Қоғамдық бақылауды күшейту – заман талабы

Осы аптада Көкшетауға ел Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты «Ұлттық құрылтай шешімдерінің жүзеге асуы: қоғамдық қатысу және бақылау» тақырыбында ұлттық сараптамалық алаңының отырысын өткізді. Оған жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары және білім беру саласы, азаматтық қоғам, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысып отырды.

Жақында еліміздің інжу-маржаны атанған көрікті Бурабай баурайында Ұлттық Құрылтайдың IV отырысы өткені баршамызға мәлім. Мұндай ауқымды шараның облысымызда ұйымдастырылғаны өңірге тың серпін бергендей болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының ел туризмін, аграрлық секторын, спорттық инфрақұрылымын дамытудағы айрықша рөліне тоқталып, жыл өткен сайын жақсарып келе жатқан өңір әлеуетіне оң бағасын берді. Барлық қабылданып жатқан шаралар әрі қарай да жалғасын тауып, ел экономикасы үшін өзгеше күш жұмсалатынын айтып қуантты. Ал, өткен аптада Ұлттық Құрылтай отырысының бастамаларын іске асыру жоспары бекітілді. Бұл жүйелік өзгерістерге нақты қадам, бірақ, оның тиімділігі қоғамның белсенді қатысуына тікелей байланысты. Азаматтарды шешім қабылдауға тарту ғана емес, олардың іске асырылуына қоғамдық бақылау мен мониторинг тетіктерін дамыту да маңызды. Осы мақсат үшін де зерттеу институты басшылығы өңірлерге шығып, қоғам мен билік арасын байланыстыруға бел буған сияқты. Шара барысында жиналғандар Ұлттық құрылтай шешімдерін жүзеге асыру жолдарын талқылап, азаматтық қоғамның бақылаудағы рөліне, сондай-ақ, мемлекет пен халық арасындағы өзара іс-қимыл тетіктеріне ерекше назар аударды.

Шара модераторы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚЗСИ) директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина өзінің алғы сөзінде Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі екендігін, әсіресе, астық, ет-сүт өнімдерін өндіру көлемі бойынша көшбасшылар үштігінен тұрақты түрде орын алып отыратынын айта келіп, осы отырысты Көкшетауда өткізудің маңыздылығына тағы бір мәрте тоқталып өтті.

– Ақмола облысы сонымен қатар, үлкен туристік әлеуетке ие. Соңғы бірнеше жылда осы өңірге сырттан және іштен келетін туристер санының өсуі байқалды. Сондай-ақ, бұл өңір қолайлы географиялық орналасуына байланысты елдің солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын байланыстыратын маңызды көлік торабы екендігі де белгілі. Мұнда өнеркәсіптік кластерлер, соның ішінде машина жасау, құрылыс индустриясы және тамақ өңдеу салаларында оң көрсеткіштер бар, – дей келе, жиналғандарды бүгінгі қоғамдық талқылауға халықтың қатысуын күшейтіп, қолданыстағы кері байланыс пен бақылау құралдарындағы кедергілерді талқылауға шақырды. – Біз бүгін бұл мәселелерді ашық, кәсіби және сындарлы түрде талқылауға жиналдық. Азаматтық әлеует аймақтың және бүкіл елдің игілігі үшін жұмыс істеуі үшін не істеу керек? Сіздердің пікірлеріңіз бен тәжірибелеріңіз, ұсыныстарыңыз Ұлттық құрылтай міндеттерін іске асыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты дамытуға тиімді тәсілдерді әзірлеуге көмектесетініне сенімдімін, –деді ол.

Содан соң аталған зерттеу институтының директоры Еркін Тұқымов онлайн байланысқа шығып, сөз сөйледі. ҚСЗИ басшысы Президенттің «Күшті өңірлер – қуатты ел» деген сөзін еске сала отырып, Ұлттық құрылтайдан соң онда қабылданған бастамалардың жүзеге асырылуы туралы жоспардың бекітілгенін атап өтті.

– Бұл – жүйелі өзгерістерге бағытталған нақты қадам. Алайда, оның тиімділігі қоғамның белсенді қатысуына тікелей байланысты. Қоғамдық бақылау азаматтық қоғамды нығайтуға және елдегі демократияны дамытуға және сақтауға ықпал етеді. Мұны біз заңды мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен жауапкершілікке бағытталған маңызды қадам деп санаймыз. Мониторинг бұл үкіметтік емес ұйымдардың ғана жұмысы емес, әрбір қазақстандық үшін мемлекеттік саясатты жақсартуға өз үлесін қосу мүмкіндігі. Сіздердің әрқайсыларыңыз кемшіліктер туралы хабарлау арқылы мемлекеттік органдардың жұмысын жақсартуға көмектесесіздер. Сауалнамалар мен талқылауларға қатысу арқылы шешім қабылдауға әсер етесіздер. Мониторинг нәтижелерін бақылай отырып, қоғамдық талқылау процесінің бір бөлігі боласыздар. Бүгінде зерттеу институты саяси-құқықтық жүйенің құрамдас бөлігіне айналып отыр. Тұтастай алғанда, қоғамға бақылау және зерттеу жүргізу құқықтық және ұйымдастырушылық бағыттарда қалыптасып, өсу процесіне өтуде, –деді Еркін Тұқымов.

