Ел жағдайы
Бұл ауылдық округ құрамына Бейіс хазірет, Адыр және бір кезде аудан орталығы болған Мариновка кіреді. Орталықта 2150, Адырда 330, Бейіс хазіретте 210 адам тұрады. Осыншама халықты медициналық көмекпен жергілікті дәрігерлік амбулатория қамтамасыз етуде.
Жуырда осы емдеу мекемесінің меңгерушісі Шерхан Артықбаймен сұхбаттасуға мүмкіндік туып, дәрігерге бірер сұрақтарға жауап беруін өтіндік. Ол оңтүстік өңірдің тумасы. Бәйдібек ауданы Шаян елді мекенінде дүниеге келген. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясын жалпы тәжірибе дәрігері мамандығы бойынша тәмамдап, осы жаққа жұмысқа келген.
–Шерхан Темірханұлы, ауылдың емдеу мекемесінің бүгінгі жағдайын айтып берсеңіз, нендей емдеу құрылғылары бар, қандай кабинеттер жұмыс істейді?
–Бұл сұраққа жауап берсек, сөзді мынадан бастайық. Емдеу амбулаториясында күндізгі стационар бар, науқастарды қабылдап, емдейміз. Мұнда ЭКГ-диагностика кабинеті, зертхана жұмыс істейді. Қандағы холестерин, қант құрамын анықтаймыз. Сонымен бірге, екпе кабинеті жұмыс істейді. Онда жоспарлы екпелер жүргізіледі. Санитарлық көлігіміз бар. Мұнда «Жень Шень» дәріханасы бар, бірақ, ол таяу арада өзінің жұмысың тоқтатады. Сондықтан, оның орнын алмастырушыны іздестірудеміз. Күнделікті жұмыстар жоспарлы жүргізілуде, келген науқастарды қабылдап, қажетті ем-дом жасаудамыз.
–Осы орайда, өзіңізбен бірге қызмет ететін мамандар жайлы айта кетсеңіз. Біріншіден, олар уақытпен санаспай халыққа қызмет көрсетіп жүр ғой.
–Расын айтасыз, барлық істі атқаратын ұжым, осы мамандар екені сөзсіз. Олардың біліктілігі, шеберлігі, жұмысқа деген ынта-жігері көп жағдайда шешуші рөл атқарады. Бізде тағы бір дәрігер бар. Ол Аружан Мұқтарқызы Ережеп. Бұл кісі де оңтүстіктікі, Ордабасы ауданы Шұбар ауылынан, ол да 2024 жылғы Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының түлегі. Жалпы тәжірибе дәрігері. Аружан менің зайыбым. Осында қызмет еткенімізге бір жыл болып қалды. Жалпы айтқанда, ұжымның мүшелері өздерінің ісін жақсы білетін мамандар, бір-біріне қашанда қолқабыс жасай біледі.
Бас медбике Жадыра Дулатқызы Құрманғожина, учаскелік медбикелер Екатерина Ивановна Кравец, Әсел Қапшайытқызы Өмірзақова, Оксана Александровна Андреева, Татьяна Григорьевна Лебедева, күндізгі стационар медбикесі Ольга Михайловна Кравец, акушер Светлана Ивановна Глеба, әлеуметтік қызметкер Сәуле Тілегенқызы Бұрымбаевалар қашанда міндеттерін адал атқарып, көптің алғысына ие болуда. Емдеу орнындағы тазалықты қамтамасыз ететін Зәуре Таңатқанқызы Бектауова мен Лариса Викторовна Шендрик, көлік жүргізушісі Евгений Александрович Гринюков қашанда жұмыс барысында шаршауды білмейді.
Емдеу жұмыстары, аурудың алдың алу шаралары әрқашан бұлжытпай орындалуда. Сонымен қатар, скринингтік тексеріс, халықты медициналық тексерістен өткізу, үйде көмек көрсету және басқа да жұмыстар жоспарлы жүргізілуде. Осылай бізге келген адам қажетті медициналық көмек алуда.
–Әңгімеңізге рахмет, істеріңіз қашанда оңға бассын.
Сұхбатты жүргізген Өмірсерік ШАЙХИН.
Атбасар ауданы.
![]()

