынан. Әдетте кабинетке елпілдеп, «амансың ба, дәрігерім?» деп кіреді. Бұл сәлемдесудің сыры басқаға түсініксіз болса да, екеуімізге бесенеден белгілі. Ондайда «сәлем, пациентім» деп мен де Қалекеңнің көкейіндегіні дөп басып, алдыңнан бір өзгеше күш тік көтергендей, орнымнан тұрамын.
Әрі кетсе бір бес минут амандық-саулық сұрасу, сол бір ұмытылмас өткен күнді еске алу. «Жұмыстан да жеңілдеп» деген сияқты, талай жанымызды жылытқан екеуара бір әзіл-оспақпен ойнап-күліп, арқа-жарқа бір жадырап қалу. Сосын қалай тез, тосын келсе, кетуі де солай, жылдам Қалымбегім «ал, жақсы» дейді де, шығар есікті бетке ала береді.
Иә, шалт қимыл, өмірде біріне үлгерсем деген тыным таппайтын сергектігі мен өз-өзіне сенімділігі оның ежелгі қасиеті. Ал, енді Қалымбек үшін мен неге оның дәрігерімін, ол неге менің пациентім?! Бұл енді аздап әріден түсіндіре кетуді қажет етеді. Ол екеуіміз сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде қатарлас оқып, бір жылы бір бөлмеде бірге тұрдық. Бұл біздің бір-бірімізді Көкшетауда жүргендегіден де жақын білуімізге, жақсы дос, жолдас болып кетуімізге ерекше ықпал етті. Әдетте, студенттік өмірдің қызығы көп. Бірде Қалымбек суық тиіп, ауырып қалып, дәрігер антибиотик дәрілерден укол жазып берді. Енді оны салатын маман керек. Ондай адам жөппелдемеде табыла қоймады. Соны көріп:
–Әкел, мен салайын, – дедім Қалымбекке.
–Сен қалай саласың?..
–Солай да солай.
Сол арада укол салуды білмейтін кісің мен емес едім. Әскерге Қотыркөл малдәрігерлік техникумын бітіріп барып, арнайы даярлықтан кейін екі жыл бойы санинструктор болғам. Санчастьта ауырып-сырқап қалған жігіттерге мен салмаған укол, мен білмеген дәрі болды ма десейші. Әне-міне елге кетейін деп жүргенімде, медициналық қызмет бастығы, майор Костенко «Ленинград әскери-медицина академиясына мінездеме берейін, түсіп кетесің» демесі бар ма?!.
Соларды Қалекеңе айтқанымда, неге көнбесін, көнді. Сөйтіп, шприцті көзінше қайнатып, тәулігіне үш-төрт мезгіл пеницилинді салдым да отырдым. Аздап кей қолайсыздықтары болғанымен, пациентім ақыр-аяғында жазылып кетті. Міне, екеуіміздің арамыздағы «дәрігер мен пациент» осыдан қалған.
Дүниеге ұлы Шоқан, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мәмбетәлі Сердалин сияқты небір дүлдүлдерді әкелген қасиетті Айыртау топырағынан түлеген Қалымбек Мұхамеджанов та осы алыптар ізбасарларының бір бел-белесіндегі азамат. Бала кезінен әкесі Әрнәш пен атасы Мұхамеджаннан алған тәлім-тәрбиесі, көріп-біліп, құлақ қойып, көңіліне түйген өнегесі топшысын бекітіп, қанатын қатайта берді.
Қалымбектің өмірінде, өзіне салсаңыз, сезімтал жанының ақшуақ жылы ағысы болып тербейтін бес-алты үлкен ортасы бар. Соларды ылғи өз өмірінің киесі де, иесі де санайды. Ол біріншіден, кіндік қаны тамған Бірлестік, сосын балалық шағы өткен Сарыбұлақ ауылдары. Тап іргеде Шоқан кезген Сырымбет тауы. Өз аталары да төре тұқымынан. Туған жердің осы құдіреті әлі оң-солын айыра қоймаған жас бала болса да там-тұмдап зердесіне жетіп жатты. Қазақтың көк түтіні көлбей ұшқан қос мекені, атасына келген аруақты шалдар әңгімесі ойы мен бойына бүгінде бар тектілік сәулесін сол кезде-ақ құя бастаған шығар-ау.
Қалымбек туралы осы отырғанда солай да ойлап кетемін. Бұдан кейінгі үшінші үлкен ортасы әрине, өз ауылының бастауыш мектебінен кейін оқуға келген Көкшетау қаласы. Әлі күнге сыны кетпеген ғимараты көзге де, көңілге де ыстық сол пансион, ғасырдан астам тарихы бар Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебі мұны да қолтығынан келер күндерге жетелеп әкетті. Тек білім ғана емес, спортқа да. Осында қос дарыны ашылды. Бокстан қала, облыс қана емес, республикалық жарыстарда да көзге түсе бастап, Қалымбек деген атына «боксер» деген қосымшасы қосылды. Ал, мемлекеттік емтиханда қазақ әдебиетінен шығарманы өлеңмен беске жазғанда және бір болашақ алар асуының шеті көрініп қалған.