Ал, шараға қатысқан зерттеу институтының тағы бір өкілі, директордың орынбасары Нұрлан Сақуов өз сөзінде соңғы жылдардағы өңірлердің бюджеттік дербестігін арттыру мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болғанын атап өтті. Ол сондай-ақ, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы әр өңір үшін өсу нүктелерін айқындайтын өңірлік саясат тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырғанын еске салды. Атап айтқанда, Ақмола өңіріндегі мектептердің жеткіліксіздігі мен жол сапасының төмендігі, сондай-ақ, желілердің тозуы сияқты мәселелерді шешу қажеттігін көтерді.

– Тұжырымдамада салықтардың бір бөлігін жергілікті деңгейге беру арқылы өңірлердің экономикалық және бюджеттік дербестігін одан әрі арттыру қарастырылған. Менің ойымша, мәслихаттардың аппараттарын күшейтіп, оларды сараптамалық ресурстармен қамтамасыз ету арқылы бюджет қабылдау үдерісіндегі ашықтықты арттыру қажет. Мемлекет басшысы ұсынған «Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын өңірлік деңгейде де қолдануға болады. Бұл атқарушы органдардың жергілікті өкілді органдарға есеп беруін қамтамасыз етеді, – деді Нұрлан Сақуов.

Негізінен, мемлекет азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған жобаларды әзірлейді және іске асырады. Соның ішінде мектеп, аурухана, жол салу, шағын бизнесті қолдау, ауылдық жерлерді дамытуға арналған арнайы бағдарламалар да қабылданған. Алайда, тәжірибе көрсеткеніндей, бұл бағдарламалар әрдайым тиімді орындалмайды және алға қойылған мақсаттарға толық қол жеткізілмейді. Десе де, Елордадан ат терлетіп келген өкілдердің арнайы сөзінен соң, кезек жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілеріне тиіп, олардың әрқайсысы өз саласына қатысты өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап берді.  Мәселен, «AМАНАТ» партиясының Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова өңірдегі қоғамдық мониторингтегі партия үлесін сөзінің негізгі тиегіне айналдырды.

–Облыстық филиалда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес жұмыс істейді, оның мүшелері де мониторинг жүргізеді. Өңірде қоғамдық бақылау бекеттері айқындалып, әсіресе, әлеуметтік желілерде халық өзекті мәселелерді көтергенде, партия белсенділерінің, сарапшылардың, ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен жедел әрекет ету тәжірибесі қалыптасты,  – деді ол жиында. Ал, Ақмола облысының Азаматтық альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ирина Терентьева болса, қоғамдық бақылауды кәсібилендіру қажеттігі туралы өз ұсынысын жеткізді.

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру үшін қоғамдық белсенділерге тиісті білім мен құзыреттер қажет. Мысалы, мемлекеттік органдарға қалай хат жолдау керек, нені ескеру қажет, қоғамдық бақылау деген не, әртүрлі ҮЕҰ-ның өкілеттіктері қандай? Олар қалай жұмыс істейді? – деген сияқты мәселелерге назар аудару қажет. Мемлекет пен үкіметтік емес сектор арасында өзара қозғалыс болуы тиіс. Уақыт өте келе, бұл азаматтық сектордың дамуына ықпал етеді. Сонда ғана қоғамдық бақылаудың кәсібиленуі туралы айта аламыз, – деді Ирина Терентьева.

Бұдан соң Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев жастардың әлеуетін ел дамуына жұмылдыру қажет екенін айтып, биыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы жарияланғанын құптады.

Ақмола облысының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрайымы Валентина Геращенко болса, салық реформасын талқылауға кәсіпкерлерді тарту маңызды екенін айтты.

–Бүгінде біз кәсіпкерлердің кең ауқымын Палата жанындағы жеті салалық кеңестің жұмысына тартуға мүдделіміз. Кеңестер жаңа экономикалық саясат пен салық реформасын талқылау алаңына айналып отыр. Бұл бизнес қауымдастығына мемлекеттік органдармен өзара тиімді әрекеттесуге мүмкіндік береді. Кеңестер жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, олардың орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, сот пен прокуратура өкілдері, жемқорлыққа қарсы қызмет пен депутаттарды қатыстыру маңызды, – деп нақтылады В.Геращенко өз ойын.

Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының «Smart Aqmola» бөлімінің басшысы Гүлім Бегалина өз сөзінде цифрлық сауаттылық пен қауіпсіздік мәселелеріне тоқталып, олардың азаматтық бастамалар мен қоғамдық бақылаудың дамуына әсер ететінін айтты.

Талқылауды қорытындылай келе, ҚСЗИ директорының орынбасары, алаң модераторы Алуа Жолдыбалина қоғамдық мониторинг пен бақылау жобалардың сапалы орындалуын, бастапқы жоспарға сәйкестігін және бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал, бүгінгі айтылған ұсыныстар мен барлық мәселелер Президент әкімшілігіне жолданатынын жеткізді. Шараға қатысушылар бұл үдерістердің барлығы мемлекет бастамаларын бақылауды күшейтуге, проблемаларды анықтауға және оларды шешу жолдарын ұсынуға мүмкіндік беретініне сенім білдіріп тарқасты.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар