(баллада)
1961. Есімде менің қалғаны,
Көктемімнің көк емес,
Қара қошқыл аспаны.
Таңертеңгі онның кезі еді,
Отырғанбыз шай ішіп.
Төбемізден тап бір,
Кеткендейін жай түсіп,
Төрт бұрышты қобдиша,
Сайрап тұрар төрдегі –
Үлкен ағам ермегі.
Дауысын қойған қаттыға,
Музыка ойнап жатты да,
Кенет бәрін ысырып,
«Сөйлеп тұрған Москва,
Сөйлеп тұрған Москва!»
Деді екі рет қайталап,
Бұл кезде ақын Олжас та,
«Адамға табын жер, енді!»
Деген сол бір дастанын,
Оқитынын біліп пе,
Останкинода атойлап.
Соғыс па деп қорқып,
Соғыс па деп үрпиіп,
Зәре-құты қалмаған
Кіші інісі әкемнің,
Босағада селтиіп,
Ескі, ауыр етігін,
Бір шешіп, бір киіп,
Не істерін білмеген.
Соның бәрін аңдаған,
Бала едік біз деген.
Дастарханнан тым жұтаң,
Көзіміз қант іздеген.
Радиода құлақтар,
Радиода бар ақпар.
Аңтарылып тұрғанда,
Сол шақпақ қант қалтаға,
Жып беріп кірсін де,
Шықпайтынын білсін де.
Сондай бір айлалар,
Бүгін де аман жүрсің бе?!
Ал, радио бөгелме,
Бар зейіндер тек сенде.
Космосқа алғашқы,
«Адам ұшты» дегенде,
–Уһ, – деп бір жан атам, –
Соғыс емес екен ғой,
Бұл ата нәлетті,
Жай айтса болмай ма,
Зәремізді ұшырып.
Не көрінді мұндайда?! –
Деп барып жүрелеп,
Шөгіп қалды отырып,
Бір сөзі жоқ өтірік.
Соғыс деген сұмдықтан,
Болып қалған зәрезап,
Онда да Левитан,
Қатты сөйлеп зәрені ап,
Жұқартқан ғой кешегі,
Не көрмеген солдатты.
Содан азан-қазан боп,
Далаға да шығып ек.
Қайдан естіп қалғанын,
Маслопром жағынан,
«Уралаған» салт атты,
«Космосқа ұштық» деп,
Атыменен далақтап,
Кеңсеге қарай бара жатты.
Жылда 12 сәуір кеп,
Тұрса космос дәуірлеп,
Есіме осы алғаным.
Жақсы ма, бұл жаман ба,
Шүкір, ел-жұрт аманда,
Күні бүгінге дейін,
Ұмытылмай санамда,
Менің бала кезімнен,
Басқа емес, сол қапты.
Мұны қойшы, бәрінен,
Әлі де аяп тұрамын.
Түр-түсі бұзылып,
Соғыс па деп қорыққан,
Сұм қырғыннан зорыққан,
Қайран менің жан атам –
Момын, жуас сол қартты!..
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.