Бәрекелді!
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Арлан» хоккей командасын Қазақстан Республикасы чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.
«Барша ақмолалықтардың атынан «Арлан» командасын Қазақстан Республикасы чемпионатындағы үшінші мәрте жеңісімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздер еліміздің чемпиондары атағын қатарынан екінші жыл жеңіп алып, ең мықты, ең ұйымшыл команда екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер. Облысымыздың командасы алдағы уақытта да жоғары жетістіктер үшін күресе беретініне сенімдімін.
Сіздерге мықты денсаулық, таусылмас жігер, жаңа жетістіктер мен жеңістер тілеймін. Әр жеңістеріңіз шабыт сыйлап, қанат бітіріп, келесі биіктерге жетелей берсін!» – делінген облыс әкімі құттықтауында.
***
Қазақстан чемпионатының плей-офф финалы аясындағы серияның төртінші кездесуінде Көкшетаудың «Арлан» хоккей клубы Өскеменнің «Торпедосын» 2:1 есебімен жеңіп, осымен ел біріншілігінің үш дүркін чемпионы атанды.
Төрт кездесуден тұратын плей-офф сериясының бәрінде де біздің жерлестеріміз басым түсті. Сөйтіп, арландықтар былтырғы чемпиондық атақтарын қорғап қалды. Бұдан бұрын 2017-2018 жылғы маусымда «Арлан» финалда «Номад» клубын 4:2 есебімен ұтып, ең алғаш Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанған болатын. Міне, сол жетістікке сейсенбі күні кешкісін Өскеменде үшінші рет қол жеткізген «Арланның» мұз айдынындағы шеберлігі қарсыластарынан анағұрлым асып жатты. Сөйтіп, олар лайықты түрде Қазақстан чемпионатының кубогын тағы бір мәрте жеңіп алып, барша ақмолалықтардың мерейін үстем етті.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
сурет: pro.ligasy.kz