Нашақорлық – індет
Қосшы қаласында орналасқан қоғамдық мәдени спорт кешені ғимаратында «Нашақорлық – қауіпті індет, алдын алу – міндет!» тақырыбында жастармен ТEDx форматында кездесу өтті.
Аталған кездесуге «Қазақстан медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жас хирург Абылайхан Әбдіраш, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Олжас Бейсенбаев, «Esbol Qory» төрағасы, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Жандос Ақтаев, «Dauletten» қайырымдылық қорының президенті Жасұлан Қуандық, Қазақстан Студенттері Альянсының төрағасы Ұлан Наукен, Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков және жергілікті прокуратура, полиция өкілдері қатысты.
Кездесуде спикерлер жастарға арналған бағдарламалар, жастар арасындағы әлеуметтік мәселелер мен қоғамдық белсенділік туралы сөз қозғады.
Іс-шараға Қосшы қаласының 60-қа жуық белсенді жастары қатысты. Кездесуде нашақорлық қоғам дерті, нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейтіні, бұл істен заң сақшылары, нарколог мамандар, ата-аналар және әрбір еліміздің азаматы шет қалмау керектігі жөнінде айтылды. Ғасыр дертімен күресу керектігі, дүниедегі ең қымбат нәрсе, ол адамның өмірі, сол өмір әркімнің өз қолында екендігі түсіндірілді.
–Қаламызда есірткіге тәуелді жастар тіркелмеген. Бұл жақсы жаңалық. Дегенмен жастар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп тұрады, – дейді ұйымдастырушылар тарапы атынан қалалық жастар-ресурстық орталығының директоры Мөлдір Дүйсембаева.
Сондай-ақ, қазіргі таңда мектеп оқушылары арасында ең ауқымды – «Мамандық таңдаудағы негізгі қадамдар мен кәсіптік бағдар» тақырыбы қозғалып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берілді.
Кездесу соңында Қосшы қаласының белсенді волонтерлері Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығының басшысының атынан Алғыс хатпен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
11 Total Views , 1 Views Today