Көкше елінің ардақты азаматы, қоғам қайраткері, «Бұқпа» газетінің редакторы және меншік иесі Қайыргелді Әкімбеков — 75 жаста
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі
Жабал ЕРҒАЛИЕВ:
Қайыркеш… Қайыркеш, – деп тап бір туған бауыры мен баласына мейірленгендей сезіммен өткен Сәкен серінің өз тіршілігінде талайды… қазақтың талай бір ірілерін, жақсылары мен жайсаңдарын көрген, солармен сыйласып та сырлас болған Жүнісовтің Қайыргелді Әкімбековтің бойынан ешбір адам баласы көріп, біліп, тани алмаған азаматтығы мен адалдығын, кісілігі мен кішілігін, ерлігі мен өрлігін, биіктігі мен иықтылығын, ақылы мен парасатын, қадірі мен қасиетін, одан қалды Әкімбековтің жан дүниесінің кескін-келбетіне, тұла бойына сай ірілігі мен тазалығын, сұлулығы мен сымбатын, ажары мен көңіл базарын танығандығына қайран қаларын бар. Бұл да Сәкен серінің ұлылығының, даналығының бір қыры болса керек-ті!
(«Серінің серігі» эссе-толғауынан).
***
Өмір-дарияның буырқанған асау толқындарына қасқиып қарсы тұратын, тіршілік атаулы жарық дүниенің қиялға бергісіз сындарлы сынақтарынан тайсалмай жаужүрек батырлардай, елінің бірлігі мен ағайынның татулығын көсем-шешендердей даналығымен қорғай білетін нарқасқа тұлғалар, құдайға шүкір, арамызда әлі де баршылық. Жүзі жарқын, ісі өнегелі, нағыз отаншыл адал азаматтарды халқы да асылындай ардақтап, төріне шығарады. Аталы сөздерін тыңдап, зердесіне тоқуға тырысады. Өйткені, зерек жандардың ойлы, сөздері бойыңды жадыратып, күш-қуат береді. Қайғы-мұңнан арашалап, санаңды тазартып, жігеріңді шыңдайды.
Көкшенің серкесі, көк тұйғыны атанған Біржан сал ауданының құрметті азаматы, қоғам қайраткері, бүгінде мерейлі 75 жасқа толып отырған Қайыргелді Әлімұлы Әкімбековті қазақ елінің сұңғыла саясаткері, парасатты да қайсар тұлғаларының қатарына жатқызамыз. Достары Қайыркеш деп еркелететін, өмірде көргені де, түйгені де мол асыл азаматтың осыншалықты құрметке бөленуінің құпиясы неде дейсіз ғой?! Бәлкім, туған халқына деген перзенттік іңкәр сезімі мен сүйіспеншілігінде, қысылтаяң сәтте тығырықтан шығар жол таба білетін ұтқырлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінде шығар. Иә, иә… алайда, адамды абыройға бөлейтін адамгершілік қасиет, еңбекқорлық, қарапайымдылық, кішіпейілділік екендігін де ұмытпайық.
Бәріміз де ет пен сүйектен жаратылған пенде болған соң ата-ананың қамқорлығымен есейіп, ер жеттік. Өршіл өрең Қайыргелді Степняк қаласының Абай атындағы №2 орта мектепті үздік бітіріп, Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келген соң алғашқы еңбек қадамын жергілікті автобазада бастайды. Жүк және жолаушы тасымалы қызметімен айналысатын кәсіпорынның колонна бастығы болып істейді. Аудан және қала тұрғындарына жолаушы тасымалы қызметін көрсететін бұл колонна ұжымына жүктелген жауапты міндетті өмірлік тәжірибесінің аздығына қарамастан ол абыроймен атқара білді.
Талапкер жігіттің шаруашылықты басқару ісіне икемдігін, алғырлығын байқаған ел ағалары оны «Восточный» совхозының Сәуле бөлімшесінің басқарушысы қызметіне тағайындайды. Ауыл тіршілігінің барлық ерекшеліктерін жастайынан біліп өскен Қайыргелді тапсырылған бұл істі де бірден ұршықша үйіріп әкетеді. Өндірістен қол үзбей жүріп Целиноград ауыл шаруашылығы институтын зоотехник мамандығы болып бітірген соң әуелі аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, «Невский» совхозы парткомының хатшысы болып істеуінің арқасында көпшілікпен тез тіл табысып, партиялық, идеологиялық жұмыстың айла-тәсілдерін тез меңгереді.
Бақытын адал еңбекпен тапқан Қайыргелді өмірдегі әрбір сәтті қадамын, алған асуын, қол жеткізген азды-көпті жетістігін анасы Жәміштің, майдангер әкесі Әлімнің жүрек жылуынан күш-қуат алғандай сезініп, мақтан етеді. Өйткені, Біржан сал елі мен Бурабай баурайына сыйлы қазыналы қариялар ұлының ел үмітін ақтайтың өрелі азамат, іскер маман болатындығына еш күмән келтірмейтін.
«Алмас қылыш қын түбінде жатпайды», – дегендей, кәсіби біліктілігімен көзге түскен Қайыргелді Әкімбековке облыс басшылығы үлкен үміт артты. Оны материалдық-техникалық базасы нашар, жері құнарсыз «Талшық» совхозына директорлық қызметке жіберіп, қабілетін сынағылары келсе керек. Ең басты гәп аудан орталығында қоныстанған совхоз болғандықтан, адамдар поселкеден Көкшетау – Омбы автожолының сыртқы жағындағы мал фермасына күн сайын қатынап істеуге мәжбүр болды.
Шаруашылықта қалыптасқан өткір ахуал жас директорды қанағаттандырмады. Сөйтіп, ол жаңадан өндірістік база, тұрғын үй салуға шешім қабылдайды. Осындай батыл қадам жасаудың нәтижесінде Талшық селосының маңынан үш жылда жұмысшылар үшін 90 пәтер, орта мектеп, фельдшерлік-амбулаториялық емхана, монша, дүкен, асхана, жылы машина-трактор паркі, төрт қоймасы бар қырман, орталық бу қазандығы, бес мал фермасы бой көтереді. Клуб та күрделі жөндеуден өтіп, көшелерге асфальт төселді. Ең бастысы – тұрғын үйлерге жылу берілді. Талантты, іскер басшының қамқорлығы арқасында қысқа мерзімде өскелең өмір талабына сәйкес ауыл шаруашылық кәсіпорны пайда болды.
Жаңашыл бастамасымен аудан активі алдында құрметке бөленген Қайыргелді Әкімбеков көп кешікпей облыстағы алдыңғы қатардағы «Горьковский» совхозының билігін қолына алады. Қазақстан бойынша рапс дақылын өсіруге бейімделген бұл шаруашылық жылдан-жылға өндірістік көрсеткіштерін жақсартып, бүкілодақтық социалистік жарыста жеңімпаз атанғаны үшін Кеңес Одағы бойынша үздік елу шаруашылықтың қатарына еніп, сыйлыққа екі жеңіл автокөлік алады.
1992 жыл. Жергілікті атқарушы биліктің дәрменсіздігіне наразылық білдірген алқалы топ Талшық селосындағы орталық алаңға жиналып, аудан басшысының қызметінен кетуін талап етеді. Жағдайды ушықтырмас үшін жоғары билік басындағылар тұрғындардың бұл ұсынысымен келісе отырып, Ленин ауданы әкімінің лауазымына ауыл шаруашылығы өндірісінің білгір маманы, «Горьковский» совхозының директоры Қайыргелді Әкімбековті тағайындауды ұйғарады. Өзіне көрсетілген сенімге орай білек сыбана іске кіріскен жаңа әкім совхоздардағы істің жай-жапсарын көзбен көріп, жағдайды тез арада түзету үшін шұғыл шешімдер қабылдай бастайды. Босбелбеулікті, қырсыздықты құлқы сүймейтін адал азаматтың қатал талабын орындауға дәрменсіздік танытқан кейбір директорлар қызметінен өз еркімен кете бастайды.
Тәуелсіздік алған жылдары экономикалық байланыстың үзілуіне қарамастан, Ленин ауданының шаруашылықтары ұстанған бағыттарынан таймады. Әр совхозда 20 үйден салу жөніндегі тапсырманы әкім тікелей өз бақылауына алды. Әсіресе, жол құрылысы жақсарды. Талшық селосынан Май совхозына дейін 45 шақырымдық жолға асфальт төселді.
Ұлт жанашыры Қайыргелді Әлімұлы ұмыт болған Алаш арыстарының есімдерін қайта жаңғыртып, 1993 жылы Ленин ауданының тумасы Смағұл Сәдуақасовқа ғылыми-әдістемелік конференция өткізеді. Бұл жиынға Алматы қаласынан академик Рахманқұл Бердібаев бастаған делегация да қатысады. Демеушілердің қолдауымен қайраткер жерлесіміздің екі томдық еңбегі жарық көріп, Талшық селосында ескерткішін орнату жөнінде шешім де қабылданады.
Абыройы асқақтап, шаруасы өрге басып тұрған шағында жалған жаланың кесірінен ол 1994 жылдың қаңтарында қызметінен босатылады. Жанын күйзелткен жабырқау күндер мен түндер аздай, арыстай азаматы, аяулы перзенті Жандосынан айырылады. Қиын-қыстау сәтте көкшелік азаматтар Күміс екеуінің жанынан табылып, қайғысын, қасіретін бөлуге тырыстық. Әрине, адамнан келген қиянатты ұмытар-ау, жан баласы Жандосын қалай ұмытсын.
Табиғаттың кез-келген тылсым күшіне селт етпейтін алып бәйтеректей дінгегі мықты, рухы күшті, қайсар азамат Қайыргелді Әкімбеков еңсесін қайта көтеріп, өмір үшін күреске белсене бел буды. Көкшетау облысы жабылғанша ауыл шаруашылығы басқармасына жетекшілік етіп, «Әкім-Бек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Ойға алған ісі алға басып, елінің алғысына бөленді. Осындай қиын-қыстау сәттерде ерінің әр қадамына жанашарлықпен қолдау-көмек көрсете білген ақылды да парасатты асыл жары Күміске, сертке берік адал достарына айтар алғысымыз шексіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Көкшенің тұйғыны Қайыргелді Әлімұлы барлық қиындықты қайсарлықпен жеңіп, көздеген мақсатына осылай қол жеткізді.
Жетпіс бестің биік белесіне шығып отырған ел ардақтысының болмыс-бітімін көз алдымызға елестету үшін оның жан дүниесіне терең бойлау да қажет болар. Өйткені, биік лауазымды қызметі болмаса да, төңірегіне қазақтың небір игі жақсыларын жинап, топтастыра білу тек Қайыргелді Әкімбековтің ғана қолынан келетін құдіретті күш. Мәселен, Алматы мен Астанадан аңқылдап Көкшетауға келгенінде Сәкен сері алдымен Қайыргелді сынды серігін іздейтін. Ешбір төреге басын иіп көрмеген Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, драматург жерлесіміз Сәкен Жүнісов Қайыргелді мен Күміс Қаденқызы десе, балаша аңқылдап, сері көңілмен шалқитын сәттері аз болмайтын. Тіпті, қазақтың небір жақсылары мен жайсандарын інісі мен келінінің шаңырағына жасқанбай ертіп апаратын. Жасыратыны жоқ, Сәкен сері мен Қайыргелдінің арасындағы кіршіксіз достық қарым-қатынасқа өзіміз де қызығатынбыз, қызғанатынбыз.
