Болат жолдың бойында
Сәуірдің ортасынан бастап еліміздің барлық өңірінде 125 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары басталды.
– Бұл жаңғырту жұмыстары аясында вокзал ғимараттарын қалпына келтіру мен жөндеу, сондай-ақ, инженерлік жүйелерді жаңарту жұмыстары атқарылмақшы. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң вокзалдардың өткізу қабілеті артып, заманауи күту залдары, интернет, ақпараттық жүйелер мен арнайы сервистер пайда болады деп күтілуде, – деп атап өтті Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар арасында жоғары сұранысқа ие туристік локацияларда орналасқан 21 теміржол вокзалы да жөндеу жұмыстарымен қамтылады.
– Ірі қалалардағы вокзалдармен қатар, елді мекендер мен шалғай аудандарда орналасқан нысандарды да қамтыдық. Мәселен, Шығыс Қазақстан өңіріндегі барлық 5 вокзал, Ақмола облысында – 16, Атырау облысында – 9, Алматы облысында – 5, Ақтөбе облысында – 7, Абай облысында – 10, Жетісу облысында – 8, Батыс Қазақстан өңірінде – 4, Қарағанды облысында – 11 және басқа өңірлердегі вокзалдар да жаңартылады, – деді Көлік вице-министрі.
Аталған жобаларды іске асыру барысында отандық материалдарды пайдалануға басымдық беріледі. Бұл ішкі экономиканың дамуына және жергілікті өндірушілерді қолдауға ықпал етеді.
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.