Өндіріс ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде білім беру саласының өзекті мәселелері талқыланған ауқымды шара өтті. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы: жаңартылған мазмұн және оны ұйымдастырудың ерекшеліктер» атты семинар-практикум аймақ педагогтерінің кәсіби біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасуға арналды.
Шараның мақсаты – педагогтерді «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаңартылған мазмұнымен жан-жақты таныстыру, оны іске асыруда қолдануға болатын тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісу. Бұл бағдарлама оқушылардың тұлғалық қалыптасуына, рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуға және әлеуметтік бейімделуіне бағытталған.
Семинар-практикумның онлайн форматы қатысушыларға білім беру саласындағы озық тәжірибелермен танысуға мүмкіндік берді. Ақмола облысы білім басқармасының әдістемелік орталығының тәрбие бөлімі басшысының міндетін атқарушы Салтанат Темиргалиева және «Өркен» балалар әл-ауқатын арттыру ұлттық-ғылыми-практикалық институтының тренері Әсем Абдраимова өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісіп, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының тиімді әдістерін нақты мысалдармен көрсетті. Олардың баяндамалары мен шеберлік сағаттары бағдарламаның теориялық негіздерін терең түсінуге және практикалық дағдыларды қалыптастыруға көмектесті.
Астрахан ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Полина Барахоева «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарларды айқындады. Ол бағдарламаның маңыздылығын атап өтіп, оқушылардың тұлғалық дамуына және патриоттық сезімдерін қалыптастыруға бағытталған шаралардың тиімділігін арттыру қажеттігін жеткізді.
Семинар аясында ұйымдастырылған педагогтер мен оқушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі қатысушылардың қызығушылығын арттырды. Көрмеде ұсынылған жұмыстар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруда қолданылатын әртүрлі тәсілдер мен әдістерді көрсетті.
Шараның соңында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, олардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Семинар-практикум бағдарламаны іске асыруда педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және білім беру үрдісіне жаңашылдық енгізуге ықпал ететіні сөзсіз. Бұл шара аудан педагогтеріне жаңа идеялармен шабыттануға, тәжірибе алмасуға және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын тиімді іске асыру үшін күш біріктіруге мүмкіндік берді.
Холганат Данекер,
Астрахан ауданы «Өндіріс ауылының ЖОББМ» КММ
директордың тәрбие жөніндегі орынбасары
![]()

