Салауатты өмір салты
Ақмола облысында биылғы жылдың аяғына дейін 9 спорт нысан пайдалануға беріледі.
Өткен 2024 жыл облысымыздың спорт саласы үшін елеулі оқиғаларға толы жыл болды. Жыл қорытындысында өңірде төрт бірдей спорт нысаны салынып, пайдалануға берілді. Қосшы және Степногорск қалалары мен Бурабай, Есіл аудандарында бой көтерген бұл спорттық нысандар бүгінде бұқаралық спортты дамытуға айтарлықтай септігін тигізуде.
Есіл ауданындағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғындардың нағыз спорт орталығына айналды. Кешенде бассейн, волейбол және баскетбол алаңдары, спорт залы бар. Ондағы үйірмелерге 200-ден астам бала тегін қатысады. Кешен құрылысына облыстық бюджеттен 700 миллион теңге бөлінген. Спорт кешенінің жалпы ауданы 2,5 мың шаршы метрді құрайды.
Спорт нысанын салу жұмыстары әу бастан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың өз бақылауында болды.
Ал, Степногорск қаласында бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені аймақ тұрғындарының денсаулығын нығайту және бұқаралық спортты дамыту үшін маңызды объектіге айналды. Аталмыш спорт нысанының құрылысымен «AN Groups» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысты. Жалпы ауданы 2 600 шаршы метрден асатын жаңадан бой көтерген спорттық кешен екі блоктан тұрады. Көп функционалды залда волейбол және шағын футбол алаңы орналасқан. Екінші блокта спорт залы, фитнес, сауықтыру, күрес және бокс бөлмелері бар. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар үшін қолжетімді ортаны құруға барынша назар аударылған.
Спорт нысанының ашылу салтанатына келіп қатысқан облыс әкімі Марат Ахметжанов нысанның құрылысына оң бағасын беріп, бұл кешеннің ашылуы өңірдің маңызды оқиғаларының бірі екенін атап өткен болатын.
– Біз спортпен шұғылданудың балалардан бастап қарттарға дейін қолжетімді болуы үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Мұндай нысандар тек жаттығу орындары ғана емес, сонымен қатар, қоғамды біріктіретін, жастарды шабыттандыратын және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін алаңдар болуға тиіс. Степногорск өзіндік спорттық дәстүрлерімен танымал, мұнда чемпиондарды тәрбиелеу керек. Бұл кешен қаланың мақтанышына айналатынына және көптеген жылдар бойы адамдарға қызмет ететініне сенімдімін, – деген болатын өңір басшысы сол жолы өз сөзінде.
Бұл жоба сонымен қатар, спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша облыстық бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Жаңа кешен бүгінгі күні өңірлік деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге арналған алаңға айналуда.
Өткен жылы сонымен қатар дәл осындай спорттық кешен Қосшы қаласында пайда болды. Бұл кешен де заманауи тренажерлармен, спорттық құрал-жабдықтармен және барлық қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықталды. Онда ересектер мен балаларға арналған бассейндер, тренажер, күрес және ойын залдары жұмыс істеуде. Аумағы отыратын орындармен, көше тренажерларымен абаттандырылды. Жобалық қуаты күніне 300 адамды қабылдауға қауқарлы. Аталмыш спорттық нысанда Олимпиада тізбесіне енгізілген спорттың 10 түрі бойынша секциялар жұмыс істейді.
Былтырғы жылы тағы бір спорттық кешеннің құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бурабай ауданы Мәдениет кентінде аяқталды. Спорт кешені барлық заманауи стандарттар бойынша салынып, ол жерде де ауыл тұрғындарына спортпен шұғылдануға барынша қолайлы жағдай жасалды. Екі қабатты ғимарат жертөлесіз салынды. Жоба бойынша бірінші қабатта ойын залы, киім ауыстыратын бөлмелер, қызметкерлерге арналған кабинеттер, душ және санитарлық тораптар орналастырылды. Екінші қабатта әртүрлі ойын, спорт түрлерімен айналысуға арналған әмбебап зал бар. Ойын залының биіктігі 6,3 метрге жетеді. Ғимарат рамалық нұсқада жобаланған, жақтауы металл конструкциялардан жасалған.
Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша 11 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, 2 спорт сарайы, 1 жүзу бассейні, 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 1 спорт кешенінің құрылысы бастау алды. Оның ішінде 9 нысан бюджеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылса, екі нысан жеке тапсырыс берушілер тарапынан бой көтермекші. Жалпы, 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, спорт нысандарының құрылысына 2,8 миллиард теңге көзделген, оның 1,6 миллиард теңгесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде салынатын жобаларға жұмсалады. Дегенмен, жоғарыда айтып өткен 9 жоба бойынша тапшылық 1,8 миллиард теңгені құрайды.
Жыл аяғына дейін іске асырылып жатқан 11 жобаның 9-ын пайдалануға беру жоспарланған. Биылғы жылы Щучинск, Макинск, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр, Бестөбе, Жақсы, Қорғалжын, Родина, Бозайғырда жаңадан спорт кешендері мен жүзу бассейндерін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал, қалған екі нысан, яғни, Көкшетау қаласындағы көпфункционалды кешен мен Жібек жолы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау 2026 жылға ауыстырылады.
Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы көпфункционалды спорттық кешенінің құрылысын «Авторемстрой ЛДТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бұл нысанға облыстық бюджеттен 500 миллион теңге қарастырылған. Ал, Макинск қаласындағы спорттық жүзу бассейніне облыстық бюджеттен 126 770 миллион теңге бөлініп, ондағы құрылыс жұмыстарымен «ГрадСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Краснояр ауылындағы спорттық кешенін «SHEBERBUILD», Көкшетаудағы көпфункционалды спорттық кешенін «BiGlobal», Бестөбе ауылындағы спорттық кешенін «Градстройсервис», қаржысы ұлттық қордан бөлінетін Жібек жолы ауылындағы спорттық сауықтыру кешенін «Портал ПВ», Жақсы ауылындағы спорттық кешенін «SCS Инжиниринг», Қорғалжын ауылындағы спорттық кешенін «СК«Жаркент Алғыр» жауапкершілігі серіктестіктері салып жатыр. Сонымен қатар, жыл аяғына дейін пайдалануға берілуі жоспарланған Бестөбе ауылындағы спорттық нысанға облыстық бюджет қоржынынан 848 318,5 миллион теңге қарастырылған. Оның құрылысын «Таир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр.
Ақмола облысындағы 2025 жылға арналған спорт нысандарын жаңғырту бағдарламасына сәйкес, қазіргі таңда Есіл ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оған облыстық бюджет қорынан 252 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, Сандықтау ауданындағы шаңғы жолын жөндеуден өткізу де жоспарланып, бұл мақсатқа 176,7 миллион теңге қарастырылып отыр. Міне, биыл облыстағы спорттық ғимараттардың қатары тағы да едәуір көбейетіндігін осы құрылыстардан көруге болады.
Азамат БАЙҚУАНЫШЕВ,
Ақмола облысының құрылыс,
сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы.