Қазақстан Республикасының жер қойнауы және минералды шикізаттарын өңдеу Кодексін дайындау үшін 2003 жылдан бастап күрделі жұмыстар жүргізілді. Сөйтіп, қатты пайдалы қазбаларды игерудегі Жер қойнауын қорғаудың бірыңғай Ережелері (ЖҚБЕ), жерасты суларын пайдаланудағы ЖҚБЕ және жер қойнауын тиімсіз пайдаланудың өтем ақыларының Ережелері жасалды.
Ережелер авторларының бірі ретінде мен 2005 жылы Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын пайдалану Комитетінде өткен семинар-кеңесте атқарған жұмыстарды баяндадым. Кеңес мәжілісіне Комитет құрамындағы Жер қойнауын қорғаудың Солтүстік, Оңтүстік, Батыс, Шығыс және Орталық аймақтық басқармаларының геологтары мен маркшейдерлері шақырылған екен. Жоғарыда айтылған Ережелер осы жауапты мамандардың талқысынан өткеннен кейін бекітіліп, нормалық құжат ретінде өндіріске енгізілді. Комитет мәжілісінің екінші күні «Центрказнедра» мен «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамының жұмыс жоспарлары қаралды. Күн тәртібіндегі бұл мәжіліске біздер қатыспасақ та болар еді, бірақ, мен қатыстым.
Біріншіден, мен Ақжал түсті металдар және Шығыс Қамыс марганец кен орындарында карьер кемерлерінің орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатымен жүргізіліп жатқан жұмыстардың ғылыми жетекшісімін, демек, біздің атқаратын жұмыстарымыз «Центрказнедрамен» тікелей байланысты. Екіншіден, өзім көкшетаулық болғандықтан, «Көкшетаугидрогеология», аумағы ат шаптырымнан асатын 80 көлі бар өңірде қандай жұмыстар жүргізетінінен хабардар болғым келді. Пікірталас кезінде мен кен өндіру, тасымалдау және өңдеудің атмосфераға, су мен жер ресурстарына тигізетін зиянды әсерлеріне тоқтадым. Сондағы айтқан шағын пікірімді осы мақалада толық бергенді жөн көріп отырмын.
Адам денсаулығына қауіп төндірегін күл-қоқыс, өндіріс қалдықтары, улы химикаттар, радиоактивті көздер, химиялық заттар қоршаған ортаға орасан зиян келтіреді, әсіресе, су ресурстарына. Жөкей, Шортан, Зеренді көлдерінің ластануын былай қойғанда, Бурабай көлінің түбінен бұрынғыдай тастарын да көре алмаймыз. Президентіміздің Артекке айналдырған өлкесі – Бурабайдың экологиялық жағдайы бүгінгі танда сын көтермейді. Щучье (Бурабай) және Еңбекшілдер аудандарында жергілікті ашық су көздерін қорғау маңызды мәселеге айналуда. Қазақ жылқы мінезді халық десек, жылқы таза мөлдір суды таңдап ішеді. Бұл өңірде бұлақтарды, құдықтарды, су құбырларын қорғау деген жоқтың қасы. Халқымыз «Бұлақ көрсең көзін аш» деп орынды айтса керек. Ал, мына Жөкей маңында құдықты ластау, бұлақтың көзін бітеу, олардың маңына зиянды құрылыстар салу сияқты жағдайлар баршылық. Су тазалығын санитарлық нормада сақтамайынша, Көкшетаудың курорттық аймаққа айналуы мүмкін емес. Ол үшін Жер қойнауын пайдаланушылар да, ғалымдар да, «Көкшетаугидрогеология» да аймақтағы табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, қоршаған ортаны аялауға, қорғауға, мәпелеуге баса көңіл аударулары керектігін тілге тиек еттім.
