Жан серігі қазақтың домбырасы

Сен де сүйсін

Кейіпкеріміз Александр Шорбан қос ішекті домбырамен сырласқанды ұнатады. Бүгін де жан серігін қолына алған. Көңілі теңіздің ақбас толқындары тәрізді аласапыран. Сағыныш күйі. Кір жуып, кіндік кескен топырағына деген перзенттік пейіл. Александр Жарқайың ауданының тумасы.

Осындағы орта мектепті бітірген. Домбыраға неліктен үйір болғандығын қазір өзі де тап басып айта алмайды. Балалар музыка мектебіне әлдебір құдірет жетектеп әкелген. Бірден бауыр басып кетті. Шешен домбыра күмбірлеп сөйлеген сайын көкірегіндегі әдемі сезімдермен астасып жатқандай көрінетін. Күй тарихы туралы әліппе іспетті ажарлы әңгімені осы мектепте естіп-білген. Мың сан ән-әуен, қос ішектен төгілетін құдіретті саздың астарында көне тарихтың көмбесі бұғып жатыр екен-ау. Александрға сайын дала төсінде сары сағыммен жарысып құлдилай жүйткитін тұлпарлардың дүбірі, айдын көл үстіндегі аққу қаздың сұңқылдаған үні керемет әсер беретін. Жанынан домбырасын тастамайтын болды. Ақселеулі далада дархан даланың сарыны естілсе, домбыраға көшіріп алғысы келіп тұратын. Жалаулы жасыл дүние күй болып тұрғандай болып сезілетін.

Тағдыр жолы сан қилы Александр қазір Ресейдің Краснодар қаласында тұрады. Осы қаладағы мемлекеттік мәдениет институтын бітірген. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде өзге де аспаптарды біртіндеп меңгеріп ойнап көрді. Бәрібір домбыраның үні бебеулеп тұрады екен. Өзге аспап қанша шешен болса да, қос ішектің құдіретіне сынық сүйем жетпей тұратындай.

Домбыраның үнінде адам жанын баурайтын, тілмен жеткізе алмайтындай алапат күш бар, – дейді Александр, – менің жанымды тебірентетін де сол ғой. Алтайдан Атырауға дейінгі шексіз қазақ даласын, оның ішінде сағыныш оты маздап тұратын Жарқайыңның жалпақ жонын сағынғанда қолыма домбыра алып күй тартамын. Кәдімгідей уатады. Сарытап сағыныш тұнған әуен ішінде тебіреніп, тербеліп жүрген кезімде Жарқайыңның ғажап суреті көз алдыма келеді. Жүректің басындағы кілкіген мұңды самал желдің лебіндей ыдыратып тарқатып жібереді. Көңіл көктемдей құлпырады. Өзім жете алмасам да ақша бұлттармен астасып домбырамның үні жете ме деп ойлаймын.

Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, күй толқыны мен әкесінің қарашаңырағы, балалық шағы өткен таныс көшелері, тай құлындай тебісіп өскен құрбылары көңіл төрінен шықпайды екен. Тағы бір айтқаны, мәнді мәдениет пен шынайы өнер ел ішіндегі ырысты ынтымақтың тінін бекітетін ұлы күш. Сол күшті адамдардың көкірегіне дарытып, қуат беріп тұрған мәңгілік мұра деп есептейді.

Қазақ даласында Домбыра күні аталып өтетіндігін естіген. Ел тарихы, өткені мен бастан кешкен небір ұлы оқиғалар күй тіліне көшіп, кейінгі ұрпақтың сүйегіне сіңіп жатыр. Естіген сәтте ақ түйенің қарны жарылғандай қуанған. Домбыраның құдіретін алты Алаштың баласы түгілі, өзі де мойындап, шетте де жан серігіне айналдырып келеді емес пе.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар