Жыр әлемі
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов өзінің «Айтарым бар…» атты жаңа жыр жинағы арқылы адам болып өмір сүрудің басты қағидаты ар мен ұят екендігін өзінің ойлы өсиетнама сырлары арқылы толғана баян етеді.
Адам баласы жаратушы сыйлаған өз өмірі мен айналасындағылардың қадірі мен қасиетін және бағасын терең сезіне білуі үшін әуелі ақын болуы керек шығар!
Өткізіп өткендерді ой електен,
Жылдардан аттап алға келем еппен.
Бір күнімнен бір күнім қымбат екен,
Апыр-ай, ғұмыр неткен керемет ең!..
Мұны өмір жайлы терең ойланған терең ойлы ақын ғана айта алар! Осы бір терең ойды ақын Бақтықожа ағамыз айтып отыр. Ендеше, ақын Бақтықожа Ізмұхамбетовтың өмірі жыр да, сол жыры өмір!
Әңгімемізді әріден таратар болсақ, ақынның анасы, жарықтық Әсима анамыз тамаша күйші болғаны бар екен. Және де қазақтың ұлы ақындарының бірі Жұмекен Нәжімеденовты не бір қилы кезеңдерде Әсима ананың арқалап жүріп өсіргенін біреу білсе, біреу білмес.
Жұмекен елге ақын, аға маған,
Бірімін «Ақ шағылды» жағалаған,
Қошалақтан жол тартып Алатауға,
Ағамыз өз бақытын таба алған.
Анашым айтқан кезде бұл мекенді,
Арқалағам дейтін-ді Жұмекенді,
Әкесі қан майданнан қайтпай қалған,
Біреудің жалғыз ғана ұлы екен-ді, –
деп басталатын «Анам мен Жұмекен» атты толғауды тебіренбей оқу мүмкін емес.
Тебіренесіз, әрі қайран біздің аналарымыздың өз ұрпағына да, өзгенің жетімек баласына да жетіп жатар мол шуақты жан мейіріміне еріксіз сүйсінесің, сүйсінесің де сол аналық мейірімді сағынған күй кешесің. Әкесі қан майданнан оралмаған бала Жұмекенді жарықтық Әсима ана арқалай жүріп, ыңылдап ән салып та көкірегіне аналық өлмес махаббатының мейірімі мен үлкен жүрегіндегі көңіл күйін де құйған болар бәлкім?!
Болашақ ұлы ақынды, осы күнгі Тәуелсіз Қазақстанның Гимнін жазар, сол кездегі бала Жұмекен Нәжімеденовты арқалаған Ана! Осы бір сурет «Ана мен ақын» атты туған жер төрінде болашақта тұрғызылар бір ескерткішті көз алдыға елестеткені бар!..
Анамның қалған әбден қолтаңбасы,
Көп жылдар жүріп бірге боп жолдасы,
Орталық мұражайда ілулі тұр,
Киелі шерткен қара домбырасы, –
деп ақын өз анасының қара домбырасын да кие тұтатындығын жырмен айтады. Ал, кез-келген ортада қолына қара домбыра тисе болды Бақтықожа ағамыздың өзі де күй төгеді, ән салады, әйтеуір, сол сәтте көңілі күй болып, жан сарайы ән болып шалқып, толқиды. Шалқыған аға көңілінде адалдық сыры мен толқыған аға жүрегінде ақындық жыры сол домбыраның қос шегінен шертіліп жатады. Көңіліңді өсіреді, әсерлендіреді!
«Далам да ақын, бабам да ақын» демекші, Бақтықожа Ізмұхамбетов атақты «Мен қазақпын!» атты рухты дастанның авторы Жұбан Молдағалиевке жиен болып келері тағы да бар. Сонан соң Уфа қаласында мұнайшы мамандығына оқып жүрген студент Бақтықожа Ізмұхамбетов қайталанбас талантты ақын Төлеген Айбергеновтың башқұрт елінде болған бір сапары кезінде алдында жыр оқыса, ақындық және өзге де өнер Бақтықожа ағамызға қанмен де, жанмен де біткен қасиет дерміз! Әйтпесе ақын болар ма еді?!