Ол жағы енді кейін топ жарып, қара сөздің жүйешісі – журналист болып шыққаны ғой. Білімсіз ол да жоқ. Екеуіміздің де бәлкім албырт, бәлкім ақыл тоқтата бастаған кезіміз. Әйтеуір, осы жолда ҚазГУ басымызды қосты да, осы мамандықты қалағандардың дүрмегіне қосылып кете бардық. Бір беріліп алған соң, Қалекең спортшылығын онда да тастамады. Демалыс күні моншаға жиналсақ болды, өзінің тас-түйін шешімі бар. Мен автобус не тролейбуспен барсам, ол жаяу жүгіріп отырып баруы керек. Содан көлікпен менің кешікпейтінім белгілі, әйтсе де, бөгеп қалатын аялдама, бағдаршам бар, ол да қалыспай, екеуіміз тура моншаның алдында жолығамыз. «Теріңді басып, бірге барайық» десең, қайтарда да сол. Сөмкесін маған ұстата салып, желдірткен күйі жаяу ұзай береді.
Қалекеңмен бір бөлмеде тұрған жақсы әсерлер әлі күнге дейін осылай жан жылытады. Сонау бір жетпісінші жылдары Қуанышбек Әжіғұлов деген жігітіміз Польшаның Познань қаласында өткен бокстан халықаралық «Алтын белдік» турнирінде чемпион атанды деген хабар дүр ете түсті. Кейін біздің Ортақтың Әлия деген қызына үйленіп, күйеу бала атанған сол Қуанышбек екеуіміз ауылға баратын таңғы автобустарда кездесіп қалатын болдық. Жол қысқарсын деп жеткенше әңгіме айтамыз. Сол тұста бұл Қалымбек осы Әжіғұловты да жаттықтырған деген сөз бар. Соны да сұраймын.
–Иә, – деп қояды марқұм Қуанышбегім. – Ол кезде біз ауылдан жаңа келіп, бокспен енді айналысып жүрген баламыз. Бокстың стойкасын алғаш осы Қал-ағаңдар үйреткен…
Иә, үйрететін де жөні бар. Одан кейін әскерде спорт ротасына түсіп, КСРО Қарулы Күштері кубогынан бөлімшесіне жүлдемен оралған досты саптың алдында үлкен командирі өзі құттықтап, табысына «атымызды шығардың» деп балаша қуанғанын өзі айтатын.
Сол азамат бүгін жетпісте. Өмірінің сүрлеу-соқпағын өзі түгілі, іштей де, сырттай да тілектес мына біз де жете білетін сияқтымыз. Университет өз алдына, бір терінің пұшпағын илеген баспасөз саласындағы қызметіміз де қатар өрбіп келеді. Ол өмір бойы радио мен телевидениеде, біз газетте. Арасында жолымыз Көкшетау облыстық телекомпаниясында бірге түйісіп қалған жылдар да болған. Бізге бұйрық сол болса, Қалымбек керісінше, кезінде екі бірдей облыстық газеттің ыстық-суығына біраз шыдас беріп, таста басулы қалатын баспасөзде де қыр сындырмаған азамат. Бір сөзбен айтқанда, жазу өнеріне бесаспап. Әлі қатардан қалмай, алғы лекте жүргеніне кімдер дәнекер десең, радиодан Мұрат Жексембин, Жанатай Бекенов, Сәкен Әубәкіров. Жанмұрат Жанайдаров, «Көкшетау» газетінен Жанайдар Мусин, Октябрь Бұқарбаев, Нұрқан Ысқақов, Қорғанбек Аманжол, Жұмабай Есекеев, Маман Ементаев, «Торғай таңынан» Әбжан Әбілтаев, Жұматай Сабыржанов, Жақсылық және Балмағамбет Жүнісовтар, облыстық телевидениеден Сәкен Хасенеев сияқты ағаларымен, Толымбек Әбдірайым секілді замандасымен бір ауыз толтырып алары хақ.
Сол үлкендерден, өзіне оң көзбен қарай жүрген жақсылардан жұғысқан қасиет, өз бақ-талабы Қалымбекті де бұл күнде өз биігіне көтеріп отыр. Бүгінгі Қалымбек кешегі республикалық «Ақшам» бағдарламасы, «Қазақстан» және «Хабар» телеарналарының еңбегімен елге танылған меншікті тілшісі, ұшқыр ойлы жаңалық жаршысы. Спорт десе жанып кететін, ол үшін жердің түбіне, желдің өтіне, шөлдің қызуына да бақұл Көкшетау, Ақмола облыстарының ең таңдаулы спорт журналисі. Жанының ақ желкені етіп жайып салар кең жүрегіне бар жақсылықты, шапағатты, қайырым мен қанағатты сыйдырған танымал ел ардағы. Осының тағы бір толғақты тұсын дәйектей кетсек, бізге сыйлы әріптес, сізге ақеділ дос, айшуақ аға, ізетті іні!
Осы жолы да досқа бір ақ жауын болып ақтарыларда, «жетпісіңде өзің бір ауыз сөзіңді айтпайсың ба? Сосын қаламымды қомдайын» дегем.
–Мені өзің білесің ғой, сол бойынша жаза бер. Бірақ, әлгі дәрігерім болғаныңды ұмытпа, – деп тізгінді біржола өзіме беріп қойды.
Енді айтылмаған не қалды екен? Сен де бір соңына түспеген ақынсың ғой, әйтпесе, алпысыңда тәп-тәуір өлең кітапшаңды да шығарып едік. Ал, енді анда-санда еңбегін елеген кейіпкерің туралы таспаға жазарыңды жазып қойсаң да, микрофоныңда сөйлейтін сөзі болмай қалып, сол бір-екі ауыз сөзді сыртынан қысқаша бізге қайыртқызып, түк болмағандай, республикалық радиодан өтіп кететін материалың ше? Иә, бұл да бір қысылғанда радиожурналистің сыналап пайдалана қоятын запастағы «тапқырлығы» еді ғой.
Осылай әлі де жарқылдап та аңқылдап жүре берші, Қалымбегім!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.