Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Сандықтау ауданына жұмыс сапары барысында Балкашино ауылындағы Жабай өзенінің арнасын тереңдету және жағалауын нығайту бағытындағы жұмыстармен танысты.
Жұмыс ауыл аумағындағы өзеннің жағалауын қамтып, су ағымын реттеу және ықтимал су басу қаупінің алдын алуға бағытталған.
Мердігер ұйымның мәліметінше, ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын учаскедегі жұмыстың 79 пайызы аяқталған. Құрылысқа 26 маман мен 10 арнайы техника, соның ішінде экскаваторлар, бульдозерлер мен тиегіштер жұмылдырылған. Құрылыстың қарқынын арттыру мақсатында жұмыс екі ауысыммен ұйымдастырылып отыр.
Әлеуметтік жауапкершілік аясында мердігер компания өз бастамасымен қосымша жұмыстарды да қоса атқаруда. Сандықтау ауылында 100 метрлік жағалау бөлігі бекітілсе, Петровка өзенінде 300 метрлік аумақта, ал, Каменка ауылындағы Сарқырама өзенінде 100 метрлік бөлікте арнаны бекіту және тереңдету шаралары жүргізілді.
Бұл кешенді шаралар өзен арналарынан судың еркін өтуін қамтамасыз етіп, су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үлкен көлемдегі су қауіпсіз жолмен өтіп, жергілікті тұрғындарды көктемгі су тасқынынан қорғау мүмкіндігі едәуір артты.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сандықтау ауданы.
***
Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова Макинск қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қабылдады.
Қабылдауға су басқан үйлердің иелері келіп, мүлік шығыны туралы хабарлады және материалдық көмек алу жөнінде өтініш білдірді. 2025 жылғы 4 сәуірде қардың күрт еруі салдарынан аудан орталығы Макинск қаласында 33 тұрғын үйді су басқан болатын. Қазіргі уақытта арнайы комиссия жұмыс істеп, осыған байланысты өтемақы алатын азаматтардың тізімін жасауда.
Алтынай Әміренова барлық зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті. Ол өтініш білдірушілерге көмектің көрсетілу тәртібін толық түсіндіріп, бірде-бір тұрғын мемлекет назарынан тыс қалмайтынын жеткізді.
Қабылдаудан кейін Макинск қаласының тұрғындары көтерген мәселелер бойынша комиссиялық тексеру жүргізілді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұланды ауданы.
8 Total Views , 1 Views Today