Құқық саласын цифрландырудың өзекті мәселелері

Халықаралық конференция

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде «Цифрлық құқықтың өзекті мәселелері: теория және тәжірибе» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Конференцияның пленарлық отырысын А.Мырзахметов атындағы университеттің ректоры, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Сағынтай Елубаев ашып, жүргізді. Цифрлық құқықтың өзекті мәселелері қозғалған бұл отырысқа Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Оразхан, Астана халықаралық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили, Халықаралық көлік-гуманитарлық университетінің әлеуметтік ғылымдар және құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Гаухар Рүстемова және алыс-жақын шетелдердің тағы бір топ ғалымдары, аталмыш оқу орнының оқытушылық құрамы мен студенттері қатысты.

– Бұл конференцияға құқық қорғау органдардың басшылары мен есімдері әлемге танылған ғалымдардың қатысып отырғанына қуаныштымыз. Бүгінгі айтулы шараға Ресей, Қырғызстан, Литва, Түркия, Моңғолия мемлекеттерінің ғалымдары да қатысуда, – деп бастады сөзін университет ректоры. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде цифрландыру мәселесі кеңінен қолға алынуда. Біздің таңдап алған тақырыбымыз да ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған тұста өте өзекті. Қазіргі таңда цифрлық технологиялар адамдардың күнделікті өмір сүру дағдысының бір бөлігіне ғана емес, мемлекеттік органдардың да басты ілгерілету құралына айналуда. Бұл сала құқықтық реттеуді, соның ішінде, азаматтардың жеке мәліметтерін қорғаудан бастап, киберқылмыспен күресуге дейінгі технологияларды заңгерлердің терең түсініп, құқықтық нормаларды жаңа контекстке сай бейімдеуін талап етеді. Конференция барысында осының шешілу жолдары табылады деген ойдамын, – деп Сағынтай Елубайұлы конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Марат Ахметжанов:

– Конференцияға жан-жақтан белгілі ғалымдар мен заңгерлердің көптеп қатысуы университеттің ғылым саласында беделі жоғары екендігін аңғартады. Шараның Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында өткізілуінің өзінің де бір мәні бар деп ойлаймын. Бүгінгі көтеріліп отырған тақырып өте өзекті. Цифрландыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсуіне, қоғам мен мемлекеттің дамуына зор мүмкіндіктер береді. Бүгінде еліміз цифрландыру мәселесінде алдыңғы 20 елдің қатарына еніп отыр, соның ішінде құқық қорғау қызметі саласы да бар. Цифрландыру мемлекеттік қызметте ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз етеді, тез әрі жылдам шешім қабылдауға, сараптамалық, талдау жұмыстары кезінде жасанды интеллектіні пайдалану арқылы қажетті шешімдерді табуға мүмкіндік береді. Бірақ, жасанды интеллектіні қолдануда оны адам басқаруы қажет, – дей келе, жастарға білім алумен қатар, өздерінің тәрбиесіне, ойлау қабілеттерінің дамуына да көңіл бөлулері қажеттігін атап өтті.

– Бұрын бір істі талдап, саралап, шешім шығару үшін айлап, жылдап зерттеулер жүргізіп, сараптама жасайтынбыз. Қазір сандық технологиялардың енгізілуінің нәтижесінде, барлық істер мен соттардың, тергеулер мен шешімдердің нұсқалары сандық форматқа түсірілгеннен кейін тез әрекет етудеміз. Бұл сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алуға да септігін тигізуде. Кез келген анықтаманы үйден шықпай алуға болады. Цифрландырудың белсенді қолға алынғаны дұрыс, бірақ, онымен қатар, интернетте алаяқтық әрекеттер де көбейіп кетті. Осындай жағымды жағдайлармен қатар, жағымсыз жақтар да бар. Бұл жаңа қылмыс түрлерінің пайда болуына әкеліп соғуда. Мұны құқықтық тұрғыдан реттеп, баға беретін заңгерлер. Осыны реттейтін құқықтық нормалар мен заң керек, –деп облыс әкімі әрбір жаңалық пен жаңашылдық жаңа бір құқықтық нормаларды бекітуді талап ететінін атап өтті. Сонымен бірге, ақпараттық технологиялар күн сайын дамып, жетілдіріліп жатқандықтан, құқықтық салада осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсу қажеттігіне тоқталды. Сонымен бірге, аймақ басшысы цифрландыру саласын меңгерген бір басқа, адамшылық қасиеттерден айырылмау тағы бір бөлек әңгіме екендігіне, жастардың өз адамгершілік қырларын дамыта түсулері керектігіне көңіл бөлді. Әсіресе, заң саласында оқып жүрген болашақ сот, құқық қорғаушы, заңгерлерге заң нормаларын білгізумен қатар, бойларына адамгершілік құндылықтарды да сіңіру қажеттіне тоқталды.

Пленарлық мәжілісте Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов облыс аумағындағы аудандық, қалалық соттарда еңбек етіп жүрген мамандардың көбі аталмыш оқу орнының түлектері екендігін атап өтті. Сонымен бірге, ол цифрландыру технологиялары сот қызметіне де енгізіліп, бүгінде барлық сот процестерінің бейнежазбаларын қарауға болатынына назар аударды және тәжірибе алмасу мақсатында болашақ соттарда бір іске қатысты шешім шығару үшін бірнеше шешімді қарастырып шығуға, салыстыруға мүмкіндік барын айтып түсіндірді.

Ал, негізгі баяндаманы Астана халықаралық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили жасап, ол кейбір заңнамалық нормалардың бір-біріне қайшы келетіндігін, бір мотивте жасалған қылмыстар бойынша жазалау мерзіміне байланысты әр түрлі  шешім шығарылып жүргенін, кейбір жаңа заңдардың өзіне өзгерістер енгізу қажеттігін, қылмыс түрлерінің жазалау мерзімдері де көп жағдайда оған сай келмейтіндігін мәселе етіп көтерді. Кейде тіпті соттарда әр адам өзінің құқығы мен бостандығын қорғай алады деген Ата заңда көрсетілген  тұжырым ескерілмей, кодекстегі баптарға басымдық берілетіндігін сынға алды.

– Конституция – біз өмір сүріп жатқан қоғамның, мемлекеттің басты құжаты. Ал, сол Конституцияның мүддесін қорғайтын – заңгерлер. Ата заңды бәріміз де  қорғауға тиіспіз, бірақ, заңгер оны ерекше қорғауға міндетті, – деп болашақ заңгерлерге ең алдымен, Конституцияны құрметтеуге, сақтауға, оған басымдық беруге кеңес берді.

Бұдан әрі университет ректоры Сағынтай Елубаев пленарлық мәжілісті қорытындылап, барлық қатысушыларға алғыс білдірді. Конференция бірнеше секциялық бағыт бойынша жұмысын одан әрі жалғастырды. Конференция қонақтары үшін университет туры да ұйымдастырылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген  Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар