Ынтымақтастық
Ақмола облыстық әкімдігінің шақыруымен Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясы кәсіпкерлерінің делегациясы жұмыс сапарымен Көкшетауға келді.
Бұл сапардың басты мақсаты – іскерлік ынтымақтастықты дамыту. Көкшетау қаласында облыс әкімінің орынбасары Ернар Жәркешов делегация өкілдерімен өнеркәсіп, электронды коммерция және логистика саласындағы бірқатар жобаларды талқылады.
Чжэцзян – Қытайдың маңызды провинцияларының бірі. Провинцияның орталығы Ханчжоу қаласында Alibaba, DingTalk сынды әлемге әйгілі технологиялық алыптардың бас кеңселері орналасқан. Сонымен қатар, бұл өңірде шетелге инвестиция салатын ірі компаниялар ең көп шоғырланған.
Қытайлық тарап Транскаспий дәлізінің Орта дәлізі аясында аймақ инфрақұрылымын пайдалануға өз қызығушылығын танытты. Кездесу барысында республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағына ерекше назар аударылып, делегация бұл аумақты маңызын жоғары бағалады және өндіріс орындарын орналастыру үшін әлеуетті нысан ретінде қарастырмақ ниеттерін білдірді.
Әкімдік шетелдік компаниялар үшін Қазақстанда қарастырылған инвестициялық преференциялар мен жағдайлар туралы ақпарат беріп, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге және бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы орта қалыптастыруға дайын екенін жеткізді.
Тараптар бауырлас өңірлер форматында ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.