Көктемгі егіс — 2025
Міне, енді аз уақытта дала төсінде көктемгі дала жұмыстары бастау алып, диқандар қауымы жауапты науқанға кіріседі. Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық аймақтарының бірі болғандықтан, биылғы көктемгі егіске де дайындық ерте басталды. Ондағы мақсат – былтырғы қол жеткізілген мол астықтың көлемін биыл да сақтап қалу.
Облыс агроөнеркәсіптік кешенінің қарқынды дамуының негізі осы өсімдік шаруашылығымен тығыз байланысты. Сондықтан, аймақ экономикасының өркендеуі мен халықтың әл-ауқаты осы саланың тұрақты дамуына тәуелді.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 5,4 миллион гектардан асатын болады, бұл өткен жылғы деңгейден 48,1 мың гектарға артық. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру аясында облыста майлы дақылдардың егіс көлемі едәуір ұлғайды. Биыл ол 161 мың гектарға артып, жалпы аумағы 430 мың гектарды құрады.
Мал азығы дақылдарын себу былтырғы деңгейде сақталып, 416 мың гектар аумақты қамтиды деп жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда картоп пен көкөністердің егістік көлемі де ұлғайды. 2024 жылы картоп 7,8 мың гектарды және көкөніс 1,4 мың гектарды құраса, биыл бұл көрсеткіштер тиісінше 10,4 мың және 1,5 мың гектар көлемге дейін көбейтілді.
Көктемгі егіске тұқым материалын дайындау да аяқталып келеді. Бүгінгі таңда жалпы 540,2 мың тонна тұқымның 444,4 мың тоннасы немесе жоспарланған тұқым көлемінің 82,3 пайызының сапасы тексерістен өткізілді. 2024 жылмен салыстырғанда минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі 78,0 мың гектарға ұлғаяды. Бүгінде облыстың аграршылары отандық минералды тыңайтқыш өндірушілерден 66,9 мың тонна тыңайтқыш алу бойынша 266 келісім-шарт жасасты.
«Көктемнің бір күні – жылға азық» дегенді естен шығармайтын диқандар қауымы үшін жерге дән себуден бұрын да қыруар шаруа бар. Жалпы, молшылық жорығына қатысты жұмыстардың барлығы техника күші мен механизатор мамандардың тиянақтылығының арқасында жүзеге асады. Осы ретте, көктемгі дала жұмыстарына дайындық шеңберінде ауыл шаруашылығы техникасын дайындау жұмыстары пысықталуда. Бүгінгі таңда техника дайындығының деңгейі 100 пайызды құрап отыр. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына барлығы 37 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады.
Өткен жылдардағы көлем ескеріле отырып, жауапты науқанға 82,9 мың тонна көлемінде жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Ақпан-наурыз айларында шаруаларға таратылған дизель отынының бағасы бір литрі 254 теңгені құрады. Бұл нарық бағасынан 15 пайызға төмен.
Биыл Үкіметтің қолдауымен көктемгі дала жұмыстарына дайындыққа бағытталған қаржыландыру ерте басталды. Өңір аграршылары тарапынан «Кең Дала» және «Кең Дала — 2» бағдарламалары бойынша көктемгі дала жұмыстарына арналған жеңілдетілген несие алуға 96,5 миллиард теңгенің 606 өтінімі беріліп, соның ішінде 65,9 миллиард теңгенің 413 өтінімі мақұлданды.
Осының бәрін ескерсек, жалпы, ағымдағы жылдың көктемгі дала жұмыстарын ұйымдасқан түрде, қысқа мерзімде, сапалы өткізу үшін облыста барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Нұрбек БАДЫРАҚОВ,
Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және
жер қатынастары басқармасының басшысы.