Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кезекті жұмыс сапарымен Жарқайың ауданында болып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен кездесіп, көктемгі егіс науқанына дайындық мәселелерін пысықтады.
Сондай-ақ, өңір басшысы су тасқыны кезінде көрсеткен көмегі үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына ризашылығын білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Қазақстанның аграрлық сектордың әлемдік деңгейде көшбасшысына айналуына зор мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Сондықтан, көктемгі дала жұмыстарын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізіп, агротехнологиялық талаптарды сақтап, барлық ресурстарды тиімді пайдалануымыз қажет, – деді Марат Ахметжанов өз сөзінде.
Бүгінде өңірдегі диқандар жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын «Кең Дала» және «Кең Дала-2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын белсенді пайдаланып келеді. Мемлекеттің қолдауының арқасында биыл көктемгі егіс жұмыстары ерте кезеңде қаржыландырылып отыр. Сондай-ақ, облыс әкімі аграрлық саладағы халықаралық ынтымақтастықтың кеңейіп жатқанын да тілге тиек етті. Қазіргі таңда Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне өнім жеткізу бойынша келісім-шарттар жасалған. Онда тасымалдауды субсидиялау, астықты тегін сақтау және биржалық саудаға жағдай жасау сияқты қолдау шаралары қарастырылған.
Аудан әкімі Ербол Жүсіпбековтің айтуынша, бүгінде өңірде егіс алқаптарына 66 мың тонна тұқым себуге дайындық жүргізілуде. Техниканың әзірлігі – 98 пайыз. Жалпы, ауданда 480-нен астам ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді.
Жоспарға сәйкес, дәнді дақылдармен қатар, мал азығы, картоп пен көкөніс те егіледі. Аграршылар минералды тыңайтқыштар, жанар-жағар май және өсімдікті қорғау құралдарын жеткізу бойынша келісімшарттар жасап жатыр. Көктемгі егіс науқаны кестеге сай жүргізілуіне күш салынуда.
Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекеттік түрлі тетіктер іске қосылған. «Кең Дала — 2» бағдарламасы аясында 8 миллиард теңгеге жуық сомаға 90 өтінім берілген. Оның 62-сі тікелей «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асырылған. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамыту мен мал өнімдерін өңдеуге бағытталған, жалпы құны 45,4 миллион теңгені құрайтын 7 жоба мақұлданды.
– Біздің ортақ мақсатымыз – ауыл шаруашылығы саласын барынша өркендету. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі осы стратегиялық салаға тікелей тәуелді болатын стратегиялық сала. Әр гектар жерді тиімді пайдаланып, топырақты ұқыпты сақтауымыз және заманауи технологияларды енгізуіміз қажет, – деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жарқайың ауданы.