Жұмыс кеңесі
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрайымдылығымен Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласын дамыту мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті.
Оған аудан әкімі, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, сондай-ақ, облыстық басқармалар мен мекемелердің, ұйымдардың өкілдері қатысты. Кеңесте аудан орталығының инфрақұрылымын жақсарту, арық жүйесінің тиімділігін арттыру және кешенді абаттандыру шараларын жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары көктемгі су тасқынына дайындық деңгейінің жеткіліксіз болғанын айтып, қазіргі жағдайға терең талдау жүргізу және мұндай қателіктердің қайталануына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, реновация бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлер салу мәселесі де жеке қаралды.
Жиын қорытындысы бойынша аудан әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, қар шығару жұмыстарына бөлінетін қаржыны ұлғайту, қаланы абаттандыру жұмыстарын жандандыру, су өткізу жүйелерін жаңғырту, көпқабатты тұрғын үйлерде меншік иелері бірлестіктерін құруға жәрдемдесу және су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға дер кезінде көмек көрсету міндеттелді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.