Әр шығармасы сол  дәуірдің тілінде сөйлейді

Өшпес өнеге

Көкшетау қалалық электронды кітапханасында қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, таяуда ғана Америка Құрама Штаттарында дүниеден өткен Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына орай, «Бір атаның балалары» атты тақырыпта еске алу кеші болып өтті.  Оның қаламында қадым заманғы бабалар үні, ақсақалдар сыны, біз ұмытқан тарамды тағдыр ізі бар болатын. Қаламы тек ақиқатты жазды.  

Іс-шараның мақсаты ұлтымыздың үлкен жүректі перзенті, классик жазушы, халқымыздың жаратылысы бөлек арда ұлы, Алаш руханиятының алдаспаны Мұхтар ағамыздың саналы ғұмыры мен қаламының сырын түйсіну, көкейге түю болып табылады.

Мағауиннің көмейі мен көкейіне Тәңірім киіз туырлықты халқының даңқын да, алдаспан ақылын да салған. Жазуы жүректегі жүгі, арқалағаны аманаты еді.

Халық жазушысы, кең ауқымды  сөз зергерінің 26 томдық шығармалар жинағындағы әр әңгіме, хикаят, романдарының астарындағы терең ойды түсіну бүгінгі біздің еншіміз.

Іс-шара барысында Мұхтар Мағауиннің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетіліп, шараға қатысушылар жазушының әдеби мұрасы жайлы терең мағлұмат алды. Жиналған қауым кеш тақырыбын көтеріп тұрған «Бір атаның балалары» повесінің мазмұны мен маңызын талқылап, шығармадағы кейіпкерлердің тағдыры мен автордың идеясы туралы пікір алмасты. «Алдаспан», «Аласапыран», «Жармақ», «Сары қазақ», «Қобыз сарыны», Шыңғыс хан» және тағы басқа  романдары мен әңгімелерінің жазылу барысы, айтар ойы, кесімді пікірлері мен орамды сөйлемдерінің астарындағы пәлсапаға ден қойды. Әсіресе, «Мен» атты хамсалық-эпистолярлық романындағы Мұхтар, «Алтын дәптер» бетіндегі нобайлар ерекше ауызға алынды. Сонымен қатар, жазушының қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі, оның шығармаларындағы ұлттық болмыс пен тарихи тақырыптардың көрінісі жайлы әңгіме өрбіді.  Мұхтар Мағауиннің кез келген туындысы сол дәуірдің тілінде сөйлейді. Осы жағы айтылды.

Бұл әдеби кеш Мұхтар Мағауиннің шығармашылығын жаңа қырынан танып, оның рухани мұрасын насихаттауға иненің жасуындай болсын, өз үлесін қосары сөзсіз. Арыстандай аруақты атамыз әр сағатын, әр күнін, күллі ғұмырын есеппен жұмсап, ұлт үшін мол мұра қалдырды. Күллі қазақты өз құшағына сыйдырған жазушы сырт жерде қайтпас сапарға аттанып кетті. Көзі тірі болғанда, ерте-кеш пе, еліне де бір табан тірер ме еді. Осының бәрі өкініш. Ал, қазақтың осындай керемет жазушыны өмірге әкелгені әрине, қай заман, қай кезеңде де үлкен мақтаныш!

Нұрлан ОЛЖАБАЙҰЛЫ,
Көкшетау қалалық электронды кітапханасының меңгерушісі.

сурет: avatars.mds.yandex.net

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар