Майданнан ауыр жараланып оралған

Менің атам Мүбәрак Мақажанұлы 1919 жылы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданының «Мәдениет» колхозында Сүйіндікқара руынан тараған Жұманбай әулетінде дүниеге келеді.

Әкесі Мақажан Жұманбайұлы, анасы Ақбала Әлжанқызы дүниеге әкелген үш баланың кенжесі болатын. Өзінен басқа ағасы Қапез, әпкесі Қуаныш  бар екен.

​ Әкесі ерте қайтыс болып, 6 айлығында жетім қалған атамды ұлы әжеміз Ақбала Әлжанқызы тәрбиелеп өсірді. 1923 жылы ашылған «Мәдениет» колхозының мектебінен жеті жылдық білім алған атам 1935-1942 жылдар аралығында колхоздың қойма меңгерушісі жұмысында болады. Сол жылдары анасының ақылымен Шортан қаласында агроном мамандығы бойынша қысқа курста білім алып, алғашында «Когонович» колхозында, кейін туған жері –«Мәдениет» қолхозында агрономдық қызмет атқарды.

1942 жылы қаңтар айында аудандық соғыс комиссариатынан майданға алынып, Қызыл Әскер сапында Сталинград майданында зұлым жауға қарсы ұрыстарға қатысады. Соғыс алаңында ауыр жарақат алған атам 1943 жылдың қазан айының 5 жұлдызында еліне қайтарылады. Майданнан алған ауыр  жарақаттан Мүбәрак атам, елге оралғаннан кейін денсаулығы күрт нашарлап, қатты ауырыпты. Кеудеден  тиген оқ төрт қабырғасын алып тастауға мәжбүр еткен. Оның үстіне қатты контузия алғаннан есту қабілеті нашарлаған. Алайда, туған елінің топырағы мен ауасы, анасының аялы алақаны шипа болып, атамның жағдайы күннен-күнге жақсарып, ауырудан айығып қатарға  қосылды.

Атам сол қиын-қыстау кездері, колхоз жұмысына белсене араласып, ауылының бас көтерер азаматтарының бірі болды. Сұрапыл соғыстың өршіп, Кеңес Одағының  барлық өңірлерінде әскери тәртіп енгізіліп, бір уыс бидай үшін адамдар жауапқа  тартылып, сотталып жатқан қиын кезеңде атам агроном қызметін атқарды. Мен атамды адамгершілігі үшін мақтан тұтамын. Заманның таршылық кезеңінде ауылдастарымен бір уыс бидайды бөліп жеген дейді көз көргендер.

1946 жылы атам ауылдасы, Алшын руының қызы Кәмәл Сұлтанбекқызына үйленіп, дүниеге төрт ұл мен 4 қыз келді. Атам Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері құрметті атақтарының иегері болды. «Сталинградты азат еткені үшін» медалі, II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені және көптеген мерекелік медальдармен марапатталған коммунистік партияның мүшесі ретінде бүкіл саналы ғұмырын үкімет пен партия нұсқауын орындаумен өткізіп, ауыл шаруашылығының қай саласында еңбек етсе де адалдығымен ерекшеленген.

Ардақты атам Мүбәрак Мақажанұлы  2002 жылы 82 жасында, ал, әжем Кәмәл 2009 жылы 79 жасында дүниеден өтіп, Мәдениет ауылының зиратында жерленген. Мен қиын-қыстау кезеңде елін, жерін зұлым жаудан қорғаған атамды да, оның замандастары ауылымыздағы басқа соғыс және еңбек ардагерлерін де мүмкіндігінше жете біліп, ұмытпасақ деймін.

Өйткені,  бүгінгі бейбіт күн, ашық аспан зұлым жауды тықсыра қуып, өз ұясында талқандаған  аға ұрпақ өкілдерінің бізге сыйлаған баға жеткізгісіз  бақыты. Сол кісілердің арқасында біз бүгін алаңсыз өмір сүріп, оқу оқып,  еңбек етіп, қалаған ісімізбен айналысып жүрміз. Бүгінгі таңда ол кісілер арамызда өкінішке орай, жоқ. Тек сол жанқиярлық ерліктеріне орнатылған әр ауылдағы бір-бір ескерткіш пен сарғайған суреттері ғана бізге жарқын бейнелерін еске салады. Мен де өзімнің Мүбәрак атамды қатты сағынып, аңсап қоямын. Әрі сол майдан даласында біздерді қорғап, сақтаған барлық жерлес майдангерлерге, өзге де соғыс ардагерлеріне мың мәрте алғысымды білдіремін.

Ерасыл МҮБАРАК,
немересі.

Бурабай ауданы.

7 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар