Жүректі алмастырғанда қолданылатын қондырғы

Отандық ғылым

Қазақстандық дәрігерлер адам өмірін жүрексіз уақытша сақтап тұру құрылғысын Жапонияда өтіп жатқан дүниежүзілік Expo-2025 көрмесінде таныстырып жатыр. «ALEM» атты бірегей жүйеге қазақстандық әйгілі хирург дәрігер Юрий Пя жетекшілік етеді.  

UMC Жүрек орталығының дәрігер-зерттеушілер тобы 13 сәуір мен 13 қазан аралығында Жапонияның Осака қаласында өтетін дүниежүзілік көрмеге қатысуда. Олардың жапон жеріне алып барған донорлық жүректі сақтау және тасымалдауға арналған құрылғысын жасап шығаруға «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры қолдау көрсетіпті. ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) деп аталатын құрылғының ерекшелігі сол – донорлық органдардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт бойы сақтауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан сияқты аумағы үлкен елдер үшін аса маңызды дүние. Себебі, трансплантология саласындағы басты мәселелердің бірі  ағзаларды дер кезінде жеткізу екендігі белгілі. Дәстүрлі әдіспен орган небәрі 4-6 сағат сақталса, ал, ALEM технологиясы ағзадағы жағдайға барынша тиімді орта жасап, қажетті температураны сақтап, қанды оттегімен қанықтырып, өмірлік маңызды көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

– Біз ауа райының қолайсыздығына байланысты донорлық жүректі уақытында ала алмай, күрделі жағдайға тап болдық. Сол кезде Қазақстан үшін қолжетімді әрі тиімді болатын өз жүйемізді жасау идеясы туындады, – дейді жоба жетекшісі әрі UMC Басқарма төрағасы Юрий Пя.

Бұл тың идея құрылғыға айналып, содан соң оның тиімділігі мен қауіпсіздігі жануарларға жасалған клиникаға дейінгі зерттеулер барысында дәлелденіпті. Танымал кардиохирургтің айтуынша, аталған құрылғыда донорлық ағзаны тек сақтап қана қоймай, қажет болған жағдайда емдеу мүмкіндігі бар. Бұл трансплантация нәтижесін жақсартып, көмекке мұқтаж адамдарға үміт сыйлары сөзсіз.

– Хирург ретінде айтарым, бір адам ештеңе тындыра алмайды. Мықты нәтиже командалық жұмысқа тікелей байланысты. Біздің ауқымды жобамыз үшін білікті мамандар физикалық, интеллектуалдық тұрғыда тынбай тер төкті. Осы ретте, «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры материалдық қолдау білдірмегенде, бұл жоба әсте жүзеге аспайтын еді, – деп ағынан жарылады Юрий Пя.

Медициналық жүйені әзірлеуге инженерлермен қатар, кардиохирургтер, перфузиологтар, анестезиолог-реаниматологтар, морфологтар, мейіргер ісі мамандары, зертханашылар және UMC Жүрек орталығының өзге де қызметкерлері атсалысты. Идеядан бастап құрылғыны құруға дейінгі жол бірнеше жылға созылды. Енді алда ALEM жүйесіне клиникалық зерттеулер жүргізу кезеңі тұр.

Мыңдаған адамның өмірін құтқаруға жол ашатын құрылғы дүниежүзілік Expo-2025 көрмесінде халықаралық қауымдастыққа кеңінен таныстырылуда. Айта кетейік, биылғы көрменің басты тақырыбы – «Designing Future Society for Our Lives» яғни, «Өміріміз үшін болашақ қоғамды қалыптастыру» деп аталады.  «QazExpoCongress» ұлттық компаниясымен безендірілген ALEM жобасы Қазақстан павильонындағы «Өмірлерді біріктіру» аймағында ұсынылды. ALEM-нің 2025 жылғы Expo көрмесіне қатысуы серіктестердің қолдауының арқасында мүмкін болды.

– Бұл өнім нағыз серпіліс әкелді. Технология бұрыннан белгілі болғандықтан, оны жаңашылдық деп қабылдай алмайсың. Десе де, іс жүзінде клиникаға дейінгі бастапқы сынақ деңгейінде болса да оны жүзеге асырып, бір тәулікке дейін қолдану медицина үшін үлкен жетістік дер едім. ALEM жүйесі органды тек сақтамай, оны емдеу үшін де қолданылатындығы маңызды, – дейді жоба авторларының бірі, UMC Жүрек орталығының клиникалық академиялық кардиохирургия департаментінің директоры Тимур Лесбеков.

Expo-2025 көрмесіне қатысу трансплантологияны дамытудың маңыздылығын жеткізу, кәсіби қауымдастықты ортақ мақсат жолында біріктіру, сондай-ақ, Қазақстанның ғылыми және технологиялық әлеуетін көрсету мүмкіндігі. Мұндай пікірді «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыров та алға тартады. Қор кардиология, кардиохирургия және трансплантология салаларында озық технологияларды, білім беру бастамаларын және ағартушылық жобаларды қолдау арқылы инновацияларды дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді.

– Бұл Қазақстан үшін тарихи сәт. Біз халықаралық деңгейдегі көрмеде алғаш рет осындай ауқымды медициналық жобаны  – ALEM құрылғысын көпшілік назарына ұсындық. Дүниежүзілік көрмеге қатысу әлем бойынша трансплантология мүмкіндіктерін кеңейтіп, инновациялардың маңыздылығына назар аудартып, дәрігерлерді, ғалымдарды және инженерлерді біріктіріп, адам өмірін сақтап қалу жолында жаңа шешімдерді бірлесе іздеуге мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз құрылғыны жұртшылыққа жай ғана көрсету емес, жаһандық технологиялық және медициналық прогрестің бір бөлігіне айналу болып табылады, – деп толықтырды өз сөзін Мұрат Зауыров.

Жоба авторларының айтуынша, ALEM тәрізді технологиялар дәстүрлі клиникалық шешімдердің шекарасынан шығып, медициналық ғылымның көкжиегін кеңейтеді және озық технологияларды соларға мұқтаж адамдар үшін қолжетімді етеді.

Орысшадан  аударғансМайра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар