Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Серпін» өңірлік жобалық кеңсесінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың төрағалығымен кезекті отырыс өтіп, аймақта аталмыш бағдарламаны іске асырудың барысы мен жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.
Аталмыш оқу орнындағы бұл өңірлік жобалық кеңсе былтырдан бері ашылып, іске кіріскен. Кездесуге қатысқан университет ректоры Марат Сырлыбаев өз сөзінде жобаның маңыздылығын және бағдарламамен оқуға келген жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай қарастырылғанын атап өтті.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға! – «Серпін-2050» бағдарламасы елімізде 2014 жылдан бастап қолға алынған еді. Біздің Ақмола облысында осы күні 1700 студент білім алуда, оның басым көпшілігі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде оқып жатыр. Сонымен бірге, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті де былтырдан бері жастарды осы бағдарламамен оқуға қабылдауды қолға алыпты.
Бір атап өтерлігі, облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев Білім және ғылым министрлігінде қызмет етіп жүрген кезінде осы жобаның жасалуына куратор болып, аталмыш бағдарламаның әзірленіп, іске асырылуына өзі тікелей қатысқан.
Баршаға белгілі, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін- 2050» жобасының басты мақсаты халқы тығыз орналасқан еліміздің Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстары сияқты оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі бар Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру мүмкіндігін жасау болып табылады. Бірақ, біздің облыста 11 жылдан бері іске асырылып келе жатқан жобаның нәтижесі көңіл көншітпейді. Жастардың осы жаққа жұмысқа тұрақтап қалып жатқаны шамалы. Оған себеп-сылтаулары да көп.
Оны Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, жобалық кеңсе басшысының орынбасары Ардақ Қапышевтің 2024 жылғы түлектерді жұмысқа орналастыру мониторингінің қорытындылары және 2025 жылы «Серпін» жобасы бойынша оқуды аяқтайтын түлектерді жұмысқа орналастырудың перспективалары мен проблемалары туралы баяндамасынан да байқадық. Статистикалық мәліметтерге көз салсақ, 2014-2024 жылдар аралығында университет бағдарлама бойынша 4044 студентті оқуға қабылдапты, оның 1946-сы оқуларын сәтті аяқтап шыққан. Бүгінгі таңда оқу орнында 1635 студент білім алуда. 2024 жылы оқуды 217 түлек аяқтаса, олардың 33-і оқу бітірген аймақта жұмыс істеуге қалған, 132-сі оқуларын жалғастырған, 21-і тұрмыс құрып кеткен, 10-ы тұрғылықты жеріне аттанған, 6-уы басқа аймақтарға жұмысқа шақырылған, 14-і жұмыспен қамтылмаған, 1-еуі әскери міндетін өтеуге кеткен. Жалпы, соңғы үш жылда 916 түлек аталмыш оқу орнын «Серпін» бағдарламасымен тәмамдаса, оның 157-сі ғана осы жақта жұмысқа қалған. Осы статистикадан-ақ бағдарламаның талап-шарттарын әлі күшейте түсу қажеттігін көруге болады. Баяндамашының ақпаратынан жастарды жұмысқа орналастыру бойынша бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын байқадық, бірақ, әзірге нәтиже осы.
– Түлектердің жұмысқа орналасуына көмектесу мәселесі басты назарда. Ағымдағы оқу жылында бағдарлама аясында Ш.Уәлиханов университетінде 377 түлек оқуын аяқтауда, оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша – 319 студент, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтар бойынша – 58 студент. 23 мамандық бойынша 1635 студент оқуын жалғастыруда, – деді А.Қапышев.
Осы ретте, ол «Серпін» мен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламаларын бір-бірімен байланыстырып жіберуді ұсынды. Бұл кезде жас мамандарға барған елді мекенінде пәтер алуға жеңілдетілген несие мен көтермеақы қарастырылатынын және аталған мәселе жастардың оқыған аумағында қалуына игі әсер ететінін айтып түсіндірді. Бұл ұсынысты облыс әкімінің орынбасары құптап, қолдады.
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мұхамедин өз сөзінде басқарма мен оған қарасты мекемелердің осы мәселеге қатысты жұмысының негізгі бағыттарын атап өтті. Сонымен қатар, Ақмола облысының жастарын жұмысқа орналастыру бойынша қабылданып жатқан шаралар және жоғары оқу орындары жанындағы мансап және жұмысқа орналастыру орталығының жергілікті жерлердегі мансап орталықтарымен өзара тығыз іс-қимылы бойынша жұмысты жандандыру туралы айтты.
Бүгінгі таңда Ақмола облысының кәсіптік және техникалық білім ордалары да «Серпін» жобасына қатысуды қолға алмақшы. Ақмола облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов өңірдің техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінде «Серпін» жобасын іске асыруды жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ, жұмыс күші артық өңірлердің мектептерінде кәсіптік бағдарлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Биыл өңірдің 10 колледжі осы бағдарлама аясында 250-ден астам жасты оқуға қабылдамақшы. Атап айтқанда, өңірге аса қажетті электрмен жабдықтау, агрономия, ауыл шаруашылығы, педагогика, ветеринария, бағдарламалық қамтамасыз ету, жылумен қамту, геодезия, сәулет секілді 30-дан астам мамандық бойынша кадр даярланбақшы. Бір атап өтерлігі, бұл колледждерге оқуға түскен бағдарламаға қатысушы жастармен оқу орны олардың оқу барысында тәжірибеден өтіп, одан әрі жұмысқа орналаса алуы үшін бір кәсіпорынмен үшжақты келісім-шарт жасамақшы. Бұл жоспар іске асырылса, өңірде серпіндіктердің тұрақтап қалуы жақсарады деген ойдамыз.
Отырыс қорытындысы бойынша Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Ерланұлы «Серпін» жобасын жүзеге асыру аясында атқарылуы тиіс бірқатар міндеттерді атап өтті және аудандық білім бөлімдеріне келесі оқу жылына қажетті педагог мамандардың тізімін жасап, серпіндіктерді алдыңғы кезекте жұмысқа қабылдауды тапсырды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.