Мемлекет басшысының алға қойған міндеттеріне сай дамытылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрікті Бурабайдың баурайында өткен төртінші Ұлттық Құрылтайда Ақмола облысының туризм саласын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

Әсіресе, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың алдағы төрт жылға кешенді жоспары қабылданып, оны жүзеге асыруға қыруар қаржы бөлінетіні ақмолалықтар үшін қуантарлық жағдай. Себебі, өңірдің туризмін қарқынды дамыту аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағынан да өсуіне зор серпін береді.

Соңғы жылдары туризм саласы Ақмола облысы экономикасының маңызды даму бағытына айналып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда.

сурет: images.myguide-cdn.com

2024 жылғы статистикаға көз салсақ,  былтыр аймаққа ағылып келген туристер саны айтарлықтай өскен. Бұдан Көкше өңірінің туристік аймақтарына еліміздің және шетелдік туристердің қызығушылықтары артып келе жатқанын көруге болады. Сондықтан, туристік аймақтарды дамытудың маңызы зор. Туристердің бұлай ағылып келуі инфрақұрылымды дамытуға және қолдауға, инвестициялар тартуға және жаңа туристік орындар ашуға бағытталған кешенді жұмыстарды талап етеді. Жоғарыда атап өткенімдей, Ұлттық Құрылтайда Президент Ақмола облысының басты курорттық аймағы саналатын Щучинск-Бурабай аумағын дамытуға, оған инвестиция тартуға ерекше мән берді:

– Осы курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 миллиард теңге бөлінеді. Қаржының жартысына жуығы – жеке инвестициялар. Үкімет пен облыс әкімдігі құжатта көрсетілген міндеттерді сапалы орындауға тиіс. Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Барлық экологиялық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы, облыста туризм саласынан қыруар табысқа шығу үшін Щучинск-Бурабай курорттық аймағын одан әрі дамыту маңызды. Тау-тасы мен өзен-көлдері аңызға айналған көрікті аймақ тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығын тудырған тартымды орталық деуге болады. Бұл курортты аумақтың базасында демалушыларға қызмет көрсетудің кең спектрі ұсынылатын көптеген орналастыру орындары бар. Биыл, мысалы, Бурабай ауданында орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі өткен жылмен салыстырғанда 113 пайызға дейін өсіп, кіріс көлемі 18,9 миллиард теңгеге жеткен.

Облыста туризмді дамытудың маңызды аспектісі көлік және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту болып табылады. Сумен жабдықтау, су бұру, жолдар және электр желілері сияқты көптеген нысандар курорттық аймақты дамытудың кешенді жоспары аясында белсенді түрде жаңғыртылып, одан әрі жетілдіріле түседі. Бұл туристерге көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға ықпал ететін жаңа жұмыс орындарын құруға көмектеседі.

Сонымен бірге, Щучинск-Бурабай курорттық аймағында туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары туристер ағынын ұлғайту мен демалыс сапасын жақсарту үшін жағдай жасауға бағытталған заманауи қонақүйлер салу және инфрақұрылымды дамыту сияқты ауқымды жобаларды қамтиды. Жоспардың маңызды элементі – экотуризмді дамыту, мұнда табиғатты сақтауға және аймақ ресурстарын ұтымды пайдалануға ерекше назар аударылады.

Өткен 2024 жылы Ақкөл, Целиноград, Аршалы сияқты елордаға жақын аудандардағы туристік нысандарды дамытуға көп көңіл бөлінгені белгілі. Бұл бағыттар Астана мен оған жақын маңдағы қалалардың демалушыларының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасалды. Қатаркөл көлі аумағындағы курорттар, Щучинск қаласындағы «Орман» демалыс аймағы, сондай-ақ, жаңа инвестициялық жобалар сияқты бірегей демалыс объектілерін құру демалушыларға ыңғайлы және тартымды орындарды көптеп ұсынуға мүмкіндік туғызады және бұдан өңірдің туристік картасы кеңейе түседі.

Даму перспективалары туралы айтар болсақ, алдағы жылдары туристік қызметтердің сапасын едәуір жақсартатын бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Оның аясында келушілерге аймақтың тарихи бай мұрасын насихаттап, туризмнің тағы бір маңызды бөлігін ашатын «Сақ қорғандары» туристік соқпағы сияқты жаңа маршруттар құрылады. Бұдан басқа, туристердің қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған шаралар көзделген. Ол үшін мемлекеттік қолдау шеңберінде ақылды бейнебақылау камералары орнатылып, адамдар өте көп баратын су айдындарында су-құтқару станцияларын салу қарастырылуда. Бұл келушілердің жайлы әрі қауіпсіз демалулары үшін жасалатын жағдай.

Маңызды жобалардың бірі Щучинск қаласындағы көпфункционалды конгресс-орталық болып табылады, ол халықаралық және республикалық іс-шараларды өткізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ, бұрыннан бар инфрақұрылымға қосымша ретінде қарастырылады. Бұл орайда, Мемлекет басшысы:

– Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың бетке ұстар орны болуы қажет. Орталық іске қосылатын болса, демалыс аймағына жұрттың қызығушылығы да арта түседі. Сондай-ақ, туристік маусымнан тыс уақытта адамдар көптеп келе бастайды. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені тыңғылықты қарастыруды тапсырамын. Облыстың орасан зор туристік әлеуеті Шучинск-Бурабай аумағымен ғана шектелмейді. Демалыс аймағы ретінде мүмкіндігі мол Зеренді, Сандықтау, Ақкөл және басқа да жерлерді жан-жақты дамыту қажет, – деген болатын.

Мемлекет басшысының берген осы тапсырмалары Үкімет пен Ақмола облысы әкімдігінің бірлескен жұмыс жоспарлары негізінде біртіндеп жүзеге аса бастауда. 2025 жылы Бурабай курортын инфрақұрылымдық дамытуға 3,5 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде 0,7 миллиард теңге республикалық, 2,8 миллиард теңге жергілікті бюджеттен қарастырылмақшы.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағы еліміздегі үш туризм орталығының бірі болып белгіленді және Қазақстанның негізгі курорты болып қала береді.

Осылайша, Ақмола облысындағы туризм саласы жаңа бағыттарды қамтып, инфрақұрылымды жақсартып, инвестицияларды тарта отырып, қарқынды дамуын жалғастыруда. Бұл сала аймақтағы билік өкілдері үшін басым бағыт болып табылады, сондықтан, бұрынғы дәстүрлі және жаңа бағыттарда туризмді одан әрі дамыту өңірдің экономикасын және жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпалын тигізетін болады.

Андрей ПОДГУРСКИЙ,
Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы.

сурет: mysl.kazgazeta.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар