Жақсылық жасаудан жалығуға болмайды

Қойын дәптерден 

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
жазушы.

«Түрік тілінде сөйлемейтін адам өзінің түрік қауымына және түрік мәдениетіне жататынын қаншама қайталаса да, бұған сену дұрыс болмайды» депті Ататүрік. Текке сөйлемейтін көсем. Осы ойды өзімізге бағыттасақ, шындық шіркіннің беті ашылып, шырқырап шыға келеді.

***

Өлеңдерім өрекпіген көңіл, алабұртқан әсерлерден туған дүниелер. Сондықтан, кейде олардың шындықтан алшақ, қисынсыз болуы әбден мүмкін.

***

Құнсыз, қалың-қалың кітаптар көбейген сайын алда шығаруға жоспарлаған кітабымның беттерін кеміте беремін, кеміте беремін…

***

Адамның өзі ойлаған, көздеген жолымен жүруі жүзеге аса бермейді екен. Байқаусыз түскен басқа бағытыңды алданыш қылып жүре беруге мәжбүр болатын кездер көп көрінеді өмірде.

***

Қоршаған ортаң өз тезіне салып, иіне көндіріп, көнбіс қылып алуға күш салады. Оған сенің сондай болғаның керек. Соның салдарынан табиғат берген даралығың болса тауы шағылып, жүзі қайтып, мұқала береді, мұқала береді…

***

Талай танымал журналист «Шерханның шапанынан шықтық» дейді. Шерағаң мықты-мықты қаламгерлер тәрбиеледі, басқарған газеттерін биікке көтерді, небір халық қадірлеген құнды шығармалар жазды. Сөйтіп, жазудың шыңына шыққан, қайтпас қайсарлығы, табандылығымен, талантымен аты шыққан ағамыз кәрілік кіре намазға жығылды. Ендеше, бізге не жорық?.. Шерханнан асқан жорналшы болармын деймісің?  Әрнені сылтауратып, соза бермей осы күннен Құбылаға бет бұра беру керек қой.

***

Бес уақ намаз оқуға күш-қуатың, әлің, ақылың жетпей тұрып, пәлен-түген деу әбестік ау…

***

Қолдан келгенше адамдарға жақсылық жасаудан жалығуға болмайды. Өмір-тіршіліктің ауыр азабынан, көңілге түсетін кірбіңдерден арылу амалы сол ғана.

***

Адам баласының дені байлық пен атақ-мансапқа атойлап бас қойған заманда жақсы адам боп өмір сүру өте қиын. Жақсы болуға ұмтылып, жолында небір сұрқиялықты көріп аңтарылған жастарға не ақыл айтарыңды білмейсің…

***

Адамға Жаратқан Ие о баста мықты денсаулық береді. Адам болса өмір бойы сол денсаулыққа зиян істеуге кіріседі: тәттіні көп жейді, майлыны асайды, арақ ішеді, темекі тартады, дене шынықтырумен айналыспайды, таза ауа жұтпайды, т.с.с. Оданда қапырық ауада қамалып отырып бөскенді, тілмен орақ орғанды қалайды. Сөйтіп жүріп ауруға шалдығады. Енді уыс-уыс дәрі ішуге кіріседі. Оны жұтып жібереді де әлгі әдетін жалғастыра береді. Ибн Синаның: «Біз – үшеуміз: науқас, дәрігер және дерт. Науқас қай жағына шығысса сол жеңеді» дегенін әлі құлаққа іліп жатқан ешкім жоқ. Ол ақылға қашан жүгінеді екенбіз?

***

«Мен ақылдымын деген адамның ең соңғы табан тірер нүктесі Ислам болуға тиіс.» депті өмірдің мәнін ондаған жылдар бойы үңіле зерттеген орыстың ғұлама жазушысы Л.Н.Толстой. Әлмисақтан мұсылман баласы бізге не жорық?..

***

Мен адам бола алмай жүрмін, сен жаман бола алмай жүрсің!

***

Жақсы ән тыңдау үшін ғана өмір сүруге болады.

***

Талантты болғанның қиыны сол – бүгінгі досың ертең-ақ көреалмаушылық қырсығына шалдығып, дұшпаныңа айналып жүре береді.

***

Қолы бос қазақтың бәрі өлең жазатын болды. Ақын халықтың ұрпағы ғой жаза берсін, ауыз-екі қара өлеңді суырып сала берсін. Тек соларын газет-журналдарға тықпалап, кәсіби өнерге қосып, жыр жарықтықтың киесіне кір жұқтыратыны жаман-дағы…

***

Орта жоқ. Әдеби ортаны айтпағанда шай үстінде көсіле сөйлеп, жайыла ой айтып, шер тарқататын орта жоқ. Барған жеріңде екі сөзіңнің бірін орысшалап отырмасаң сөзіңді ешкім ұқпайды. Сонда, тілің қалай дамып, шабытың қалай шамырқанбақ?..

***

Жер бетінде ғалымдар, ғұламалар, данышпандар қалдырған ғажайып ақылды тұжырымдар, ойтүйіндер бар. Соларды теріп оқып, тұшынып, түйсінудің өзіне қаншама күшті талант пен тәртіп керек десеңізші?!

***

«Сыбайлас жемқорлықпен бәріміз жабыла күресейік» деп ұрандатамыз. Өзіміз береміз, өзіміз аламыз, сонда қайсымыз кіммен күресеміз?..

***

Ақылы бардың ақшасы жоқ, ақшасы бардың ақылы жоқ, бұл да өмірдің итіс-тартыс екендігінің бір айғағы ғой…

***

Біздің заманда сөзіңе тұрмайтын суайт, сумаңдаған өсекші, кергіген кержалқау, ештеңеге селт етпейтін сезімсіз, топас болсаң ғана бағың жанады. Кішіпейіл, мейірімді, көкірегің ояу, көзің ашық болдың ба, көрген күнің құрсын!..

***

Шіркін-ай! Дөңгелек үстел басына жиылып, ел ісін әңгімелеп отырған ығай мен сығайдың ішінде қазақша газет оқитын бір адам жоқ!..

***

Жоғары қарасам – түңілемін, төмен қарасам – «тәуба» деймін. Асыл мінез – халықта.

***

Тез есейіп, оң-солын аңдап, өз жолын тауып алатындар бар. Бағыты айқынның жүрісі де өнікті. Биігіне шаршап-шалдықпай, игілік-рахатын еркін көрер шағында шығып алады. Ол үшін туабітті қабілет, алғырлық, шалымдылық керек. Ал, кейбіреу өзгелердің салып жіберген жолымен итшілеп, өмір бойы салпақтай береді…

 

***

…Енді біреулер үлкен мақсатқа бәрін ұмытып, ессіз ұмтылады. Соған жетсем төрт құбылам түгел, бақытты боламын деп ойлайды. Сөйтіп жүріп, балаларының не істеп, не қойып жүргенінен бейхабар қалады. Тәрбиесіз балалары өмір-тағдырдың тәлкегіне ұшырап, тайғанақтай бастайды. Ал, перзенті бақытты болмай, адам бақытты болмайды. …Бақытты болуды біреу оңай деп пе еді?

***

Қилы-қилы қиындықтарға кез болып қамығып, торықсаң да өз мақсатыңа жетуге бар күш-жігеріңді жұмсап, ұмтыла беруің керек. Өйткені, бәрі өтеді, ұмытылады. Алаңдасаң – уақытыңды жоғалтасын. Өзгелер сенің сенделіп жүргеніңді сезбейді де. Бос сандалғанға санайды.

***

Білім қолжетімді. Іздегініңді табасын. Ғылым өсті. Ғаламтор сайрап тұр. Кітап жеткілікті. Бірақ әлі де: «Мен ешкімнен, ештеңеден қорықпаймын! Тек қана менің айтқаным болады!» дейтін менмендер жетерлік.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар