Сырт алаңда жеңіске жетті

Өткен сенбі, жексенбі күндері Қазақстан Премьер-Лигасында V турдың ойындары ойналды.

Бұл жолы сырт алаңда өзі сияқты жоғары топқа биыл қосылған Жезқазщғанның «Ұлытау» командасымен кездескен жерлестеріміз 0:1 есебімен жеңіске қол жеткізді. Бұл ойын өте тартысты өтті. Бұған дейін жеңістің дәмін татып көрмеген ұлытаулықтар қайткенде де өз жанкүйерлері алдында қарсыластарынан басым түскісі келіп, барын  салды.

Бірақ, ойын бойы «Оқжетпестің» қорғанысы сыр бермей, сауатты қорғанды. Шабуыл шебінде тақа дегеніміз бола қоймаса да, Марат Дамир, Алияр Мұхамед, Дәурен Жұмат, Самат Әшірбек сияқты ойыншыларымыз бірнеше мүмкіндіктерді жете пайдалана алмады.

Дегенмен, осы арада қазақ футболының соңғы кездері ерекше көзге түсіп жүрген бір үміті ретінде Дәурен Жұматты ерекше атауымыз керек. Команда капитаны Тимур Досмағамбетовтың қарсыластардың айып алаңына кірген бір сәтінде доп «Ұлытаудың» қорғанысқа көмекке келген шабуылшысы Солодовскийдің қолына тиіп, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Оны мүлтіксіз орындап, қақпа торынан бір-ақ шығарған Дәурен ойынның 43-інші минутында «Оқжетпесті» осылайша алға шығарды.

Екінші кезеңде алма-кезек шабуылдар екі жақтан да толастамағанымен, бұдан кейін қайтып доп қақпаға енген жоқ. Бұрын «Оқжетпестің» сапында ойнаған әрі команда капитаны міндетін атқарған Жасұлан Молдақараев «Ұлытаудың» сапында екі рет өрескел ойнап, сол үшін қызыл қағаз алып, ойыннан қуылғанымен, бұл басымдылықты жерлестеріміз голға айналдыра алған жоқ. Сөйтіп,  қақпашымыз Қажымұқан Төлепбергеннің де бұл күні өзінің сәтті кездесулерінің бірін өткізіп, матчтың ең үздік ойыншысы атануымен оқжетпестіктер аса маңызды жеңісіне қол жеткізді. Қазір олар турнир кестесінің жетінші сатысында келеді. Алда команданы 26 сәуір күні өзіміздің Көкшетаудағы «Оқжетпес» стадионында Астананың «Жеңісімен» тартысты ойын күтіп тұр.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

суреттер: cdn.sports24.kz

10 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар