Рүстем Ғаббасұлы Бермағамбетов

Қазақ баспасөзі ауыр қайғыға ұшырады. 97 жасқа қараған шағында облыстық «Көкшетау правдасы» және «Арқа ажары» газеттері редакциясының ақсақал ардагер журналисі, баспасөз тарланбозы, тыл еңбеккері Рүстем Ғаббасұлы Бермағамбетов өмірден озды.

Ғибратты ғұмырын журналистикаға арнаған ардагер қаламгер Рүстем Бермағамбетов Еңбекшілдер (Біржан сал) ауданындағы Сәуле ауылында 1928 жылдың 16 қарашасында дүниеге келді. Үлгілі отбасында тәлім-тәрбие алған ол соғыс жылдары өзге құрбы-құрдастары сияқты, колхоз шаруашылығына қолғабысын тигізді. Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталғаннан кейін, Степняк қаласының Абай атындағы №2 қазақ орта мектебінің 10 сыныбында оқып, 1946 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Оны ойдағыдай тәмамдап, 1951 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне қызметке жіберіледі.

1951-1963 жылдар аралығында осы газетте әдеби қызметкер, хат және хабар бөлімдерінің меңгерушісі болып істейді. 1963 жылдың сәуірінде Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыстан Тың өлкесі құрылғанда, Рүстем Ғаббасұлы Целиноградта шығып тұрған «Тың өлкесі», қазіргі «Арқа ажары» газетінің Көкшетау өңірі бойынша меншікті тілшісі болады.

Тың өлкесі таратылғаннан кейін 1966 жылдың 1 қаңтарында «Көкшетау правдасы» газетіне қайта оралып, редакцияның өнеркәсіп, құрылыс, транспорт және сауда бөлімінің меңгерушісі және редколлегия мүшесі болып сайланады. Он жеті жыл бойы редакцияның бастауыш партия ұйымын басқарып, сан мәрте Көкшетау қалалық партия комитетінің, қалалық халықтық бақылау комитетінің, мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің президиум мүшесі болып  сайланғаны Рүстем Ғаббасұлының іскерлігін аңғартса керек.

1951-1989 жылдар аралығында үзбестен жоғарыдағы бір ғана газетте журналистік кәсіппен ден қоя айналысып, өз ісінің білгір маманы ретінде жазуға бейімі бар жастардың кәсіби біліктілігін шыңдауға атсалысып, оларды газет жанрларын тез меңгеруге тәрбиеледі. Өзі де өндірістік тақырыпқа мақалалар жазып, оқырман ілтипатына бөленді. Әсіресе, жазған фельетондары көпшілік қауымніың сүйсіне оқитын дүниелеріне айналды.

Баспасөз саласындағы еселі еңбегінің айғағындай, Рүстем Бермағамбетов «Құрмет Белгісі» орденімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», Ұлы Жеңістің 30, 40, 50 және 60 жылдығына арналған мерекелік медальдарымен,  Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен, Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңестірілгендердің төс белгісімен марапатталды.

Қазыналы қария, қазақ баспасөзінің қарт өкілі, журналистика ардагері Рүстем Ғаббасұлының қайтыс болуына орай, отбасына, жақындары мен туған-туысқандарына қайғырып көңіл айта отырып, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын дейміз. Марқұмның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ сақталатын болады.

Ақмола облыстық әкімдігі.
Ақмола облыстық мәслихаты.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар