Туризм
Ақмола облысында туризм саласын дамыту жүйелі әрі ауқымды серпін алды. Бұл 2025-2029 жылдарға арналған Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың кешенді жоспары бекітілуінің нәтижесі. Аталған мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметінің туризмді цифрландыруға арналған отырысында кеңінен талқыланған болатын.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, кешенді жоспар 118 іс-шараны қамтиды. Олардың мақсаты – заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру, қызмет көрсету сапасын арттыру және туризмнің жаңа бағыттарын дамыту.
– Кешенді жоспар аясында инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңарту, іскерлік, қысқы және этнотуризмді өрістету, сондай-ақ, цифрлық шешімдерді енгізу көзделген. Туризм өңір экономикасының басты қозғаушы күштерінің біріне айналуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Жоспарда «Ақбұлақ» шипажайы, Қатаркөл мен Жөкей көлдерінің маңындағы демалыс аймақтары секілді жаңа туристік нысандарды дамытуға басымдық берілген.
Инженерлік және көлік инфрақұрылымына қатысты 34 жобаның маңыздылығы айқындалып, оның аясында шамамен 400 шақырым су, кәріз және жылу жүйелері, 116 шақырым электр желілері мен 80 шақырым жол салу және жаңғырту жоспарланған.
Жыл он екі ай бойы туризмді дамыту тұжырымдамасына сай іскерлік, оқиғалық және этнотуризм бағыттарын ілгерілетуге көңіл бөлінеді. Бурабай курорттық аймағын халықаралық деңгейдегі іскерлік, мәдени және спорттық іс-шаралар өтетін орталыққа айналдыру көзделіп отыр.
– Бұл мақсатта ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, сумен жабдықтау жүйелері, электр желілері мен жолдар салынуда және қайта жаңартылуда, – дейді Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский.
Курорт аумағында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Бурабай аудандық жедел басқару орталығына біріктірілген 114 «ақылды» бейнебақылау камерасы орнатылады. Сонымен қатар, өткен жылы ұялы байланыс пен мобильді интернет сапасын жақсарту мақсатында 7 антенна-мачталық құрылғы орнатылған.
Сонымен қатар, цифрлық шешімдерге ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі таңда туристерге бағыт, көрікті жерлер мен қызмет түрлері туралы толық ақпарат ұсынатын Burabay Travel мобильді қосымшасын контентпен толықтыру жұмыстары аяқталуға жақын.
Апта ішінде туризм саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша оқыту басталады. Онда жалпы саны 500 адам қамтылады.
– Біз «Төрт мезгіл» (Four Seasons) тұжырымдамасын жүзеге асырудамыз. Оның аясында ірі халықаралық және республикалық іс-шараларды өткізу жоспарланған. Басты мақсат – туризмді жыл бойы үздіксіз, тұрақты және халықаралық стандарттарға сай дамыту, – деп қорытындылады өз сөзін Марат Ахметжанов.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.