Ұлт жанашыры Қайыргелді Әлімұлының жолдастыққа адалдығы мен кіршіксіз таза көңілін айдай әлемге паш ететін аңыз әңгімелердің елге тарағаны әлдеқашан! Ана бір жылдары Степняк қаласында Біржан салдың мерейтойы өтіп жатқанда академик Тұрсынбек Кәкішевтің билікке деген ренішін сейілту үшін сахнаға шығып, қадірлі ағасының иығына оюлы шапанын жауып, мінгізген аттың жоралғысы ретінде қалың конвертін ұстатқанын көрген ел қайран қалған ғой. Қазақ театры мен киносының ақсақалы Асанәлі Әшімовті, қасындағы серіктері – халық әртісі Алтынбек Қоразбаев пен айтыс өнерінің негізін қалаушы Жүрсін Ермановты Көкшетаудағы үйіне арнайы қонаққа шақырғанын көкшеліктер әлі күнге мақтанышпен айтып жүр.
Қайыргелді Әлімұлының бойындағы өскелең ұрпаққа үлгі етерлік тамаша қасиеті – елдің қуанышын бірге бөлісіп, қол ұшын бере білуі. Мәселен, қалалық ардагерлер кеңесінің «Ғасыр жасаған есіл ерлерім» жобасына сәйкес қоғам қайраткері, майдангер ел ағасы, Еңбекшілдер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Алпысбай Жақыповтың жүз жасқа толуына арналған ғылыми-әдістемелік конференцияны өткізуге тікелей өзі бастамашыл болды.
Бұқаралық ақпарат құралдары қаржы тапшылығына душар болған қиын-қыстау шақта Қайыргелді Әлімұлы көрегендік, жанашырлық танытып, ондаған жылдан бері республикалық тәуелсіз «Бұқпа!» газетін өз меншігіне алып, басылымның үзбей шығуына қамқоршы болып отыр. Бүгінгі өмірдің өзекті проблемаларын қозғайтын өзекті де өткір ақпаратқа шөлдеп отыратын оқырман осы басылымды құмарта оқиды. Теперіш көрсе мұңын шағады. Қолдау, көмек күтеді. Қайыргелдідей жанашыры бар «Бұқпа!» газетінің ғұмыры өміршең болатындығына жұртшылықтың да сенімі мол. Бұл дегеніңіз, Көкшенің қайсар азаматы Қайыргелді Әкімбековтің дара біткен болмысының, ерекше жаратылған қасиетінің қадірі болса керек.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
***
Ақиқат сөздің алдаспаны
Көкшетау десе көз алдыңа көкмұнар сағымға оранған көгілдір таулардың елестейтіні бар. Әнебір көк торғынның ішінде ұшар басы ұшына алтын жалатқан найзадай көкке шаншылып, Оқжетпес елестер еді. Көкшетаудың перзенттері де сондай! Еңсесі елден ерек ерлері аз емес. Соның бірі әрі бірегейі Қайыргелді Әкімбеков.
Рухани жақын аға іспетті. Олай болатындығы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тәуелсіз пікірдің тұғырына айналған «Бұқпа!» газетінің иесі әрі бас редакторы.
Ел ертеңіне елеңдеген қалың көптің көкейінде жүрген көп дүниені алдаспандай жарқылдап тіліп айта алатын да осы тәуелсіз газет. 2013 жылдан бері тізгіні белгілі кәсіпкер, ұлт жанашыры, ел қамын жеген көшелі азамат Қайыргелді ағамыздың қолына тиген. Бұрынғы белесі де аласа емес еді. Әне бір жылы шымкенттік әріптеспен жергілікті басылымдар туралы пікір алмасқанымызда өз қалаларында үш жүзге жуық газет шығады дегенді естіп, жағамызды ұстағанымыз бар. Әрине, ол газеттердің не айтып, не қойып жатқанынан бейхабармыз. Көдедей қалың басылым болғанымен, біздің «Бұқпа!» айтарын бұқпай айтатын, жасқанбай айтатын, жасырмай айтатын өз газетіміз олқы соқпас еді. Кейде бір уақыт табынан сарғайып кеткен газет тігінділерін ақтарып отырсаңыз, жергілікті жампоз журналистердің саналуан тақырыпта қалам сілтегенін көрер едіңіз. Туған елдің тарихы, өткеннің өңді елесі, уақыттың тынысы осы газет тігінділерінде. Кейін арада көп жыл өткен соң кешегі жайдың сорабын іздеген жан болса, осы жерден табар еді.
