Ауыл шаруасы
Төскейде төрт түлік мал бағып, ырысын молайтқан малсақ қауымға алға ұмтылып еңбек етсе ырыс үйіріледі екен. Ерейменнің етегіндегі шаруасы шалқыған серіктестіктің жұмысын көріп, көңіл тоғайттық.
Бұл өлке төрт түлік мал өсіруге мейлінше қолайлы жер. Таулы-тасты адырлардың көктемгі қызыл су үйіріліп, жаз ортасына дейін кілкіп жататын қолат-қойнауы сәл селдірлеу біткенімен, малға жұғымды шөп бар. Әуел баста ақтылы мал өсіріп, шаруасын жолға қоймақ болған «Жаңа Береке» шаруа қожалығы 2017 жылы бағымындағы малды түгел сатпақ болды. Сол жылы қатты құрғақшылық болып, әншейінде шөп мол шығатын ойпаң жерлердің өзі көктемей қалды. Мал азығы тапшылығынан қысылған шаруа қожалығы қолындағы малымен бірге бар дүниесін сатуға мәжбүр болды. Қара малмен бірге 300-ге жуық жылқы жаңа серіктестіктің иелігіне көшті. Серіктестік бастапқы атауын сақтап қалды.
Серіктестік мамандары бірден мал тұқымын асылдандыруға мән берген. Жергілікті жердің тұқымы азған малынан алар табыс жарытымсыз болуы әбден мүмкін. Асыл тұқымның аса беретіндігі ақиқат. Осылайша қабырғаларымен кеңесіп барып таңдау қазақтың ақбасы мен қалмақ сиырына түскен. Ақбас – төл малымыз, ал, қалмақ сиырының сыры тосындау. Мал баққан қауымның қаперінде жүрсін деп сипаттамасын айта кеткен де дұрыс болар. Бұл ірі қараның етті тұқымы. Табиғи сұрыптау арқылы сонау 16-17 ғасырларда бүгінгі Моңғолия топырағында өрістеген. Қысы-жазы жайылымда бағылған. Тұзы бетіне шығып жататын қуаң даланың ауа райына әбден бейімделген, күй таңдамайды. Сом денелі, аяқтары мықты, бұлшық еттері өте жақсы дамыған. Терісі қалың болғандықтан, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта малдың мазасын алатын маса-сонаны, шыбын-шіркейді елей бермейді. Ірі қараның ішінде ұшырасатын жеңіл-желпі ауруларға да төзімді. Шоқтығы биік. Бұқасының тірідей салмағы 800 келіден асып жығылады. Егер жақсылап күтсе тана торпағы 18 айда 500 келіге жетіп қалуы әбден мүмкін. Сиырының сүті де майлы.
Өне бойы жайылымда жүргендіктен өзіндік құн арзанға түседі. Бір жақсысы Ерейменнің етегінде жайылым жетіп жатыр. Серіктестік малшылардың жағдайын жасауға мән берді. Бірінші күннен бастап толымды жалақы төлегеннен кейін төрт түлік мал бағуға ынталылар саны көбейген. Жергілікті жұрт үшін бұл да жақсылықтың нышаны. Ауылда тұрақты табыс болса, тұрмысы да түзеліп қалмай ма? Ел серіктестіктің болашағы үлкен үміт еткен. Бар қаржысын дамуға салып келе жатқандығын көздері көріп отыр. Малмен айналысқаннан кейін төрт түліктің жайын білетін мал дәрігері қажет. Бағымдағы мал ішінен ауруға шалдыққаны болса, бірден емдеп, жұқпалы аурулардың алдын алуға мән берілген. Асыл тұқымды малдың дәрумендері де үзілген емес. Жұмысын бір жолға қойғаннан кейін серіктестік халықаралық сертификатқа ие болды. Жұмыс желісі де бір ізге түскен. Мал өз төлі есебінен өсіріледі. Онан соң бордақылау алаңы. Жілігіне май бітіп, салмағы толысқан соң қасапханаға тоғытылып, дәмі тіл үйіретін семіз ет өңдеу кешеніне өткізіледі.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы еңсесін көтере бастады. Бұл пікірімізге «Жаңа Береке» серіктестігінің ілкімді ісі дәлел. Бүгінде бордақылау алаңында 10 мың басқа жуық қой семіртіледі. Мал азығын серіктестіктің өздері дайындайды. Қысы-жазы сақтайтын қоймалары дайын. Баяғыдай айыр ұстап жүрген ешкім жоқ. Мал азығын дайындайтын цехта санқилы дәрумені қосылып әзір болған азықты техникамен таратады. Малсақ қауымның айтуына қарағанда ісіне береке біту үшін мал азығын өздері дайындау мейлінше маңызды. Сондықтан, серіктестік жүгеріден бастап бірнеше дақыл түрлерін өсіріп, қысқа қамдануды қапысыз жолға қойған.
Ауқымды жұмыстың салмағы екшеліп, аталмай қалған кезі жоқ. 2023 жылы республикалық «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Осы бір ғана мысалдың астарында тиянақты еңбектің, нәтижелі жұмыстың жатқандығы және сапалы өнім дайындағандығы көрініп тұр емес пе? Ет өнімдерін сақтайтын мұздатқыштарына 26 тонна өнім сияды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорны «Алтын қазық» компаниялар тобына кіреді. «Алтын қазық» компанияға 2015 жылдан бері «Алтын таға» өндірістік кешеніне басшылық жасауда. Бұл кешен заманауи құрылғылармен толық жабдықталған. Оның ішінде австриялық Laska құрылғысы да бар. Бұл құрылғыда мал сойылып, алғашқы өңдеуден өткізіледі. Жаңа технологияның бір артықшылығы ет өнімдерінің сапасын сақтауында.
Серіктестік қой шаруашылығын өркендетуге бет бұрып отыр. Оған барлық жағдай бар. Бабын тапқан соң бағымы жақсы малдың басы да көбеймей ме? «Столичная трапеза» брендімен сатылатын шұжықтың бірнеше түрі және өңделген ет еліміздегі 70 сауда орнында сатылады екен. Адал еңбектерімен абырой арқалады деген осы емес пе?
Компанияда жүзге жуық адам жұмыс істейді. Орташа табыстары 200 мың теңге төңірегінде. Шұжық цехы жылына 270 тонна өнім шығарады. Ал, ет өңдейтін цехтың өнімі 900 тонна төңірегінде. Бұл жерде көлем ғана емес, сапасының жоғары екендігін де айта кетуіміз керек.
–Болашақтағы мақсатымыз шет елдердің сауда орындарына өз өнімімізді жеткізу. Біріккен Араб Әмірлігі, Сауд Арабиясындағы халықаралық көрмеге қатысуға ниеттеніп отырмыз. Егер өз өніміміздің сапасына көз жеткізсек, алдымыздан жаңа кеңістік ашылар еді, – дейді «Алтын қазық» компаниясы директорлар тобының орынбасары Қонысбек Нұрғазин.
Осы бір шаруа оңынан оңғарылса, өңірдегі қой шаруашылығы алға басар еді. Ол дегеніңіз жаңа жұмыс орындары мен сапалы азық-түліктің молшылығы.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Ерейментау ауданы.
14 Total Views , 1 Views Today