Ақындық тылсым бір күш жасырынған,
Сәйгүлік, таңдап тауып, басын бұрған,
Түйдек бұлттар, төгетін нөсер көктен,
Жарқ етіп, от ойнаған жасынынан, –
деп сол ақындықтың «тылсым бір күш» екендігін жан-жүрегімен сезініп, тереңінен ұғынған Бақтықожа Ізмұхамбетов:
Жаныма жақын келсе жыр-шумақтар,
Бәрін ұмытып, қуанып ілесемін.
Тумағанда жыр сезім, сыршыл шақтар,
Бойымда бар екенін білмес едім, –
деп жыр құдіреттің келіп-кетер қасиетін тани айтады.
Мен бірімін сөнбеген жанартаудың,
Шапшыған от жалыны армандаудың.
Найзағаймын, көңілдің биігінде,
Асаумын, торын бұзған тар қамаудың, –
деген осы бір жыр шумақтарының ширығып барып жанартау жыр жүректен ақтарылып, төгіліп барып таситын ағынында ақын ағаның бітім-болмысы, кесек мінезі, дархан көңілі мен шалқар ниеті жатыр деген ойға бекіп, осы тұжырымға келдік.
Көңіл биігіндегі найзағай жасыны болып ойнаған ақын жырының енді бір сәтте алаң көңілдің арпалысқан әлдебір күйіне түсері де бар.
Алаңдаймын кей сәтте әрнемеге,
Берген ғой мінез, қылық әр пендеге.
Сезімталдау келеді кейбір адам,
Шығармын бірі соның бәлкім, мен де!..
Әрнемеге алаңдамас ақын болмас тегі?! Сол алаң көңілімен Бақтықожа ағамыз «Қайда кетіп барасың, ей қазағым?, – деп ой толғайды, ой емес-ау, шер толғайды. Ақынның өз халқының жағдайын ойлаған шерлі көңілінің сыр пернесін басып қалсаңыз, заманның бүгінгі шырылдаған үнін естір едіңіз. Заман тастанды бала болып шырылдайды, жат жұртқа сатылып кеткен қара көз жетімек болып зарланады.
Қайда кетіп барасың, ей қазағым?
Алдың ба, бұл заманның кей зарарын, –
деп ақын жүрегі бір күрсінсе,
Көріп, естіп мұндайды жүрек сыздап,
Деп ойлап, уайымдаумен жүрем ұзақ, –
деп өз ұрпағы үшін не бір нәубаттарда жан алып, жан беріскен қазақ деген халықтың қазіргі бір күйіндірер харекеті ақын жүрегін қан жоса етіп, тілгілері бар.
Ұлт қамы үшін, ұрпақ қамы үшін алаң көңілді ақын аға «Ағалық айтарым бар кейінгіге» деп «Айтарым бар…» атты өсиетнамасында ұзақ ой толғайды.
Көрдім талай заманның белестерін,
Өмір мектеп деген сөз емес тегін.
Ағалық айтарым бар кейінгіге,
Сондықтан келді біраз кеңес бергім.
Біліп жүр, тірліктегі борышың бұл,
Жалғай жүру әлсізге қолұшын бір.
Айналаң, ағайын, дос-жолдастарың,
Сыйлап сені қаумалап, сол үшін жүр, –
деген жыр өсиеттің түйіндеп айтары адам баласының бірін-бірі сыйлай білу, сыйласа білу қағидатына барып ой тірейді.
Біз осы ретте, Абай хакімнің «күнбе күн қызық дәурен тату өткіз, жетпесе біріңдікін бірің жеткіз», – деген ғибратын ойға оралттық. Ойға оралттық та, ақын Бақтықожа Ізмұхамбетовтың:
Жасасаң жақсылықты санаспағын,
Ақылшысы бола жүр адасқанның.
Олар да өзіміздей адамдар ғой,
Көргендер, тауқыметтің тар қыспағын.
Әрдайым тарылтпағай пейіліңді,
Адамды қолдар Алла мейірімді.
«Жақсылық шығар алдан» дейді қазақ,
Қабыл ал, осылай деп кей күйіңді, –
деген өсиетін көңілге қондыра отырып, өз тіршілігіңде жан баласына кесіріңді тигізбе деген жалпы Адамзатқа ортақ, Адамның әр баласына тән болуға тиісті адами құндылықты алға тартамыз.
Ақындық пен абыздықтың қос таспасымен бірегей өрілген осы өсиет толғау саналының ары мен ұятын бекемдер, ойлының ой жүйесін толықтырып түгендер, ұрпағымызға жақсы мен жаманды айыра білуге жетелер деген сенімдеміз.
Өмір сынақ, өтеді бастан бәрі,
Тағдыры әр пендені бастап әрі.
Көрініп өз төрінен әр кезеңде,
Жүреді ғұмыр кешіп, жас та, кәрі, –
дейді ақын «Өмір сынақ» жырында. Осы бір төрт шумақтан тұратын жырдың негізгі ойы тағы да Ар мен Ұят, Кісілік пен Кішілік қағидасын тағы да қайталайды, тағы да айтады ақын аға!
Жалпы өсиеттер мен даналық ой жүйесінен тұратын ақынның тұшымды жырларының кез-келгені өз оқырманының ой-өресін кеңейтіп, жан дүниесін байыта түсері де сөзсіз.
«Көкшетау хикаялары» осы жыр кітабындағы кесек бір әсері мол туынды болып саналса етті. Ежелден ел аузындағы Көкшетау тарихы мен аңыздарын ақын аға өз түйсігімен, өз сезімімен, өз үнімен жырлап, толғайды.
Көкшетау тұнған тарих, толған аңыз,
Танысып талайымен таң қалғанбыз, –
дей келіп, әлемнің біраз елін шарлап, талай жер көрген ақын Бақтықожа Ізмұхамбетов Көкшетауды жырлауға келгенде ерекше бір шабытқа мінеді, шалқи сөйлейді, толғана ой түйеді.
Көкшетау тарихтың тұңғиығы,
Талайлар жазып кеткен жыр ұйығы.
Жүрсін деп жұмақ көріп, аңыз жиып,
Алланың берген бізге бұл бір сыйы, –
деген ақынның ой түйіні Көкшетауды адам баласы көріп жүрсін деген жыр шумақпен айшықтап, анықтай беруі Ұлы далаға деген перзенттік махаббаттан туса керек!
«Айтарым бар…» жыр жинағындағы ақынның «Қазақ деген бір ұлт бар», «Торы ат хикаясы» және де «Тілеймін тозбағай деп қыл қаламы», «Сыйлайықшы алдымен өзімізді» атты туындылары да қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған жыр қазына екендігін айтқанды жөн санап отырмыз.
Жыр жинағының алғы сөзін жазған ақын Жанарбек Әшімжан: «Сол тазалық, сол арлылық біздің ағамыздың тұла бойында бар! Демек, ол ақын! Әрине Бақтықожа Ізмұхамбетов өте адуынды, батыр мінезді, қайсар қалыпты, әділетсіздікке жаны төзбейтін тұлға екені рас. Алайда жанына үңілсеңіз, жырына терең қанықсаңыз – Төлеген Айбергенов айтқан нәзіктікті табасыз», –деп өте бір тауып айтып, ақын ағамыздың жан дүниесі мен жыр әлемі жайлы толықтырып ой толғаған екен. Қосып, аларымыз жоқ!
Ақынның жан дүниесі жырынан танылары анық. Ендеше, Бақтықожа Ізмұхамбетовтың «Айтарым бар…» жаңа жыр жинағы да ақынның жан тазалығын да, ойының кемел, тереңдігін де, адам баласына деген шынайы жанашыр көңілін де өз жыр жүрегіне орап, ұсынып отыр.
Ақын жырындағыдай жан тазалығы мен ар тазалығына не жетсін! Жырлай беріңіз, ақын аға!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.