Ақмолалықтар «Менің Жеңіс тарихым» патриоттық челленджіне қосылды

Ақмола облысы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық «Менің Жеңіс тарихым» акциясына қосылып кетті. Өңір тұрғындары әлеуметтік желілерде отбасылық мұрағаттарымен бөлісіп, майданда шайқасқан немесе тылда еңбек еткен туған-туыстары туралы әңгімелеп, ескі суреттер мен ұрпақтан-ұрпаққа жеткен естеліктерді жариялауда.

Акцияға әсіресе, мектеп оқушылары ерекше атсалысуда. Бесінші сынып оқушысы Әнел Қазбекова өз атасы – Ұлы Отан соғысының ардагері Саду Бекмағанбетов туралы айтып берді.

– Ол Кеңес армиясы қатарында 1934 жылдан бастап қызмет еткен. Соғыс басталған күннен бастап 162-атқыштар дивизиясының барлау ротасы құрамында болды. Минск түбінде, Украинада шайқасты, Германия мен Польшаны басып өтті. Ең ауыр сәттері Брянск ормандарында болды, ол жерде партизан отрядында қызмет етті, – дейді Әнел өз бейнекөрсетілімінде.

Оның атасы ерлігі үшін I және II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, III дәрежелі Даңқ ордендерімен, сондай-ақ, «Ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Өз отбасылық тарихымен ұстаздар да бөлісуде. Қызылсуат орта мектебінің мұғалімі Мұхтарима Төлегенова 30 сәуірде Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен күні мектепте «Батылдық пен батырлық» атты патриоттық челлендж басталатынын хабарлады. Эстафета Мәншүк Мәметова атындағы мектепке жолданады.

Ақмола облысы Ұлы Отан соғысы тарихында лайықты орын алды. Майдан шебінен шалғай орналасқанына қарамастан, өңір қуатты тылға айналды. Бұл жерден майданға 80 мыңнан астам адам аттанды, эвакуацияланған зауыттар мен госпитальдар осында орналасты, жараланған жауынгерлер емделді. Сондай-ақ, облысқа қоршаудағы Ленинградтан, Украина мен Беларуссиядан мыңдаған әйелдер мен балалар көшірілді. Жергілікті халық барымен бөлісіп, үлкен жанашырлық пен бірліктің үлгісін көрсетті.

Бүгінде жерлестеріміздің ерлігіне деген құрмет өшпей келеді. Әр ауданда патриоттық іс-шаралар өткізілуде, мұражайлар жұмыс істейді, ескерткіш тақталар орнатылуда. Көшелер, мектептер ардагерлердің есімдерімен аталады. «Менің Жеңіс тарихым» акциясы – ерлікті тек кітап бетінде ғана емес, отбасылық жадымызда да сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің жарқын жолы.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар