Әділдік пен ашықтыққа бағытталған қадам

Өңірлік коммуникациялар қызметінде тұрғындарға өңірдегі құқықтық ахуал жайында ашық ақпарат беру, қабылданып жатқан шаралар мен заманауи технологиялардың тиімділігін түсіндіру туралы брифинг өтті.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті Қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Виктор Красноусов жыл басынан бері қалыптасқан оң өзгерістер жөнінде айтты.

Осы кезеңде тіркелген өтініштер мен хабарламалар саны артқанымен, бірқатар аудандарда қылмыс санының күрт төмендегені байқалады. Мысалы, Ерейментау, Бурабай аудандары мен Қосшы қаласында ауыр және орташа қылмыстар екі есеге дейін азайған. Сонымен қатар, онша ауыр емес және орташа деңгейдегі қылмыстар азайғанымен, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны өсіп отыр. Бұл құқық қорғау органдарының алдын алу шараларын қайта қарауына себеп болып отыр.

– Жыл сайын алаяқтық қылмыстары күрт көбейіп келеді, әсіресе, интернет алаяқтық кең таралған. Онлайн несиелер, жалған лотореялар мен банктік смс қоңыраулар арқылы жасалатын қылмыстар саны бірнеше есе өскен. Мұндай деректердің басым бөлігі облыс орталығы Көкшетау қаласында тіркелуде, – деді спикер брифинг барысында.

Виктор Красноусовтың жасаған баяндамасына сәйкес, Степногорск және Бұланды аудандарында отбасылық-тұрмыстық салада тіркелетін құқықбұзушылықтар саны өскен. Есірткі қылмыстары да айтарлықтай артып, олардың жартысына жуығы облыс орталығында орын алған.

Бір қуанарлығы сол, цифрлық технологиялар құқық қорғау жүйесіне де еніп жатыр. Qamqor.gov.kz порталы арқылы азаматтар қылмыс туралы арыз беріп, айыппұлдар мен өтініш мәртебесін тексере алады. Сонымен қатар, қылмыс картасы арқылы кез-келген тұрғын өз аумағының қылмыстық ахуалын көріп, тиісті сақтық шараларын жоспарлай алады.

Платформада арнайы алты түрлі карта енгізілген. Қылмыс, жол-көлік оқиғалары, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар, жыныстық қылмыс жасағандар, мемлекеттік органдарға жүгіну және кәсіпкерлікке жасалған тексерістер картасы осы платформада көрсетіліп отырады.

– Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру реестрі – құқық қорғау органдары жұмысындағы ең басты цифрлық жүйе. Соңғы жылдары қылмыстық істердің басым бөлігі электронды форматта тіркеліп, тергелуде. Бұл жүйе тергеудің ашықтығы мен тиімділігін арттырып, азаматтық істердің барысын онлайн бақылауға мүмкіндік береді, – деп толықтырды өз сөзін осы ретте, Виктор Красноусов.

Қоғамдық сектор модулі арқылы жәбірленушілер, қорғаушылар мен басқа да қатысушылар интернет арқылы өз ісімен таныса алады. Бұл спикердің пікірінше, әділдік пен ашықтыққа бағытталған үлкен қадам.

Жыл басынан бері Ақмола облысында қылмыстық процестің ашықтығы мен цифрлануы артып келеді. Қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы байланыс нығайып, заманауи технологиялар қылмыстың алдын алуда маңызды құралға айналуда. Енді қауіпсіздік мәселелері тек полиция мен прокурордың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігіне айналуы тиіс.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар