12 сәуір – ғылым саласының қызметкерлері күні
Бұған дейін 1961 жылдың 12 сәуірінде бұрынғы Кеңес Одағының азаматы Юрий Гагариннің қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан адамзат тарихында тұңғыш рет ғарышқа көтерілгеніне байланысты Космонавтика күні ретінде аталып келген 12 сәуір Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің 2011 жылғы 22 қазандағы Жарлығымен бұдан былай Қазақстан Республикасы ғылым саласының қызметкерлері күні болып белгіленді. Содан бері 13 жыл бойы бұл күн осылай аталып, тәуелсіз еліміздің ғылым мен техника саласындағы жетістіктерін паш етіп келеді.
Сонымен бірге, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас ассамблеясының 2011 жылғы 7 сәуірдегі резолюциясы бойынша бұл күн адамның ғарышқа тұңғыш ұшқан Халықаралық күні болып белгіленген. Елімізде 2012 жылдан бастап, жаңаша аталып келе жатқан бұл мерекенің 12 сәуірге белгіленгені де тегін емес. Бұл күн адамзат тарихында тұңғыш рет адамның ғарышқа ұшып, аман-есен оралған күні және қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтпаевтың дүниеге келген күні. Биыл қазақ ғылымының жарық жұлдызының туғанына 126 жыл толып отыр.
Қаныш Сәтбаев
Атақты геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтпаев соғыстан кейінгі жылдары Қазақстандағы астрономия мен астрофизиканың дамуына жағдай жасап, Алматыға қоныс аударған ғалымдарға Марсты зерттеуді ұсынған. Бұл туралы зерттеуші Санжар Керімбай Qalam жобасына берген сұхбат барысында айтып берді.
Зерттеушінің сөзінше, Қаныш Сәтпаев соғыс жылдары Қазақстанға келген астроном, астрофизик ғалымдар Гавриил Тихов пен Василий Фесенковқа ұсыныс білдіріп, оларды ғылыммен айналысуға және тұрмысқа қажет дүниемен қамтамасыз етіп, осы жерде еңбек етуге көндірген екен. Тіпті Берлиндегі обсерваториядан контрибуция ретінде тәркіленген телескоптарды Мәскеу мен Ленинградта қалдырмай, Алматыға жеткізген.
– Обсерваторияны 1945-1946 жылдары Алматыға орнатып қойды. Сөйтіп, екі ғалымға «Адамзаттың назары ерте ме, кеш пе, Марсқа ауады, сондықтан, жағдайларыңды жасайын, сендер осы бастан Марсты зерттей беріңдер» деп айтқан. Сонда Қаныш Сәтпаев Жердің бетінде адам көбейеді, ресурс азаяды, ауыз су тапшы болады, адамдар қысылып, тыпыршып, тіршілігін жалғастыру үшін екінші планета іздеуге мәжбүр болады дегенді сол 1945 жылы ойлап отыр ғой, – дейді Санжар Керімбай.
Оның айтуынша, Қаныш Сәтпаев ғалымдарға қызыл ғаламшардың табиғатын зерттеп, шөлейтті болса, жердегі шөлейтті аймақта өсімдік өсіруді, мұз болса, мұзды өңірлерді зерттеуді, яғни, оттегін шығару жолдарын игеруді ұсынған екен.
Қаныш Сәтпаевтың осындай еңбегінің және Г.Тихов пен В.Фесенков секілді ғалымдардың арқасында Алматының астрофизика институтының күшейгені сонша, 1960 жылдары АҚШ-тағы NASA (Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқарма) қазақ орталығымен санасатын болыпты.
Ғалымдар ғаламдағы бір жұлдызды көріп, оны дәл, нақпа-нақ бар деп сенімді пәтуа беретін болса, Алматының астрофизиктерімен ақылдасатын, солармен бірлесе шешім қабылдайтын жағдайға келді деп айтады. Сәтпаевтың өзін тікелей астрофизик болды деуге болмайды, бірақ, белгілі бір дәрежеде хабары болған. Екі астрофизикті көргеннен кейін, соларға барлық жағдайын жасаған, – дейді осы жөнінде ой бөліскен зерттеуші.
Санжар Керімбай сырттан келген ғалымдардың соғыстан кейін туған еліне оралмай, Қазақстанда қалып, ғылыми жолын әрі қарай жалғастыруына Қаныш Сәтпаевтың ғылымға деген сүйіспеншілігі мен болмысы себепші болғанын атап өтті.
Екі ғалым «Алматыда не бар, соғыс бітті, Алматың – кішкентай қала, біз бұл жерде ғылыммен айналыса алмаймыз, үйімізге, ғалымдардың ортасына, Москвамыз бен Ленинградымызға қайтайық» деп кетіп қалса болады ғой. Бірақ, оларды жібермеген нәрсе – Қаныш Сәтпаевтың ғылымға деген махабаты және ғалым көрсе, ботадай елжіреп тұратын болмысы. Мұны көргендер «кетемін» деп Қаныштың жүрегін жаралай алмаған, – дейді ол.
Qalam мультимедиялық жобасы.
сурет: tomeet.travel/images/cms