Ашиды жаның!..
Қазір ғой, «тәуелсіздігімізді алдық», «бодандықтан құтылдық», «төл теңгеміз айналымға шығып, Қазақстанды бүкіл әлем таныды», тағысын тағылар деп жүреміз. Бірақ, шындығын айту керек, бұрынғы одақ ыдырап, дербес мемлекет болғанымызбен шын қазақтыққа әлі қол жетпей жүр-ау деген ой көкейімнен бір кетпейді.
Олай дейтінім, алдымен ана сүтін еміп өскен бізге, тілімізге мемлекеттік мәртебе беріліп, жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамдары, кейіннен тіл комитеттері, я басқармалары құрылғанымен ана тіліміздің өркендеп, көгере қойғандығы шамалы. Тіпті жекелеген шаруашылықтар мен кәсіпорындардағы, ұйымдар мен мекемелердегі маңдайшаға ілінген жазулардың әлі күнге дұрыс «қазақшаланбағанына» кім кінәлі?!
Өзгесі өзге-ау, таяуда ғана республикалық теледидардан көкшетаулық тілшінің осындағы шығарған әсем бұйымдарымен ауызға іліге бастаған кәсіпорындардың бірі – фарфор заводынан қысқа репортажы берілді. Сонда завод маңдайшасындағы «Кокшетавский фарфоровый…» деген жазуларды көріп, бұған дейін ресми бекітілген «Көкшетау» атауының дұрыс аталмай жүргендігіне қынжылмасқа амалымыз қалмады.
Бұл солай-ақ болсын, тіліміздің үйде, түзде қолданылуы қалай? Айтпаңыз сұмдық. Ана жылдары «қазақ мектептері түгел дерлік жабылып қалды, бала бақшада да, түзде де орысша былдырақтаған бала қазақша қалай сөйлесін, сонсоң орыс класына бердік» деп сылтаурататын ағайындар қазір қазақ тіліне еркіндік берілсе де, тап бүгінге дейін «сол ауруынан» танбай-ақ келеді. Ендеше бұған, осының бәріне, қазағымыздың мәңгүрттенуіне бұрынғы империялық саясат кінәлі деп қай бетімізбен, қалай айта алмақпыз.
Оны қояйық, осы күннің қазақтары ана тіліндегі кітаптарды, газеттер мен журналдарды да оқымайды десек, өтірік емес. Бар гәп, айлық ақшаларын алмағанда, алғанда тұрған жоқ, сол қазақтарың газеттен гөрі жартылық ішкенді тәуір көреді десек тағы қателеспейміз. «Ой, жаңалықты радио, теледидардан да естіп, көреміз, дейді солар. Әйтпесе, коммерциялық телеканалдың, «Оқжетпестің» бағдарламасын беріп тұрмасаңыздар газеттеріңізге жазылмаймыз деген қазақтар (қазақ деп айтуға да ерсі) сол тілектері орындалса да «Көкшетауға» неліктен жазылмады екен?
Теңгеміз туралы да осыны айтуға болады. Кезінде «бабаларымыздың суреті басылған теңге-ақшамыз шықты» деп бөркімізді аспанға атсақ, қазір соның бәрі су сепкендей басылды. Өйткені, баға күн санап өсіп, теңгенің құны түсіп барады. Пәтерақы, коммуналдық қызмет, электр жарығы, бәрі-бәрі тағы қымбаттады. Алған айлығың үстіңе киер костюм, шалбарыңа әзер жетсе, теңгенің нарқын түсіне бер. Қазір оқуға түсу үшін де, оқу үшін де ақша төлеу керек. Ебін білгендер демеуші табар-ау, ал, біз сияқты «қағаз кеміргендер» (қағазың ол да тапшы) қайтпек? Алыстағы туыс-жегжатыңа барып қайту бүгінде ол да мұң. Себебі, баруыңа қаражат тапқанмен, қайтарыңа қалта сипалап қалуың анық. Өйдейтінім, самолет түгілі поезбен жүруің қазір үлкен проблема.
Жә, мұның бәрі осылай делік, ал, ұлттық намыс, ұлттық қадір-қасиет, қазағымыздың баяғы салт-дәстүрлері қайда? Газетке жазылмай-ақ қояйық, кітап оқымайық делік, ал, кинотеатрларға, түрлі концерттерге, қойылымдарға неге бармаймыз. Атақты адамдардың, жерлес зиялылардың Ақан сері, Біржан сал, тағы басқаларының мерейтойларын өткізеді екенбіз, соны алдымен өз қазағымыз «мынадай нарық қыспағында қалып, жанымыз тығырыққа тірелгенде той-тойлағанымыз не теңіміз?!» деп өзге жұрттың алдында өз беделімізді төмен түсіретіндігіміз неліктен?
Әйтпесе, қазақтарға кешегі кеңес үкіметі кезінде де, қазір де ұлты басқа ағайындар: «сендер арақ ішіңдер, сендер үйде ойран, түзде қырғын қылып, төбелес салыңдар, оқуды қойып, базар жағалап, сауда жасаңдар, кикілжіңдескенді шекеден қонжитып, жоғарыға арызданыңдар, үйге түсіп, машина айдап әкетіп, ұрлық істеңдер, доллар қуып, рэкетпен айналысыңдар», – деп ол-лаһи, үйретпесе керек, үйретіп те отырған жоқ. Қайта дүрдараздыққа жол беріп, ағайын-туыстың арасына сөз жүгіртіп, шеттен келген қандастарымызды шетқақпайлап, «ащы суды» әкесінің құны қалғандай сіміріп, «тастанды балаларды», «жетім бұрыштарды» көбейтіп жүрген де, көбейтіп отырғандар да қазақ байғұстың өзі.
Бала кезімізде шешелеріміз, әжейлеріміз ірімшік, құрт қайнатып, қазіргі кәмпит, печенье орнына соны жеуші едік. Түйе ұстап, шұбат дайындамаса да, әйтеуір, екінің-бірінде бар қымыздан ішетінбіз. Ал, бүгінде солардың көзден бір-бір ұшқанына не заман. Ауылда отырып, ауылдағылардың азын-аулақ ақша үшін сүттерін өткізе салатындықтарына таңсыз. Ал, біз секілді жатақтар қаланың сарыіркіт кефирі мен қатығына үйренгендейміз. Мейірің қанып, шай ішейін десең сүтінің өзі сүт емес, сылдыраған, ағарған су іспетті. Сонда мұның бәріне заман кінәлі ме, үкімет кінәлі ме?! Әйтсе де, осының бір ұшы айналып-үйіріліп, өзімізге де келіп тірелетін сияқты. Сондықтан да, ақын тілімен айтқанда:
Доғарайық, дәуірді сынай бермей,
Жүр дейсің бе біздерді
Құдай көрмей!
Жаңа ғасыр есігін бірге ашайық,
Заман-ай! – деп зар қақсап,
Жылай бермей!..
Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі,
ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, сатирик жазушы,