– «Бұқпа!» газеті басылым ретінде өзіне қойылған міндет жүгін абыроймен арқалап, айтарын бүкпесіз айтып келе жатқан басылым, – дейді газеттің бұрынғы бас редакторы Бақыт Смағұлов, – мен осы газеттің басшысы болып жүрген кезімде әр нөмір сайын келелі дүниелерді қозғап, өмір шындығының өңін өзгертпей беруге тырыстық. Тәуелсіз газеттің әр нөмірі тағылымды, ойлы материалдармен шығуына жергілікті жердегі қаламы жүйрік журналистер ат салысып жүрді. Оның ішінде белгілі журналист Серік Жетпісқалиев, Абзал Алпысбайұлы тәрізді қаламгерлердің тіліміздің толғақты мәселелері, қоғамдық-саяси ахуал, әлеуметтік-тұрмыстық тақырыпта жазылған, жеріне жеткізіле зерттелген жан-жақты, салмақты, көлемді мақалалары нөмір сайын шығып тұрды. Халық қашанда қап түбінде жатпайтын шындықты жақсы көреді емес пе? «Бұқпа!» газетін де құрметтейтін. Құрметтегені сол емес пе, жыл соңында басылымға жазылу науқаны кезінде газетті жазылып алушылар қатары кеміген емес. Ал, Қайыргелді ағамыз газеттің материалдық-техникалық мәселелерін шешумен қатар, журналистердің де жайын ойлаумен болды. Шынтуайтында газет табыс табатын дүние емес. Кәсіпкерлік жағынан ойлап қарағанда, ағамыз бұл газетті табыс табамын деп ұстап отырған жоқ, басты мақсаты елдің бірлігін нығайту, ынтымағын арттыру. Әйтпесе, тәуелсіз газетті көпшілік жақтағанымен, қалталарынан суырып қаражат беру жағына келгенде жоқшылықтың қолды байлайтыны да рас.
Бақыт Қайыржанұлы айтпақшы, түптеп келгенде ел мұратын асыл мақсаты қылған Қайыргелді Әлімұлы тәуелсіз газеттің тізгінін ұстағанда пайда көксемегендігі анық. Жарытымсыз қаржысын жұмсап жүріп газет шығарса, ол ең алдымен азаматтығы. «Бөрі арықтығын білдірмейді» дегендей, қасқыр мінезді қайсар азамат қаражаттан қысылып газет шығара алмай жатырмын деген сөзді ешкімге айтқан емес. Ол мәселе жұмбақ, өзіне ғана аян.
Қайрекеңнің бойындағы ұлт қамын жеген ұлы қасиеттің бастау көзі бәлкім туған жердің топырағынан дарыған шығар. Алты Алашқа аты шыққан, аспандағы аққуға әнін қосқан Біржан елінің перзентінің көкірегі таңғы шықтай мөлдір болуы да сондықтан шығар. Заманында ел ағасы атанған Естай Мырзахметов бағзы заманның билеріндей кестелеп сөйлеп, кесімді сөзін айтатын қасиетін анық аңғарып, батыр деп еркелететін. Осы бір бағалы атаудың байғазысы тәрізді бойындағы бұла күшін, білімі мен білігін ел мерейін өсіруге аямай жұмсап келеді. Кешегі жампоз жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен сері Жүнісов те туған жерін сағынып, ет жүрегі елжіреп қасиетті Көкшенің киелі топырағына табаны тиген сәттен-ақ егізінің сыңарындай болып кеткен Қайыргелді Әлімұлын іздер еді. Іздеген соң табады да, тапқан соң тұңғиық ойдың тұнығына сүңгіп, соқталы пікірдің сорабына жол тартады. Әңгіменің әлібі ел тағдыры, оның болашағы, жастар тәрбиесі, тіл мен ділдің өмірі бітпес өзекті мәселесі. Бүгінгі күні «Бұқпаның» бетінде әрбір нөмір сайын елді елең еткізіп шығып жатқан қыруар мақаланың алтын діңгегі де Серіден қалған сертке таққан семсердей жарқылдап жанарыңа оттай басылатын жасын дүниелер сол оралымды ойлардың ұшқыны.