Үзіліс кезінде маған бір жас жігіт келіп амандасты, екінші мамандықгы алып жатқан біздің студент екен. Мен оларға жер қойнауында пайда болатын геомеханикалық процестерден дәріс оқыппын. Ол 4-курс студенті екен, көп студенттердің бірі ғой, алдыма тағы да келерсің деп, көп мән бермей, қоя салдым. Оқу процесі басталды. Әлгі Көкшетауда кездескен студентім «Жер қойнауын қорғаудан» курстық жұмысын жасап, алдыма тағы да келіп тұр. Сол студент баламен енді мен жақсылап таныстым. Жұмыс орны Көкшетаудың ІЦучинск қаласындағы «Голд-Ленд» компаниясы екен. Жауаптылығы шектеулі ондай компаниялардың Қазақстанда, кейінгі кезде жаңбырдан кейінгі шыға келетін саңырауқұлақтар сияқты, көбейіп кеткені белгілі болатын. Мен ол студентке бір сенімсіздікпен қарадым.
Біріншіден, ол мемлекеттік емес компания. Біздер студенттерге Жезқазғаннан мыс, Қарағандыдан көмір, Маңғыстаудан мұнай, Кенді Алтайдан түсті металдар және тағы басқа рудалар шығады деп түсіндіреміз. Студенттер сол кен орындарымен жете танысады, практикаға барады, диплом жобалап сол кен ошақтарына барып жұмыс атқарады. Біздер соған баулимыз.
Екіншіден, сол кезде «Голд-Ленд» компаниясы банктан алған қарызын өтей алмайтын жағдайға жетіп, жабылатын болды деп естігенбіз. Мәселен, ондай кәсіпорындарға Ақтаудағы фосфор өндейтін төрт бірдей зауыты бар, фосфорит өндіретін бірнеше кен орындары бар жабылып қалған компаниялар жататын. Содан мен әлгі студентімнен: «Сен банкрот болған «Голд-Лендте» не жұмысың бар, сонда кім болып істейсің? – деп сұрадым. Ал, ол маған «Мен сол компанияның бастығымын» – дегені. Щучинск қаласына келмей тұрып, ол 1999 жылдан бастап алтын өңдейтін Маятаста жұмыс атқарған екен. 2001 жылдан бастап Комаровский кеніші негізінде Жетіқара қаласында құрылған «Метал Трэйдингте» («Қостанайминералдары») компаниясы директорының орынбасары қызметін атқарған, 2004 жылы әлгі банкрот болған «Голд-Лендті» қалпына келтіру жүктеліпті.
Сөйтіп, мен сенімсіздікпен қарап отырған студентім, кен-металлургия өндірісін жақсы білетін, тәжірибесі мол, бірақ, қолында кен инженері деген дипломы жоқ Бисенов Ерлан деген, 1968 жылы туған азамат екен. Байқасам, бұл оқып жатқан тау-кен инженері мамандығы оның игеріп жатқан үшінші кәсіби мамандығы көрінеді. Ең алдымен, ол Алматының құрылыс техникумын, одан кейін «Нархозды» бітіріп, экономист мамандығын алған, банкте қызмет атқарған. Ол «Тұран Әлем банкінде» сирек кездесетін металдар бөлімін басқара жүріп, бірнеше алтын және алюминий рудаларын өңдеудің жаңа жобаларын жасап, жүзеге асырғандығына кейін көзім жетті.
Ерлан Бисенов 2006 жылы қолына кен инженері мамандығын куәландыратын диплом алды. Сол жылы жаз айында мен Көкшетауда, Шалқарда дем алуға бардым. «Солтүстікказнедра» аймақтық басқарманың мамандарынан «Голд-Ленд» компаниясы және оның бастығы Е.Бисенов туралы сыр тарттым. Сонда басқарманың бас геологы Б.Е.Бекмағамбетов:
– «Голд-Лендке» бастық етіп жіберген Ерлан деген жас жігіт осы компанияның екі жылға жуық еңбек ақы төлемдері мен бюджетке берешек қыруар қарыздарын толығымен жапты. Бұрынғы басшыларымен, жұмыс істеген адамдармен айтыс-тартыстың өзі бір жылға созылды ғой. Сот мәжілістері Щучинск емес, күн сайын Көкшетауда өтіп тұрды. Оған Е.Бисеновтің өзі тікелей және біздер де қатысып отырдық. Е.Бисенов өзі экономист екен, есеп-қисапқа жетік, не керек аяғында жеңіп шықты. Қазір компания өте жақсы жұмыс жасап жатыр. Біз Е.Бисеновты «Тұран Әлем банкінің» Комаровский алтын кен орнын игерудің жобасын жасап, кеніштің жұмыс істей бастағанынан, содан кейін Миялы, Суздальское, Жарқұлақ, Баянкөл алтын кен орындарын жобалағаннан бастап білеміз. Аз уақыттың ішінде қол астына өте тәжірибелі геологтар мен кеншілерді жиып алып, күшті бір ұжым (қазір «команда» дейді ғой) құрып алды. Күнде демей-ақ қояйын, ай сайын келіп тұрады, нысандарының барлығы осы Көкшетау төңірегінде ғой. Командасындағы Ю.Н.Гилев, И.В.Гачевич, В.В.Баранов секілді бірнеше жылдан бері Қазақстан кеніштеріне еселі еңбектерімен көзге түсіп жүрген мамандарды Геолог күні қарсаңында марапаттау туралы ұсыныстарымен Комитет төрағасы С.Б.Ужкеновке де жиі келіп тұрады, – деді.
Оған «Солтүстік Қатпар» кен орны негізінде қорғасын-вольфрам зауытын салуды жобалап, іске қосуды тапсырған екен, сол жұмыспен Қөкшетау мен Қарағанды арасында тынымсыз шауып жүргендігін, ол қай жерде жұмыс істесе де, сол мекеннің өркендеп-өсуіне, тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруына, ел экономикасының нығаюына үлес қосқандығын айтты. Мен байырғы қазақшылығыма салып:
– Ол жігіт өзі біздің қай ауданнан? – деп сұрадым.
– Ерлан Көкшетауда қызмет атқарғанымен, біздің төңіректен емес. Әке-шешесі Алматыда тұрады, сірә, сол жақтан болар, – деп жауап берді. Сөйтіп, мен демалысымды аяқтап, Алматыға келіп, Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіндегі оқытушылық-ғылыми қызметіме кірісіп кеттім.
Көркіне қарап көзің, бойына қарап көңілің, ісіне қарап ойың толатын, қой көздері оттай жайнап тұрған, 36 жастағы өрімдей өр мінезді сол баланы мен естен шығара алмадым. Бала деген себебім, менің үш балам бар, үшеуінің де жастары Ерланнан үлкен. Балаларымның бірі кенші-эколог, екіншісі геолог-ақын, үшіншісі математик. Менің өзім де, марқұм жолдасым да кен инженерлері едік. Балаларым мен інілерімнің де үйде-түзде естігендері және көргендері тау-кен жұмыстарының қызық та қиын жайттары болды. Жастайынан баулысақ та, олар осы тау-кен ісінің хас шебері, маманы бола алмағаны мені ойға қалдырды. Мүмкін, Ерланның әке-шешесі балаларын осы кен-металлургия ісіне басқаша бағыттаған шығар, мүмкін, олар да тау-кен саласының мамандары болар деген ойдан арылмай, мен сол Ерлан баланың ата-анасымен танысқым келді. Бірақ, оның сәті түспей, уақыт зымырап өтіп жатты.
2006 жылғы қарашаның 2-3 жұлдыздарында Қазақ ұлттық техникалық университетінде ғұлама ғалым Ақжан Машановтың 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Сол конференцияда мен академик Ш.М.Айталиевтен сұхбат алдым. Шмидт Мұсаұлын мен бұрыннан білетінмін, ол кісі кезінде менің оппонентім болған. Әңгімелесе келе, ол кісі соңғы кезде өзінің таза геомеханикамен айналысып жүргенін айта келе, «Ізденімпаз, кенші бір іншегім бар, ол кен-металлургия кешендерінің қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерлерімен, яғни, геоэкологиямен айналысып жүр. Сізді жақсы біледі. Соған жетекшілік жасайтын адам бар ма? – деп сұрады.
– Геоэкологиядан менің бірнеше аспиранттарым қорғады және де мен диссертациялық кеңестің төрайымымын. Ол кім деген азамат, аты-жөні кім? – дедім. Ол:
– Ерлан Баймұратұлы Бисенов деген азамат. Солтүстік Қатпар кен-металлургия кешенін басқарады – деді.
– Ол аяқ астынан шешіле қоятын мәселе емес, мына конференция-ны өткізіп алайық, содан кейін ол жігіттің жинаған қандай материалдары бар екен, соны көрейін. Мен өзім көптен бері сол Ерлан Бисеновтың ата-анасымен таныспақ ойым бар еді, жолығармыз – деп келістім Ш.М.Айталиевпен. Бүгінгі алған сұхбатымды газетке жариялайтындығымды айтып, Шмидт Мұсаұлымен қоштастым. Кешікпей Ерлан Бисеновпен кездесіп, болашақ ғылыми жұмыстың айдарын да аштық.
Желтоқсанның 22-сі күні маған Шмидт аға телефон шалды. Әдеттегі аман-саулықтан кейін, ол кісі маған бір нәрсені айта алмай тұрғандай болып көрінді. Мен шапшаң адаммын. Жұлып алғандай, «анадағы Ерлан деген азамат туралы айтқыңыз келіп тұр ма?» – деп сұрадым. «Солай деп те айтуға болады, мен өзім науқастанып жүрген едім және дәл қазір қатты қиналып тұрмын. Егер уақытыңыз болса, Бисеновтер үйіне кіріп шықсақ» – деді.
Жол-жөнекей Шмидт Мұсаұлының айтқаны «Маған туыстары хабарлады, Ерлан Бисенов кеше Қарағанды мен Астананың екі арасында жол апатынан қаза болыпты. Ерланды Қарағандыға ма, Көкшетауға ма, Алматыға ма, қайда жерлеу туралы талас туыпты. Ата-анасы осы жерде болған соң, денесін үйіне алып келіпті. Бірге барып, қазаға көңіл айталық», – дегені. Не айтарымды білмей қалдым. Үйге келсек адам көп. Баланың әкесі Баймұрат ес-түссіз сұлық, ал, Баян ана аһ ұрып жылап жатыр.
Қазақстан Республикасы егемендік алып, өндірісіміз өрістей бастаған кезде Ерлан Баймұратұлы секілді жастар өмірге белсене араласты. Ол біздің кен-металлургия саласында өшпес із қалдырған, жетіқаралық, қостанайлық, көкшетаулық, қарағандылық, оралдық ізгі ниетті қауымның ішінде еңбеккерлігімен, адалдығымен, азаматтық ажарымен, орнықты кішпейіл, ақпейіл мінезімен танымал, атқарған істері аңыз сияқты айтылып жүретін, ұрпақтан-ұрпаққа тарайтын азамат болды және бұдан былай да жас ұрпақ алдында үлгі болып қала бермек. Е.Бисенов секілді адамдардың орны мен еңбегін бағалай келе, ұлы Абай былай деген екен:
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған.
Жетіқара, Қарағандыда салынған зауыттар Ерлан Баймұратұлының артында қалған өшпес ізінің дәлелі емес пе?
Кейін мен Бисеновтер әулетімен араласып, танысқым келіп жүрген адамдарыммен туыстай болып кеттім. Баймұрат Бисенов – мал дәрігері, Баян – мектепте мұғалім болған. Ауылда еңбек еткен, қазір екеуі де құрметті зейнеткерлер. Міне осындай отбасында Ерландай ер азамат дүниеге келген. Ерлан үлкен әжесінің қолында ауылда тәрбиеленген. Ауылда өскен адамның есіл-дерті тек көкжиегі қол бұлғаған далаға, баурайы бұлдыраған тау бөктеріне, ауылға ауып тұрады. Күйбең тіршіліктің бар дертінен сол ғана айықтырардай, сол ғана жанға дауа болардай, Ерлан Көкшенің сұлу табиғатына ынтыға қарап серуендеуді ұнататын. Ата-анасына Бурабай санаториясында дем алғызды, осы жерге көшіп келгендерін қалады. Бірақ, өмір қамшының қысқа сабындай екен. Көкпен талас Оқжетпестей биік асулары алынбады, көгілдір Көкшедей армандары жүзеге аспады.
Ерлан Бисеновтың біртуар азамат екендігіне, оның аққан жұлдыздай жарқырап ағып өткен қысқа ғұмырында ел экономикасына қосқан үлесіне сөз бар ма? Ол туралы қызметтес жолдастары, туыстары, замандастары естеліктерін жазып келеді. Әлі де айтыла, жазыла бермек.
Маржан НҰРПЕЙІСОВА,
техника ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы.