Арқа баспасөзінің көрнекті көнекөзі едіңіз

Қимас лебіз

Қазақ баспасөзі ең қарт журналисінен айырылды. Біз солай деп ойлаймыз. Өткен сенбі күні Астанада бұл пәни жалғанның дәмін бір ғасырға жуық татып, ардақты азамат, қарымды қалам иесі, осы елдің абыз ақсақалы ретінде артында өшпес үлгі-өнеге қалдырған Рүстем  Ғаббасұлы Бермағамбетов ағамызға да тағдыр-талайы ұзақ та мазмұнды ғұмырының соңғы нүктесін қойғызды.

Алланың әмірі,  ажалдың сұқ көзімен болатын бұл жазмышта ең алдымен, жанымызға медет тұтарымыз әрі бір адамдай сүйсінеріміз, осынша нар жүгіндей ұзақ та салиқалы ғұмырында Рүстем ағамыздың өз атына қылаудай сөз келтірмей, қашан болсын жайсаң қалпымен, жарасты жымиысымен мына ұбақ-шұбақ өмір көшін кейінгілерге тапсырып, абыройлы, ардақты қалпында арамызда ұзай бергендігі.

Рүстем ағамыздың есім-сойы біз алғаш Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне жұмысқа келген кезімізде өзімізге осы басылымның бір шарайнасы іспетті әсер қалдыратын. Өйткені, ұзақ жылдар, үздіксіз редакциядағы үлкен бөлімнің тізгінін ұстауы, осындағы бір қауым елді тәртіп пен адалдыққа, арлылыққа  тәрбиелеген қоғамдық жұмысы, сол үлгі-өнегені қызмет бабында алдымен өзі ұстануы, туған, шыққан ортасының қадірлілігі, ескіден көп білуі, тағысын тағы қасиеттері ол кісіні өз басымыздың қатты сыйлауымызға, тіпті, шынын айтсақ, именуімізге әкеліп тіреп жататын. Ол именуіміз әрине, ағаны сес көріп, қадірлеуіміз, алдынан кесе-көлденең өтпеуіміз еді.

Газет жұмысына осыдан аттай 74 жыл бұрын келген, оның үстіне сонау Хрущевтің өктемдігі тұсында солтүстік бес облыстың маңдайына жазған жалғыз басылымы «Тың өлкесінде»  қызмет атқарған ағамыз біз үшін теріскей өңірдегі қазақ баспасөзінің, оның ішінде өзіміздің «Арқа ажары» газетінің көзі тірі тарихы, көмбелі шежіресі болып көрінетін.

Бүгінгі қалам ұстаған аға буынның, үлкенді сыйлай, қадірлей білген, «аға»  деп бағасын бере алған көз көргендердің ортасында осындай үлкен орны бар қайран, Аға! Ешқашан жасыңызды, еңбегіңізді алға тартып, «мен мұндаймын», «мен солмын» деп кеуде қақпаушы едіңіз. Бірдеңеге баса көктеу, өрекпіп бұра тарту сізге жат еді. Кең дариялар, арнасы солай болған соң да, жайлап ағады ғой. Сол сияқты, осы бертін анда-санда көріп қалғанымызда берген бір ауыз сәлемімізге төбеңіз көкке жеткендей, балаша мәз болып, аңқылдай, мият көңіліңізді жайып салып, бір жасап қалар едіңіз.

Осы қалпыңызда енді біздің жүрегімізден бір елі ажырамай, тағдырдың дәм-тұзын тауысқанымызша, бірге жүре бересіз. Сүйегіңіздің асылдығы, жан-дүниеңіздің тазалығымен бір ғасырға жуық  ғұмыр кешкен Арқа баспасөзінің көрнекті көнекөзі, хош, бақұл болыңыз. Алла тағала енді Сізге тек о дүниенің бар жақсылығын нәсіп етсін!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар