Әдеби кеш
Көкшетау қалалық электронды кітапханасында «Темірқазық» клубының ұйымдастыруымен «Жүрек арызы» атты тақырыпта әдеби кеш өтті. Поэзия кеші ақиық ақын, тау тұлғалы талант Мұқағали Мақатаевқа арналды.
Мұндағы басты мақсат ақын-жазушылардың мұрасына бас ию, олардың шығармаларынан нәр алып, әдебиетке, оның озық өкілдеріне деген құрметімізді білдіру.
Әдебиет – адам жанының айнасы. Қазақтың өр рухын жырлаған ақын-жазушылардың шығармалары бізге мәңгілік мұра. Қазақ поэзиясы – халқымыздың жаны, ар-ожданы. Ұлы Абайдан бастап, Мағжан, Қасым, Мұқағали сынды тұлғалар поэзияны биікке көтерді.
Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы терең мағлұматтар беріліп, оның жүректен шыққан өлеңдері оқылды. Басқа да ақындардың жүрек тебірентетін шығармалары туралы айтылды. Қатысушылар Мұқағали поэзиясындағы ұлттық рух пен адамзат құндылықтарын талқылап, өз әсерлерімен бөлісті.
«Темірқазық» клубының мүшелері ақынның туындыларын жаңа қырынан танып, оның рухани мұрасын насихаттауға осылайша өз үлесін қосты. Бұл әдеби кеш қазақ поэзиясының құдіретін сезінуге мүмкіндік берді деп сенеміз. Сол құдіретті кеудемізге құйған Мұқағалидай қара өлеңнің мұзбалағының рухы өлең сүйген әр жүректе асқақтай берсін.
Нұрлан ОЛЖАБАЙҰЛЫ,
Көкшетау қалалық электронды кітапханасының меңгерушісі.