Аз сөзбен қысқа қайырып айтқанда, Қайыргелді ағамыздың пенденің пешенесіне жазылған азаматтың сыбағасы осы бір ғана дүниесімен өтеліп тұрғандай. Әрідегі ақыл-ойдың қайнары, Алаштың ардақты азаматтары тәрізді бүгінгі күні елді оятып, болашаққа бастап, жақсылыққа жетектеп, тілегін тілеп, тірегі болып отырған «Бұқпаның» биігі, иесі Қайыргелді Әкімбековтің асқары. Сол асқар аласармасын деп тілейік, ағайын!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
***
Ел ертеңіне елеңдеген…
Киелі Көкшеде отбасылық ынтымақ, ұлтымыздың ілкіден жалғасқан әдемі де әдепті дәстүрін қатаң сақтап, ізгілік нұрын себезгілеп келе жатқан шаңырақ бар. Ол халқының қалаулы ұлы Қайыргелді Әлімұлы мен Күмісжан Қаденқызының отбасы.
Жалпақ жұртқа жақсы атымен танылған азаматтың отбасында мерейлі мереке, мерейтой. Біз тонның ішкі бауындай араласып жүрген жолдастары халқына кәтепті қара нардай ерен еңбегін сіңіріп келе жатқан, болмысы бөлек, адамгершілігі жоғары, парасатты жан туралы көкірегімізде жүрген сөзімізді, пікірімізді жеткізгіміз келді. Екінші жағынан мұндай бағалы сөз айтудың, жаратылыс сыйлаған жақсы мінезді айтудың өзіндік мәні бар. Ол кейінгі ұрпаққа үлгі, өміршең өнеге.
Аспандағы аққуға әнін қосқан, Алаштың төл мәдениетінің аса көрнекті өкілі сал Біржанның елінде, сол бір қасиетті топырақта туғандықтан болар, Қайыргелдінің жүрегінде де елге деген мейірім мен махаббат, ынтызарлық сезім менмұндалап тұрары бар. Жоғары оқу орнын бітіріп, ат жалын тартып мінгеннен кейін кеңшар, аудан басқарған еңбегі өз алдына бір төбе. Ең бастысы, тәуелсіз «Бұқпа!» газетін шығарып, халқымызды жақсылыққа бастау, ізгі істерге ұйымдастыру, ел ертеңін ойлау қамында талмай еңбек етіп келеді. Бүгінде өзі басшылық жасап отырған тәуелсіз газет тәуелсіз пікірлердің тұтқасы, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір. Газеттің әр санында тұтқырланған тіліміздің, жүдеген діліміздің мәнді мәселесі үзбей жарық көріп, тығырықтан шығар жол нұсқалады. Салмағы мың батпан әр сөздің астарында елге деген махаббат кілкіп тұр.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде толғақты ойларды қозғап, аталы сөз айтатын ардагер азаматтың бірі. Алаштың ілкі замандағы ардагерлері іспетті жан жарасын емдейтін дәру іздеп, сырқаттан сауықтырар шипалы сөзді аңсап жүруіңіздің өзі егемен еліміздің ертеңін ойлаған пайымды парасаттың жарқын да жағымды көрінісі. Батырға лайық батпан-батпан сөз айтатын бүгінгінің адамгершілік бейнесі кемел, кісілік келбеті жарқын азамат ретінде өзіңізді танып-білген жалпақ ел де жақсы пікірде.
Алдағы ғұмырда пенденің пешенесіне жазылған сыбағасын молынан бұйыртсын. Көреріңіз тек қызық пен қуаныш болсын, ізгі мұраттар, асқаралы міндеттер ет жүрегіңіз елжіреп еліңізге қызмет етіп, тұғырын биіктетуге ат салыса беріңіз.
М.Ыдырысұлы, Қ.Қиықов, Қ.Ахметжанов, Т .Жақыпов, Е.Есенжолов, Е.Нұғыманов,
жолдастары.